Бейсенбі, 23 қазан, 18:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80, 2192
21.10.2025
PDF мұрағаты

Онлайн-сауда мен коммуналдық салада бақылау күшейеді

23.10.2025

54 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

Сенаттың кеңейтілген отырысында депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашевтің жетекшілігімен өткен отырыста комитет заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.

Құжаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа түрлерін енгізу. Атап айтқанда, сауда саласындағы, соның ішінде онлайн-саудадағы заң бұзушылықтар нақтылай түседі. Энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленіп, бұл талаптар бейкоммерциялық ұйымдарға да қолданылады.

Заң жобасында цифрлық процестердің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа нормалар енгізілген. Мәселен, бақылау-касса машиналарын пайдаланған кезде белгіленген тауарлардың сәйкестендіру кодтарын чекке енгізу талабы қойылады. Бұдан бөлек, жасанды интеллект саласындағы заңнаманы бұзу үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Түзетулердің басты мақсаты – сауда мен құрылыс саласынан бастап, цифрлық технологиялар мен тұрғын үй шаруашылығына дейінгі негізгі бағыттарда ашықтық пен тәртіпті арттыру, – деді комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына да ерекше назар аударылған. Енді үлестік құрылыс кезінде азаматтардың қаражатын заңсыз тартқаны немесе рұқсатсыз нысандарды жарнамалағаны үшін әкімшілік жаза қолданылады. Сондай-ақ инженерлік желілер мен жабдықтарды жылыту маусымына дайындамау да жауапкершілікке әкеледі.

Бұдан басқа, статистика органдары респонденттермен өзара іс-қимылды жеделдету мақсатында электронды форматта хабарламалар жолдау мүмкіндігіне ие болады.

Комитет заң жобасының тұжырымдамасын бірінші оқылымда қабылдауды ұсынды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: