Әлеуметтік желіде Қарағанды облысында өгей әкесі жасөспірімді 38 жастағы ер адамға күштеп күйеуге бергені туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қыздың туысқан ағасы қоғам белсенділерінен көмек сұраған. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Ақпаратқа қатысты оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсініктеме берді.
Қазір тергеу жүріп жатыр, қылмыстық іс қозғалды, қажетті сараптамалар тағайындалды. Жасөспірім туған әкесінің қасында, оған барлық қажетті психологиялық көмек көрсетіліп, құқықтық қолдау көрсетіледі. Аймақтағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл әкесімен байланыста, өгей әкесі мен шешесін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы сұрады. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайды назарда ұстап, баланың құқығын қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдауда, – деп хабарлады ведомстводағылар.
Қарағанды облысының полиция департаментіндегілер 15 жастағы қызға қатысты қылмыс жасады деген күдікпен 38 жастағы ер адамның ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
Арыз полицияға 15 наурызда келіп түсті, содан кейін бірден қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде. Кәмелетке толмаған жәбірленушімен психологтар жұмыс істеп жатыр, – деді полициядағылар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!