Бос уақытты тиімді пайдалану, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды, отбасылық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттау және отбасы институтына қоғамның назарын аудару, халықтың белсенді және салауатты өмір салтын жүргізуге ынтасын дамытуға негізделген профилактикалық жұмысты жетілдіру мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Берік отбасы – есірткіден алыс!» ұранымен отбасылық байқау ұйымдастырды.
Қатысушылар нашақорлыққа қарсы үндеу жасап, өз отбасыларының атынан дұрыс жол таңдау керектігін айтып өтті. Содан кейін отбасылық флешмоб көрсетіліп, бірге есірткіге қарсы ән шырқалды.
Олар бейнеұсынымдар әзірлеп, мессенджерлер арқылы облыс өңірлеріндегі сайыстық комиссияларға жолданып, содан кейін байқаудың үздік жұмыстары сайыстың екінші кезеңіне жіберілді.
Финалдық байқауға 16 отбасы қатысты. Байқауға қатысушылар өз ойларын шығармашылықпен жеткізе білді, түрлі ақпаратты пайдаланды, нашақорлық мәселесі бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті. Танымал әндердің әуеніне, сөз жазып, есірткіге қарсы әндер орындады.
Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес қатысушылар жинаған ұпайларына сәйкес аймақтық және облыстық жеңімпаздар, сондай-ақ номинация жеңімпаздары деп танылды.
Байқау қорытындысы бойынша «Атамекен» балалар ауылы І орынды иеленсе, Шиелі ауданынан келген Кнейб тобына ІІ орын бұйырды. Ал шиелілік Нұрлыбековтер отбасы ІІІ орыннан көрінді.
Сонымен қатар «Атамекен» балалар ауылы мен Жалағаштан келген Серікбаевтар отбасы «Ерекше есірткіге қарсы ән орындағаны үшін» номинациясына ие болды.
Байқаудың барлық қатысушылары бағалы сыйлықтармен және дипломмен марапатталады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!