Жұма, 22 қараша, 04:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Орамалдың қадірі кетті ме?

18.06.2022

2032 0

Соңғы кезде мектеп оқушыларының орамал тағу жайы көп қозғалып кетті. Бұрынғы Білім және ғылым, қазіргі оқу ағарту министрі көтерген бастаманы қолдаушылар да бар, қарсы шығушылар да аз емес. Түптеп келгенде, кез келген елдің өзіне сай тұрмыстық дүниетанымы, тарихы, киім үлгісі қалыптасады. Ол – тарихтан тін тарқатқан, бабалар дәстүріне негізделген үрдіс.

Әлқисса…

Арада қанша уақыт өтсе де дәуір діңгегінен ажырамай әдепкі әдісімен көне дүние күмбірін жар­қын болашаққа жалғаған жас­тар көші жетіліп келеді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген даналық сөз тегін айтылмаса керек-ті. Әке айбарымен ұл тәрбиеленсе, ана мейіріміне бөленіп қыз жетілсе ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапқаны. Келешек көкжиегіне қол созған жеткіншектер жайлы пікір айтылуы заңдылық. Олардың сөй­леу мәдениеті мен киім киюі, көшеде жүріп-тұруы туралы сан салалы ойлар айтылып та, жазылып та жүр. Соның бірі – соңғы кез­де қоғамда қызу талқыланып жат­қан мектеп жасындағы қыз бала­лардың орамал тағу мәселесі. 

Біреудің қаңсығын таңсық етіп, қолдан сән жасаудың қажеті жоқ

Тақырып төңірегінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбековке хабарласып, ойын білген едік.

– Қазақ халқының қалыптасу тарихы тым тереңде жатыр. Ендеше оның киім киюі де ерте замандардан жалғасып келеді. Біз ешкімге еліктеп киім кимегенбіз. Өз Отанымыздың ұлттық дәстүр-салтымызға сай киімдері бар. Оның әртүрлі атаулары да жеткілікті. Арнайы мезгілдерге бейімделіп тігілген бас киім үлгілері де көптеп саналады. Сондықтан біреудің қаңсығын таңсық етіп, қолдан сән жасаудың қажеті жоқ. Ұлттық киім үлгілеріміз ішкі, сыртқы сұлулыққа үйлесім­ді етіліп, салтанат-ғұрыпқа негіз­делген. Ол қымбат маталар­дан тігіледі. Бұрынғы замандарда ата-бабаларымыз киімді жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігетін болған. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, сусардың теріле­рінен тігілген киімдерді қымбат бағалаған.

Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, камзол, көкірек­шеден тұрады. Әшекей­леніп ажарланған әйел киімдері төрт топқа бөлінеді. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелер киімдері. Ал қыз киімдері кестелі, кең етекті, мол қаусырмалы болып келеді. Мұхтар Әуезовтің айтуынша, киімдер аймақ ерекшеліктеріне қарай да бөлінеді. Қыздардың бөріктеріне үкінің, көк құтанның немесе тотының қауырсыны тағылған. Құндыз терісімен жиектелген бас киімдер «кәмшат бөрік», алтынмен кестеленгені «алтын бөрік», маржандармен әшекейленгенін «қалмаржан бө­рік» дейді. Барқыттан немесе қамқадан тігілген жаздық жеңіл бас киім тақия деп аталады. Қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі – сәукеле. Ол алтын және күміс тиындармен, інжу-маржандармен безендіріледі. Ал­ғашқы нәрестесі дүниеге келісімен жас әйел ақ матадан тігілетін – кимешек киген. Әйелдер бас киімі сәукеле, бөкебай, кимешек, күндік, желек, шәлі, тақия, жаулық деп бөлінеді. Бас киімдердің барлығы қымбат, қалың матамен тысталады. Қазақ қызды еркін өсірген.  Киімнің барынша сымбаты мен ою-өрнегіне мән беріп, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихы көрініс тапқан. Ол – біздің ұлттық мәдениетіміз, салт санамыз. Сондықтан одан асып кетпеуіміз керек. Дәстүріміз дәріптеліп, салтымыз сақталу қажет,  – дейді ғалым Мырзатай Жолдасбеков.

Хиджаб сөзінің мағынасы қандай?

Қазақ қай замандарда да қазақ болып қалуы керек. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты. Сондықтан жас жеткіншектердің ұлттық салт санасын жаңғыртып, тарихын тани түсуге үндеу керек. Жоғарыда ғалымның айтқан дәйекті дерек­намалары осыны меңзейді. Ал қасиетті Құран кәрімде бұл жайлы не айтылған? Асыл дініміз не дейді? Осыған байланысты дін өкілдерінен сұрап білдік.                     

– Бұл күні елдің аузында жүр­ген хиджаб деген не? Ең алдымен соның мағынасын біліп алсақ. Хиджаб  негізінде  Құран сөзі. Яғни қасиетті сөз. Олай болса өзін мұсылман санайтын адамның хиджаб сөзін аузына алудан сақтанудың да, оған үрке қараудың да еш жөні жоқ. Ал оның  нақты мағынасына кел­сек, қазақша атауы ақжаулық деп аталады. Құран кәрімнің «Ағраф» сүресінде жұмақтықтар, тозақтықтар және екеуінің орта­сында қайда барары белгісіз ортада қалған топтар туралы  сөз болады.  Олар  алыстан  тілдессе де бірін-бірі көре алмайды. Себебі екі жақтың ортасында қазақша айтсақ ақжаулық барлығы айты­лады. Мұнда ақжаулық пер­де, шымылдық  мағынасында қолда­нылған. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) «Әйелдеріне бір нәрсе сұрайтындар хумур артында тұрып сұраңдар»,– делінген. «Сад» сүресінде Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарға әкелген сәйгүлік аттардың шауып көзден ғайып болғанға дейінгі жүйріктігін та­ма­шалап қарап тұрғанын, олар­дың лезде көзден ғайып болғанын баяндағанда, көзге көрінбей кетуді осы хумур сөзімен сурет­теген. Олай болса, мұнда «көрінбеу», «көзге шалынбау», «көзге түс­пеу» мағыналары білдірілген. «Фуссилат» сүресінде Алла тағала­ның бұйрығына қарсы болғандар жайлы баяндалады. Қарсы бол­ғандар «Сенің айтқаныңа жүре­гіміз жабық, құлағымыз керең.  Себебі, біздің арамызға бір хумур түсірілген», – дейді. Бұған байланысты үзетін бөгет», «қалың перде» мағынасында келеді. «Шура» сүресінде: «Алла тағала қалаған адамына хуруб артынан тілдесіп, уаһи жібереді», делінген. Мұнда да тікелей көзге көрінбей, тілдесуді білдіреді. «Исра» сүре­сінде: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Құран оқыған кезде ақиретке сенбегендердің арасына хумур түсіріледі», – дейді. «Мәриям» сүресінде: «Тақуа Мәриямды бөг­де адамдардың көзіне түсірмеу үшін олардың арасына бір хумур түсірілді», – делінген. Бұл арада бөгде, жат көздерден қорғау үшін көрсетпейтін шымылдық, перде, қалқан мағынасында келеді.  Осы сүрелерден  хиджабтың яғни ақжаулықтың мағынасын айқын түсінуге болады. Бұл әйелдердің сырт көзге ибалы көрінуі әрі сырт көздерден қорғануы үшін киілетін киім. Қазақ – бүлдіршін  қыз  баладан  бастап ақжаулықты  әжеге дейінгі аралықтағы әйел адамның өзіне сай бас киім үлгісін жасаған дана халық.  Осылайша шариғат талабына сәйкес  әйел адамның бас киіміне қатысты теңдессіз киім үлгісін, мұсылманша киіну мәдениетін қалыптастырған. Мә­селен, бүлдіршін  қыздарға әртүрлі теңге, моншақпен әшекейлеген, үкі, үлпілдек қауырсын қадаған тақия, бөрік  кигізген. Жалаңбас жүргізбеген. Жалаңбас жүрудің мұсылман шариғатында мәкрүһ екендігін осылайша жас кезінен  үйретіп,  игі  әдетті бойына қа­лыптастырған. Бойжетіп, бали­ғатқа толған  бойжеткендер  әр түрлі зерлі  бас киімдер киген. Кейде моншақпен әшекейленген кестелі орамалды тағатын бол­ған.  Ал бойжеткен қызға құда түсіп, қалыңдық атанған сәттен бастап оның басына әсем сәукеле кигізілген.  Сәукеле  төбесі үшкір болып келетін түрлі меруерт, маржан, моншақтармен сәнделген бас киімнің ерекше түрі. Сәуке­ленің төбесінен төмен мол етіп түсірілген жаулық пердесі болған. Қалыңдық оны киген кезде басқа қыздан ерекшеленіп тұратын, әрі сәукеленің жаулық пердесі оның  шашын, құлақ, мойын секілді нәзік көрікті жерлерін бөтен көзден жасыратындай  етіп тігіледі. Бұл бөтен елге ұзатылатындығының белгісі саналған. Кимешек  әйел адамның көкіректұсын жасырып тұратындай етіп тігілген. Осы­лайша, жаулық кимешек қазақ әйелдерінің мұсылмандық әрі әйелге тән сәндік киімі болып қалыптасты. Міне, біз байыр­ғы замандарда қол­данылған мұсыл­­мандык әрі ұлт­тық құнды­лығымызды қайта жандандыруы­мыз қажет. Ол ұр­пағымыздың тәрбиелі иманды бо­лып жетілуіне септігін тигізеді, – дейді ҚМДБ Ғұламалар кеңе­сінің мүшесі, «Нұр Мүбәрак» университетінің ұстазы Мұхиддин Исаұлы.

Ұрпағының киіміне ұлты ұялмау керек

Дәстүрлі қазақ қоғамында ора­малдың ерекше бағаланғандығын халық арасындағы «Орамал тон болмайды, жол болады» деген мақалдан айқын аңғаруға болады. Орамал пайдалану мақсатына қарай жаулық орамал, қол орамал, бет, орамал, сулық орамал, май­лық орамал деп бірнешеге бөлі­неді. Сонымен қатар оның көлемі, түрі әр өңірлерде әрқалай болып ұлттық ерекшеліктермен безендіріледі. Оны адамдар өз­ара сыйластық пен ықыласты көрсету үшін бір-біріне сыйға берген. Отбасында орамал таққан анасын көріп өскен қыз бала ана бойындағы ізгілікке қарай бой түзейді. Ибалық, инабаттылық тағылымдарын бойына сіңіреді. Ал ол өз кезегінде ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесіне ерекше екпін бермек. Бұл жайында білім саласы ардагерінің ойын тыңдап көрдік.                 

– Хиджаб кию – Алла тағала­ның әйел баласына жүктелген парызы. Ол жөнінде Құран кәрім сүрелерінде толық айтылған. Хиджаб – араб тілінен аударғанда «орамал», «жамылғы», «бүркеніш» деген мағынаны білдіреді. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек, жеңді киім кию мұсылман әйелдерінің парызы саналады. Елімізде соңғы кезде қоғамдық пікір көрігін қыздырып тұрған «хиджаб» мәселесіне әр адам бей-жай қарамауы керек. Қазақ жалпы қашан да ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамаған ұлт. Әсіресе қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Мұсылман әйелдер өзге де ер адамдар назарын өзіне аудармауы қажет. Қазір үстерін тұмшалап, қара киініп, ел назарын өздеріне аударып жүргендер өзге елдің салт-дәстүріне еліктеп жүргендер. Қазақ әйелдері мұндай киімдерді ешқашан кимеген. Мәселен, бұ­рынғы киноларда қара ұзын көйлек киіп, бетін жауып жүрген бірде-бір көрініс жоқ қой. Үлкен әже-апаларымыз кимешек киіп, қыздар тақияларын киіп жүрген. Ұзын киме, бет-аузыңды бүркеп жүр деп те айта алмаймыз ол шариғатқа қарсы келгендік. Бірақ жарасымды әдемі жеңіл матадан өте ұзын етпей киюге болады деп ойлаймын. Сондықтан менің айтатыным, ұрпағының киіміне қарап ұлты ұялмау керек, – дейді білім саласының ардагері, «Алтын алқа» иегері Сәуле Саидова.

Жақсымызды жарастырып, үрдісімізді үйлестірейік

Бүгінгі заман жаңарған, жа­сар­ған, толысқан кезең. Жаңа тех­нологиялар ғасыры. Әлем ел­дері алдында айшықты орны­мызды қалыптастыру үшін ел болашағы саналатын жас жеткін­шектеріміздің бітім-болмысын осы бастан түзеуіміз керек. Өйт­кені олардың ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбеті тонның ішкі бауындай қабысып тұруы тиіс. Ал біз қозғап отырған орамал тағу мәселесі соның бір қыры ғана. Осы турасында ата-аналардың ойында сұрауды жөн көрдік.

– Біз дінін ұлықтаған, дәстүрін ұмытпаған елміз. Қастерлі құн­дылықтар қатарына бала тәр­биесін қосамыз. Ол – өзекті. Өйт­кені бала – көзіміздің нұры, көңіліміздің шуағы. Ата-ана мейі­ріміне шомылып, тәрбиесін темірқазықтай бағдар ете білген ұлтпыз. Сондықтан ата-ана жүрген ардақты жол балаға баспалдақ. Бұрынғы кезде аналарымыз басы­нан ақ жаулығын тастамаған. Соны­сымен қадірі артып, киесі сақталған.

Бүгінде қоғамдық орындарда, мектепте немесе көшеде шашын жайып жүрген қыздарды көптеп кездестіресің. Ол біздің таным-түсінігімізге жат ұғым. Қыз бала ешқашан шашын жайып жүр­меген. Ол жаман ырымға баланған. Жақыны қайтыс болған әйел шашын жайып, жоқтайтын болған. Демек шашты жаю – қаралы хабардың белгісі. Ал ел арасында айтылып жатқан орамал тағу мәселесі күн тәртібінде тұр. Оның негізі қыз баланың жалаңбас жүрмеуіне отбасы тәрбиесіне мең­зеліп отыр. Әрине, қасиетті Құран кәрімде балиғат жасына жеткен қыз баланың өзге жат көздерден қорғанып жүруі жайлы жазылған. Бірақ ол бүркеніп ал деген сөз емес. Бұл мәселені біржақты қараумен ештеңе ше­шілмейді. Хиджаб киюді мектеп жасындағы балиғатқа толған қыз балаларға міндеттелсе екі ұдай көзқарас пайда болады. Хиджаб киіп келген балаға өзгелері басқа сипатта қараса ол өзін жайсыз сезінуі мүмкін. Тіптен ортадан өзін аулақ ұстауды қалайтын жағдайға жетуі ықтимал. Сондықтан мұны әріден зерделеп, әлі де жан-жақты қарау керек. Өзім де отбасында үш қыз тәрбиелеп отырмын. Қай ата-ана болсын бала тәрбиесіне аса мән береді. Қазақ ұғымында қыз баласы нәзік жаратылған. Сондықтан оның тәрбиесі үлкен жауапкершілік. Ұлт келешегі, ұрпақ тәрбиесін жетілдіре түсу үшін байырғы қолданыстағы тақия немесе басқа да асыл бұйымдармен безендірілген бас киімдерді кигізуді қайта жаң­ғыртсақ. Ол үшін республика көлемінде біріңғай форма ен­гізу керек. Бұл бір жағынан дәстүрімізді жаңғыртса, екінші жағынан қыз бала тәрбиесіне үндеу болады, – дейді Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің төрағасы Марат Аралбаев.

Бір жақты қарауға болмайды

Қазақ әйелі болмысынан сән­ді, шариғатымызбен үйлесімді киімдер киген. Заман талабы мен ұлттық түсінігімізге орай киім үлгілерін киюді оң босағада отырған қыздарымызға дәріптеп баулысақ, ұлттық тәрбиенің та­мыры тереңдей түспек. Осы орайда саналы ғұмырын білім беру саласына арнап келе жатқан педагог, Қорқыт ата атындығы Қызылорда мемле­кет­­тік университеті тарих кафед­расының меңгерушісі, тарих ғы­лымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақовқа жолы­ғып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Сіз қаузап отырған тақы­рыпты біржақты қарауға бол­майды. Оның түпкі төркінін терең зерделеп, оң шешім шығарған абзал. Қыздарды құқығынан шек­теуге де заң аясында тыйым бар. Тұмшаланып киім кию Иран, Ислам республикаларында белең алған. Радикалды мемле­кеттердегі діни ұстанымдар біз­дің табиғатымызға жат. Ал қазақ танымында қыз бала атқа мініп, садақ атып еркін өскен. Қазақ салт-дәстүрінде қыз бала ешқашан бетін бүркемеген. Оны үлкендер жаман ырымға балаған. Сондықтан тарихи санамызды қайта сілкіндіріп, бабалар дәстүрін дәріпті жалғап, аналар жүрген жолға жастарымызды жұмылдыра білсек, біздің ұтқанымыз. Шари­ғатына шынайы болып, Құдайына ұдайы құлшылығын жасасын. Оған талас жоқ. Ал бірақ өзіміздің дара болмысымызбен қазақы қалпымызға сай киіну керек деп есептеймін, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақов.

Тілші түйіні

Әже көкейіндегі иба, ана жүрегіндегі имандылық ұрпақ санасына сәуле сеуіп тұруы керек. Қазақ қыздары ешқашан жүзін жаппаған. Қай қоғамда, қандай дәуірде болсын қазақы қасиеттеріміз исі Алаш баласының ұранындай ұлықтала бермек. Оның ұрпақ жадынан ұмыт қалмауына үн қосу әркімнің өз еншісінде.

                                                                                 Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: