Соңғы онжылдықта жасөспірімдер арасында субмәдениет едәуір өзгеріске ұшырады. Өскелең ұрпақтың қатарында батысқа еліктейтіндер артты. Олар өзара эмо, рэп, хиппи, рокер мен аниме фанаттары секілді топтарға бөлінеді. Соңғы уақытта К-РОР фанаттары көбейді. Олардың қатарында тіпті 10-12 жасар жасөспірімдер де бар. Міне, осы субмәдениет біздің «қазақы» қоғамға қаншалықты сай?
К-РОР ҚАЙДАН КЕЛДІ?
К-РОР – 1990 жылдары Оңтүстік Кореяда кеңінен таралған музыка жанры. Мұндай әндер түрлі поп, хип-хоп, рок, джаз және R&B секілді жанрлардың қосындысынан тұрады. Міне, осындай ән орындаушылар қазіргі кезде өздерін «К-РОР Idol» деп атап жүр. Кореяның ғана емес әлемдік шоубизнесте ойып тұрып орын алған бұл қозғалысты қолдаушылар қатары көп. Қазақстанда да аз емес.
Кореялық әншілерге еліктейтіндер қатарында жасөспірім қыз-жігіттер көп. Олар әншілердің карьерасын бақылап, өздері де киімін, жүріс-тұрысын соларға ұқсатады. Тіпті фанаттардың қатарында өзінің сүйікті әншісін бақылап, артынан із кесетіндер де болады екен. Кейбірі топтағы бір әншіге ғашық болып, ойдан құрастырылған махаббат оқиғасын, яғни «фанфик» жазады.
Мұндай қозғалыс Қазақстанда 2015 жылы басталып, ол Qazaq-POP, яғни Q-POP деген атау алды. Бұл музыкалық субмәдениет батыстық электропоп, хип-хоп, би, заманауи ырғақ пен блюз элементтерін біріктірді. Бұл қозғалыс та алғашқы кезеңде қоғамның қарсылығына тап болған еді.
Қоғам олардың әншілік өнеріне емес, сыртқы келбетіне қарсылық білдірді. Себебі бұл субмәдениетті ұстанушылардың имиджінде қазақ қоғамына қайшы келетін тұстары бар. Ерлер шаш бояп, сырға тақса, киімдері «қыздардыкіне» ұқсайды.
ОЙЫННАН ДА ОТ ШЫҒАДЫ
Жаһанда ІТ технология дамыған тұста «киберәлем» де алға ілгеріледі. Бүгінде еңбектеген баланың өзі телефонның тілін түсініп, өзіне қажеттіні таба алатын күнге жетті. Түнгі уақытта ойын орталықтарында уақыт өткізетін жастар да аз емес. Бұл да кейде кері әсерін тигізіп жатады.
Расымен, қоғамда соңғы кезде жауыздық көбейді. Адам өмірі құнын жоғалтып алғандай. Атыс пен шабыс туралы ақпаратқа қоғам елең етпейтін күнге жеттік. Бұған компьютерлік ойындардың әсері барын жоққа шығара алмаймыз. Себебі қазіргі ойындардың көбі атыс, өлімнен тұрады. Бүгінгі қоғамның балалары ойнайтын ойындардың ішінде шутер жанрындағылары көп. Міне, осы бір қару асынып атысатын ойын бала психологиясына әсер етпей қоймайды.
Сол себептен де соңғы уақытта оқушының мектепке қарумен келуі, өз құрдастарына оқ ату сынды оқиғалар болды. Тіпті қазіргі жасөспірімдердің арасында «жауыздық» белең алды. Бұған ойынды тікелей кінәлай алмағанымызбен, әсері барын жоққа шығара алмаймыз. Өмірінде қарудың дауысын естімеген бала оқ атуды «көк жәшіктен» көргені анық. Ойында ойсыз өлтіре бергенді өмірде де оңай деп қабылдауы да содан.
Бұл ойындардың да батыстан бастау алғаны да рас. Құрлықтың ар жағында ойлап табылған бұл дүниелердің берер жақсылығы аз. Ал қатердің қатары сейілмей тұр. Демек мұның да қоғамға тигізер залалы бар.
СТАТИСТИКА СӨЙЛЕСЕ…
2019 жылы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары Қазақстандағы эмо, футбол фанаттары, рокер мен косплеер секілді субмәдениет өкілдерінің санын анықтаған. Зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 80 проценті өздерін еш субмәдениет өкілі санамайтынын айтқан.
Ал ең көбі футбол фанаттары екен. 14-18 жас аралығындағы балалардың 6,8 проценті ала доптың жанкүйері. Одан кейін геймерлер, яғни компьютерлік ойын фанаттары. Жасөспірімдердің 3,1 проценті ойын ойнағанды жақсы көретінін айтқан. Содан кейінгі тізімде 1,9 процентпен хип-хоп мәдениетін таңдаушылар мен 1,4 процентті құраған аниме фанаттары.
3 жыл бұрынғы сан бойынша рэпті тыңдаушылар ең көп аймақ Нұр-Сұлтан қаласы болса, футбол жанкүйерлері Қызылорда, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында көп екен. Ал киберспортты жаны сүйетін жандар көбіне Атырау мен Солтүстік Қазақстан аймақтарында кездеседі.
Сонымен қатар жастардан олардың субмәдениетке қатысу себебі де сұралған. Респонденттердің 57,7 проценті хобби, көңіл көтеру тәсілі деп жауап берген. Ал 14,2 процент субмәдениет өкілдері мұны «өмірдің мәні» деп қабылдайды-мыс. Қалған 11 проценті осылай уақыт өткіземіз десе, 10,8 проценті «сән үшін» деп жауап қайырған.
P.S. Өзгеге еліктеу бүгінде бәсеңдемей тұр. Күн санап түрлі субмәдениет өкілдерінің қатары артып келеді. Оның ішінде қаракөз қазақ балалары да бар. Ұлының құлағына сырға тағып, ер атына кір келтіргенін, қызының «қайдағы біреуге» еліктегенін кім қаласын? Бабаның салтын сақтамай, ар-ожданнан аттағаны кімге болса да пайда әкелмесі анық. Баланы бақылауда ұстау маңыздырақ. Үзілді-кесілді қарсы бола алмасақ та, шектен шықпауына жағдай жасап, оң мен солды айыра алатындай тәрбие беру маңызды. Фанатқа қанат бітіп, еліктеуге елітіп әкетпеуін қадағалау керек.
А.НҰР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!