Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту» және «Көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары туралы» мәселелер қаралды. Жиында көтерілген тақырыптар бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов алдағы міндеттерді пысықтады.

Көлеңкелі экономиканы төмендету – қаланың салықтық түсімдерін ұлғайту мен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты. Шаһарда көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында кәсіпкерлерді салықтан жалтаруға қарсы және заңсыз бизнестен қорғау шаралары жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 210 салық төлеушіден 2 125 жасырылған жұмысшы анықталып, бюджетке 511 млн. теңге қосымша түсім түскен. Сонымен қатар, мақсатына сай пайдаланылмаған 25 жер пайдаланушыға салық мөлшерлемесі 20 есеге арттырылып, 22,3 млн. теңге бюджетке өндірілген.
«Біз кәсіпкерлік және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарына қайта бағалау жүргізуді жалғастыруымыз керек. Сондықтан жұмыстарды шұғыл үйлестіріп, нысандарды толық түгендеп, қайта бағалау нәтижелерін салық базасына енгізуді қамтамасыз ету қажет», – деді Нұржан Сәбитұлы.
Қызылорда қаласы бойынша «Д» санатында МӘМС-ті төлемеген адам саны жыл басынан 13 997-ден 16 199 ға өскен. Ал, «Е» санаты бойынша 6 426 дан 6 680-ге артқан. Бұл бағытта тиісті бөлімдер және кент, ауылдық округ әкімдіктері бірлесіп, жыл соңына дейін «Д», «Е» санатындағы азаматтардың санын азайту бойынша жұмыстарды жүргізетін болады.
Жиында күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек, жылу беру жайы мен «Қала күнін» мерекелеудің жоспары талқыланып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!