Жексенбі, 29 желтоқсан, 06:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Отбасы банк: Баспаналы болудың жеті жолы

30.04.2022

1884 0

«Отбасы» банкі әрдайым несие мөлшерлемесі төмендетілген, алғашқы жарнасы қолжетімді жеке және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын ұсынады. Биыл баспаналы болуға мүмкіндік беретін «Отбасы» банкінің жеті бағдарламасына шолу жасап көрелік.

Өткен жылы «Отбасы» банкінде 600 мыңнан астам жаңа депозит ашылған. «Отбасы» банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 2022 жылы банк өз салымшыларына сапалы қызмет көрсету үшін сервистерді дамытуды жалғастыруда. Сондай-ақ биыл «Отбасы» банк ұлттық даму институтына айналып, оның базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы ашылды. Ол баспанаға мұқтаж жандарды есепке алуды бір орталықтан жүзеге асырады. 

«Жас отбасы» бағдарламасы

Бұл бағдарламаға заңды некеге тұрғанына 5 жылдан аспаған отбасылар қатыса алады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың біреуі «Отбасы» банкінде депозит ашып, кемі бір жыл қаражат жинауы шарт. Сондай-ақ несие рәсімдеу уақытына дейін аталған депозитке сатып алатын тұрғын үйдің 50 процентін жинап, бағалау көрсеткішін 5 ұпайға жеткізу қажет. Айта кетейік, жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды.

Мөлшерлеме: жылдық 6% (ЖТСМ 6,3%-дан бастап);

Несие сомасы: 100 миллион теңгеге дейін;

Несие мерзімі: 6-дан 9 жылға дейін;

Кепілзат: сатып алынғалы жатқан жылжымайтын мүлік.

«Жас отбасы» бағдарламасының артықшылығы – несиені жаңа не қолданыстағы үй не пәтерді сатып алып қана қоймай, жер үй салуға не үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де пайдалануға болады. Сондай-ақ 2 жыл өткен соң жылдық мөлшерлеме 5%-ға дейін төмендейтіні (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) тағы бар.

«Арнау» депозиті

Бұл бағдарлама балалардың болашақта баспаналы болуына арналған. Ата-аналар 18 жасқа дейінгі балаларының атына «Арнау» депозитін ашып, 10 жыл ішінде баспана құнының 50 процентін жинаса, қалған соманы жылдық 2 процент мөлшерлемемен рәсімдей алады. Бұл ретте бағалау көрсеткіші 48 ұпайға жетуі қажет.

Жылдық сыйақы мөлшерлемесі: 2%;

Жинақ мерзімі: 10-нан 15 жылға дейін;

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі: 6%-ға дейін (мемлекеттік сыйлықақыны қоса алғанда);

Жинақ мерзімі біткеннен кейінгі жылдық мөлшерлеме: 2% (ЖТСМ 2,1%);

Жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы: 20%;

Депозит ашу үшін комиссия: 0%.

«Арнау» депозитін баланың атына тек баланың заңды өкілдері, яғни ата-анасы не қамқоршысы ғана аша алатынын ескертеміз. Ал депозитке қаражатты олардан бөлек, баланың әжесі, атасы, аға-әпкелері, тіпті, ұйымдар да сала алады.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы

Бұл – әйелдерге арналған ипотека. Оның көмегімен жаңа не қолданыста болған тұрғын үйді сатып алуға, сондай-ақ жөндеу жұмыстарына несие рәсімдеуге болады. Бұл ретте ескеретін нәрсе – несие жөндеу үшін алынса, оны алушы үйдің иесі болуы керек.

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі: 12% (ЖТСМ 12,2%-тен басталады);

Жинақ мерзімі біткеннен кейінгі жылдық мөлшерлеме: 3,5-5% (ЖТСМ 3,6-5,2%);

Бастапқы жарна: 15-50%.

Отбасы банкіндегі депозитке бастапқы жарна салу міндетті емес. Бірақ несие алу үшін төлем қабілетін растауы қажет. Отбасының айлық табысы (күйеуі мен әйелінің) немесе несие алушының бір айдағы кірісі 320 мың теңгеден аспауы тиіс екенін де еске саламыз.

«Ұмай» ипотекасы үй алу үшін 25 жылға дейін, ал үй жөндеу үшін 10 жылға дейін несие беріледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы

Бұл – мемлекеттік бағдарлама. Ол «Отбасы» банкінің салымшыларына ең тиімді шарттармен жаңа тұрғын үй алуға мүмкіндік береді.

Несие мөлшерлемесі: 5%-ке дейін;

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі: 5,2%-тен бастап;

Бастапқы жарна: 20%.

Бағдарламаның артықшылығы – салынып жатқан нысаннан пәтерді әркім өзі таңдауға болады. Сондай-ақ «Нұрлы жерге» қатысушыларға арналған салықтық жеңілдіктері бар.

