Жұма, 22 қараша, 16:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Отанға оралу

21.08.2021

1668 0

Нәтижесінде Қазақстан бірнеше күннің ішінде С-295 әскери-көлік ұшағымен Ауғанстаннан 42 адамды эвакуациялаған. Ресми мәліметке сүйенсек, олардың 25-і ел азаматы екен. Оған қоса Қырғыз елінің өтінішімен 14 адамды әкелсе, ҚР Елшілігінен көмек сұраған 1 ресейлік, 1 литвалық азамат та ере келген.

«ЕЛГЕ ҚАЙТСАМ ДЕП ЕДІМ…»

Ендігі бағдар – Ауғанстандағы этникалық қазақтардың тарихи Отанға оралуына мүмкіндік беру. Бұл тұрғыда Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары тәжірибе жинап, шеттен келген қандастарға баспана беру, әлеуметтік көмек көрсету секілді жұмыстарды жүйелей алғанын білеміз. Германия, Израиль мемлекеттерінің қандастарды қайтару жобаларын жетілдіре түсу арқылы өзіндік көші-қон моделін қалыптастырды. Қазақпын деген қай жанға болсын қолдау білдіріп, атажұртқа қайтуына жағдай жасады. Елге келген қандастар да қайырымды еселеп қайтарып, түрлі саланың алға жылжуына, экономикалық-әлеуметтік әлеуеттің артуына үлес қоса білді. Сол үшін мұндай саяси шешім оң нәтиже бергеніне сеніммен қарауға тұрарлық.

Тәліптер билікті қолға алған сәтте көмек сұрап, үндеу жасаған ауған қазақтары да бұл көшке қосылуға ниетті. Тағдырдың айдауымен елден жырақтап, жат жерде өсіп-өнген олар Қазақстанға қайтуды арман етеді. Уақытында Ауғанстан мен Ираннан бір топ этникалық қазақ елге қайтқанда түрлі себептермен ілесе алмай қалған ат төбеліндей аз ғана адам енді ыңғайы келгенін айтуда.

Әлеуметтік желі мен ғаламторда тараған бейнедегі азық-түліксіз қалған этникалық қазақтардың жан айқайы Мемлекет басшысын да бей-жай қалдырмады. Қазақстан Президенті Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстандағы қазақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қажет болған жағдайда тарихи Отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мынадай мәлімдеме жасады:

– Ауғанстандағы этностық қазақтардың өтінішіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қажет болған жағдайда тарихи Отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды

Бізде бар мәліметтерге сәйкес, Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этностық қазақ отбасы тұрады – шамамен 200 адам. Ал кейбір қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары ауған жерінде бірнеше мың қазақтың тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият тексеріп отыруды және халықты дүрліктірмеуді сұраймыз, – деді А.Смадияров.

Демек, Ауғанстандағы қазақтардың елге қайтар шағы алыс емес деген сөз. Алайда мамандар бұл мәселедегі бір қиындық қазақ пен өзге ұлтты ажыратуда жатқанын айтуда. Мәселен, қауіпті аймақта бар-жоғы 200-ге жуық қазақтың бары белгілі болғанымен, елшілікке өзін қазақпын деп таныстырып, көмек сұрағандар саны одан бір-неше есе көп екен. Яғни қазақ атын жамылып, қатерден бас сауғалағысы келген өзге ұлт өкілдері қазақтың гуманды қадамын өз пайдасына асыруға ниетті дегенді білдіретіндей.

– Олардың кейбіреуі қазақша білмейді. Ата-бабаларының Ауғанстан аумағына қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы да айта алмайды. Біз этностық қазақтардың тарихи Отанына оралуына көмек көрсету туралы өтініштерге мұқият тексеріс жүргіземіз, – деген министрліктің ресми өкілі.

«ЖУСАН» АҢСАҒАН ҚАЗАҚТАР

Бүгінде Қазақстан солақай саясаттың ықпалымен ата-бабасы ел асып кеткен қазақтарды ғана емес, теріс ағымдағы топтардың жетегіне кетіп, сан соққан азаматтарды да қайта әкелуге қам жасады. Мысалы, 2019 жылдан бастап ел билігі қате басып, елден жырақтаған өз азаматтарын Сирия, Ирак мемлекеттерінен алып шығу үшін бірнеше гуманитарлық операцияны қолға алды. Қолға алып қана қоймай, оларды тасымалдау, қауіпті аймақтан шығару, қоғамға бейімдеу, жұмысқа орналастыру секілді маңызды миссияға білек түре кірісті. Тіпті осы бағытта «Жусан», «Русафа» операциясы жүзеге асып, Сирия мен Ирактағы қазақстандықтар елге келді

Алғашында аталған жобаларға қоғамдық пікір екіұшты болғаны белгілі. Алайда жобаның ел болашағы мен аймақ қауіпсіздігіне ықпал ететіні дәлелденіп, нақты аргумент келтірілген соң көптің күдігі қалмады. Сарапшылар азаматтардың Отанға оралуы келешек геосаяси жүйені оңтайландыру әрі ел азаматтарының ондағы шынайы өмір мен теріс сенімнің ара-жігін ашық зерделеуіне көмектеседі деген сенімде. Расында, соңғы уақытта майдан ортасынан оралған азаматтардың пікірі мен өмірбаяны көптеген қазақстандықтың қате баспауына, ақылмен шешім қабылдап, ақ-қараны тануына септесуде.

Жалпы үш жыл қатарынан жалғасқан «Жусан» операциясының нәтижесі жаман емес. Бүгінде «Жусан» операциясының 5-ші кезеңі шеңберінде Қазақстанға 607 адам қайтарылған. Оның ішінде 37 ер адам, 157 әйел және 403 бала бар екен. Өкінішке орай, елге келген балалардың 34-і жетім. Ал «Русафа» операциясы арқылы Ирактан 14 қазақ баласы оралды. ҰҚК мамандарының сөзінше, алдағы уақытта гуманды қадамның көрінісіне айналған «Жусан», «Русафа» операциясы әлі де жалғасуы ықтимал.

P.S. Атауы мен мәні астасқан ауқымды жобалар Қазақстанның әлемдік аренада тұрақтылықты сақтауға талпынған мемлекет ретіндегі беделін арттыра түсті. Ауғандағы қазақ ағайын да биліктің қатерге тастамасына сеніп, көмек күтуінің сыры да осында болса керек.

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: