Маңғыстау облысындағы ауылдардың бірінде екі оқушыға жабайы түлкі шабуыл жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бейнеудегі көпсалалы аудандық ауруханасына 2025 жылғы 21 қарашада жабайы аңға таланып, екі оқушы ата-анасымен келіп түскен. Медициналық картада «балаларға қарсақ (түлкінің бір түрі) шабуылдады» деп көрсетілген. Бұл туралы Lada басылымы облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Травматолог қарау кезінде 2011 жылғы баланың оң аяғынан, ал 2018 жылғы баланың сол аяғынан сырылу іздерін анықтады. Екі баланың да жаралары хирургиялық өңдеуден өткізіліп, тиісті екпелер салынды. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық, олар амбулаториялық деңгейде бақылауға алынды», делінген мәтінде.
Жергілікті эколог Әділбек Қозыбақов суреттегі қарсақ емес, қарапайым түлкі екенін айтады.
«Жануарлар құтыруға шалдыққан болуы мүмкін, сондықтан оларға жақындау қауіпті. Жабайы жануарлармен байланыста болған кезде дереу тиісті қызметтерге хабарлау керек, ал тістеп, қауып алса, мектеп оқушыларының ата-аналары сияқты дереу медициналық көмекке жүгінген дұрыс», – дейді ол.
Қараша айының басында Қостанай облысында жабайы түлкі аймақ тұрғынын қауып, осыдан кейін өңірде жұмысшы топ құрылған болатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