Негізгі конкурс әкімдік кезегінде тұрғандар арасында өткізіледі. Бос пәтерлер қалған жағдайда «Отбасы» банкінің салымшылары арасында қосымша конкурс ұйымдастырылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы барлық нысандар туралы ақпарат «Baspana market» порталында жарияланады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

Табысы төмен отбасыларға арналған бұл тұрғын үй бағдарламасына әкімдік кезегінде тұрған көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.

Несиенің жылдық мөлшерлемесі: 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап);

Бастапқы жарна: 10%;

Несие мерзімі: 19 жылға дейін;

Несие сомасы (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау): 15 млн теңгеге дейін;

Несие сомасы (өзге өңірлер): 10 млн теңгеге дейін.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға ниетті отбасы табыс көзін растауы міндетті. Сондай-ақ отбасы мүшелерінің атында басқа үй болмауы шарт. Отбасы мүшесінің соңғы 6 айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек.

Тұрғын үйді әкімдікте кезекте тұрған аймақта ғана сатып алуға болады.

«Шаңырақ» (5-10-20) БАҒДАРЛАМАСЫ

Бұл жоба – «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға жеңіл шарттармен баспаналы болу мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл ретте  отбасының әрбір мүшесінің айлық табысы 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек.

Несиенің жылдық мөлшерлемесі: 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап);

Бастапқы жарна: 10%;

Несие мерзімі: 20 жылға дейін;

Несие сомасы (Нұр-Сұлтан, Алматы): 18 млн теңгеге дейін;

Несие сомасы (Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шым­кент және Қарағанды қалалары, Қарағанды облысы) 15 млн теңгеге дейін;

Несие сомасы (өзге өңірлер): 12 млн теңгеге дейін.

Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен сатып алуға болады. «Шаңырақ» жобасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да пәтер сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар құрылыс компанияларынан үлестік қатысу арқылы (пайдалануға берілмеген үйлерден) тұрғын үй сатып алуға болады.

«Әскери баспана» бағдарламасы

Бұл – тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несие беру бағдарламасы. Олар үш несие түрінің бірін ала алады:

1.      Алдын-ала заем:

Бастапқы жарна: 15-тен 50%-ға дейін;

Сыйақы мөлшерлемесі: 8%;

Несиелендіру мерзімі: 25 жылға дейін.

2.      Аралық заем:

Бастапқы жарна: 50%;

Сыйақы мөлшерлемесі: 6% (ЖТСМ 6,2%-дан бастап);

Несиелендіру мерзімі: 25 жылға дейін;

3.      Тұрғын үй заемы:

Отбасы банкіндегі шотқа баспана құнының 50 процентін жинақтау.

Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 3,5-5%-ға дейін (ЖТСМ 3,6%-дан бастап).

«ОП» ДЕГЕН НЕ?

Егер сіз зейнетақы қорының салымшысы болмасаңыз, табыс көзін растамай үй алудың бір ғана жолы бар. Ол үшін банкке тұрақты түрде 3 жыл қатарынан қаржы жинақтау қажет. Сол кезде «ОП» яғни бағалау көрсеткішіңіз 16-20-24 процентке өседі. «ОП» өскен сайын несие проценті 5%, 4.8%, 4.5% деп төмендей береді. Мұның тиімді тағы бір тұсы, несие проценті тек сіз алатын сомаға есептеледі. Бүкіл үй сомасына есептелмейді. Осы уақытқа дейін атыңызда 5-6 несие болса да, бар-жоғы 10 минутта банк келісімін ала аласыз. Тіпті қара тізім де әсер ете алмайды. Ал ОП жоғарыламаса, онда банкке жұмыс істеуге тура келеді. 3 жыл банкке қаржы жинақтамаған соң, бастапқы үш жыл процентін төлеуге міндеттелесіз. 3 жылдан соң ғана негізгі қарызды өтейсіз. Мұны халықтың көпшілігі түсіне бермейді. Оны нақты білу үшін жеке кабинетке кіргенде ай сайын сізге ай соңында тиын түсіп жатады. Бұл – банктың сыйақысы. Сыйақы өскен сайын «ОП» өседі. Сіз ақша салған сайын, ақшаңыз айына 0.167% өсуде. Ол қайдан шықты? Ол банктің 2% жылдық мөлшерлемесі. Яғни 2%-ды 12 айға бөлсек, 0.167% деген сан шығады. Осылайша ОП 16 толғанша, 3 жыл уақыт кетеді. Неге? Себебі 10 млн-ға үй алу үшін осы қарқынмен 160000 сыйақы жинау қажет. Шарт сомасы мен үй бағасы теңескенде ОП 16 болса, онда жоғарыдағыдай табыс көзін растамай, 3,5 процентпен баспана алуға болды.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: