«AMANAT» партиясының Қызылорда қалалық филиалында қалалық мәслихаттың VIII шақырылымдағы депутаттық фракцияның мүшесі Айгүл Мұсабаева баспасөз мәслихатын берді. Онда өзіне бекітілген жұмыстардың есебімен алдағы жоспарын айтты.
Партияның 2023-2024 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының «Жол картасындағы» индикатор көрсеткішінің орындалуы бойынша, партиялық бақылау жасалған. Оның ішінде қаладағы инфрақұрылым, құрылыс нысандары мен жол және әлеуметтік сала бағыттары бойынша партиялық бақылау комиссиясының мүшелерімен бірлесіп көшпелі отырыс өтіп, көптеген мәселе талқыланған. Соның бірі – Қорқыт ата ескерткіші жанындағы анфитеатрды жастар орталығына беру еді. Бүгін де оны жастар ресурс орталығына беру жөнінде шешімі қабылданды.
Сондай-ақ кітапханалар жүйесінің материалдық, техникалық базасын жарықтандыру мен жабдықтау және цифрлы ресурстармен қамтамасыз ету мәселесі де қолға алынды.
Фракция мүшесі Айгүл Мұсабаеваға бекітілген Шұғыла шағын мөлтек ауданындағы мәселелер оң шешімін тапқан. Оның айтуынша, тұрғындар сайлауға дейінгі кездесуде балалар ойын алаңы мен спорт алаңын салып беруді сұраған. «AMANAT» партиясының жол картасы аясында бір жылда 10 ойын алаңы салынуы керек. Алайда қаржыға байланысты бюджеттен бір ғана ойын алаңы салынған. Оның құны 17 млн 500 мың теңгені құрайды. Мұнан бөлек аймақ басшысының қолдауымен демеушілер есебінен қалада 80 ойын алаңы салынды. Сонымен қатар оқушылардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қатар тұрған №7 мен №235 мектептің бойына түнгі жарық орнатылып, жаяу жүргіншілер жолының жөндеу жұмыстары жүргізіліп, №235 мектептің ауласына қиыршық тас төселген.
Тұрғындардың сұрауы бойынша Яссауи көшесі бойындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге аспалы көпір салынуда. Қазір бұл жұмыстың 90 пайызы аяқталды.
Шағын аудандағы №22 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына «қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі балалардың ойын алаңын абаттандыру жұмысын қолға алды.
Депутат Айгүл Мұсабаева алдағы уақытта уәкілетті органдармен бірлесіп атқаратын жұмыстарын да айтып берді.
– Өз тарапымнан балалардың қауіпсіздігі мен жайлы орта қалыптастыру бағытында облыс бюджетінен қаржы бөлуге ықпал етіп, бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысына қатысып, бірнеше мәселеге қатысты ұсыныс бердім. Оның бірі – 1979 жылы пайдалануға берілгеннен бері жөндеу көрмеген №7 мектеп лицейі. Осыған орай жөндеу жұмыстарына құны 6,7 млн теңге ЖСҚ әзірленіп, 2021 жылы мемсараптамадан оң қорытындысы алынған еді.
Мұнан бөлек, Шұғыла шағын ауданындағы № 21, 24А үйлер күрделі жөндеуді қажет етеді. Тіпті қайта жаңғыртудан өткен № 39, 7 үйлерін тексеру барысында олардың сапасыздығы анықталды. Қазір осы үйлер қайта жөндеуден өтуге тиіс.
Сондай-ақ шағын аудандағы №10, 11, 13 үй орналасқан көшеге түнгі жарық, жаяу жүргіншілер жолы қажет. Ол да депутат назарындағы мәселе
Депутат мұнан бөлек мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасау, оңалту орталығын ашу, қала көшелерінде қаңғыбас ит көбеюіне байланысты шешу жолдарын табуға тиісті орындарға ұсыныс бергенінде айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!