Алматы мен Астана секілді ірі мегаполистердің жылдам қарқыны адамды үздіксіз қозғалыста ұстайды. Біреу оқуға келеді, біреу жұмыс іздейді, енді бірі жай ғана жаңа тұрмыс бастау үшін пәтер жалдайды. Бірақ қарапайым көрінетін бұл процесс – шын мәнінде Қазақстандағы ең даулы, ең қауіп-қатері көп салалардың бірі. Бүгін пәтерді жалға алғанда қандай жағдайларға мән беру керектігін заңгер Бағдат Амандосұлымен бірге BAQ.KZ тілшісі талқылады.
Қай қосымшаны ашсаң да хабарландырудан көз ашпайсың. Қалтаңа қарай қолайлысы тез-ақ табыла кетеді. Бірақ мың хабарландырудың ішінен сан соқтырары тағы бар. Әдетте құқықсыз қалған жалға алушылар, алаяқтық схемалар мен сұр делдалдар жасырын жататыны айтыла бермейді. Бірақ тәжірибе мен сандар басқаша сөйлейді. Алаяқтардың арбауына түспес үшін қайтпек керек?
Пәтер иесі туралы ақпарат сұраудан ұялмау керек
Ірі қалаларда бос пәтер табылғанына қуанып, кейде басты нәрсеге назар аудармаймыз. Біз үшін маңыздысы ақысы мен жағдайы ғана болуы мүмкін. Бірақ заңгер ең басты назарды пәтер иесіне аударуды ұсынады. Себебі құжатты тексеру – қауіпсіздіктің жалғыз жолы.
Үйді жалға ұсынып отырған адамның жеке куәлігін, пәтерге меншік құқығын растайтын құжатын көрсетуді сұрау керек. Егер пәтерді «туысымның атында, бірақ өзім беремін» десе , нотариалдық сенімхатты көрсетсін, – дейді Амандосұлы.
Иә, біз көп мән бере бермейтін дүниелер бүгінде алаяқтықтың бір көрсеткіштеріне айналып отыр. Оған Ақтөбедегі жоқ пәтерді жалға беру секілді қылмыстық істердің орын алу жағдайы мысал.
Міндетті түрде келісімшарт жасау керек
Жалдамалы пәтер іздеп жүрген жастардың көбі келісімді «қол алысумен» бекітіп жүр. Шартсыз тұру – әлі күнге дейін қалыпты тәжірибе. Алайда бұл қалыптылық – ешқандай заңдық қорғанысы жоқ жағдай, – дейді заңгер.
Оның сөзінше, үй иесімен кемінде 1 жылға жасалған пәтер жалдау шарты болу керек.
Бұл шарт міндетті түрде мемлекеттік тіркеуге жатады, тіркелген сәттен бастап күшіне енеді. Ең маңыздысы, шартта міндетті түрде көрсетілсін: пәтердің нақты мекенжайы, қабаты, бөлме саны, ай сайынғы жалдау ақысы, төлеу күні мен тәсілі, коммуналдық қызметтерді кім төлейді, қамтамасыз ету жарнасы бар ма, қай жағдайда қайтарылады деген сұрақтарға жауап толық қамтылуы керек, – деп кеңес береді заңгер.
Сондай-ақ, шарттың мерзімі, ұзарту тәртібі де назардан тыс қалмау керек. Себебі немқұрайлылық кесірінен пәтерден ерте шыққан жағдайда айыппұл арқалап кетуіңіз де абзал.
ҚР Азаматтық кодексінің талаптары бойынша мүліктік жалдау шарты – жалға беруші мүлікті уақытша ақыға пайдалануға береді. Теорияда азаматтар арасында 1 жылға дейін ауызша шарт жасасуға болады, – деп түсініктеме береді заңгер.
Міндетті түрде түбіртек талап етіңіз
Кез келген кикілжіңде басты шешім – түбіртек ұсыну. Қолма-қол төлем соңғы өзгерістерге сәйкес тиімді-ақ. Дегенмен басты қауіпті де ұмытпаған жөн. Осы тарапта заңгер Бағдат Амандосұлы міндетті түрде келісімшарт жасасуға кеңес береді.
Бізде ауызша келісім жасап, кейін одан өзі опық жеп отыратындар көп. Сондықтан қайда ақша жіберсеңіз де төлемді банктік аударыммен жасаңыз. Қосымша пәтер жалдау ақысын, айы мен жылды анық етіп көрсету керек. Егер ақыны қолма-қол берген жағдайда, әр төлемге қолхат алуға кеңес беремін, – дейді заңгер.
Сондай-ақ тұрғындар пәтердің күйін актімен бекіту деген дүниені білмейді. Кейін пәтер иесімен дау туындағанда, өзінікін дәлелдей алмай қиналатынын айтады.
Пәтерді қабылдау-тапсыруда міндетті түрде қабылдау актісін жасау керек. Үйдегі әр техниканы, қабырғаны, жиһаздың біреуін қалдырмай зерттеп, қадағалап алу керек. Бұл кейін «сен сындырып кеттің» деген айыптың алдын алады, – дейді заңгер.
Сондай-ақ қазіргі өзекті мәселелердің бірі – заңды түрде тіркеу мәселесі болып отыр. Егер бір жерде ұзақ тұрақты тұратын болсаңыз, жергілікті мекенжай бойынша емханаға, мектепке, балабақшаға тіркелуде маңызды рөл атқарады. Бірақ бұл тарапта да белгілі бір сақтанатын шаралар бар дейді заңгер.
Тіркелу үшін көбіне үй иесінің келісімі қажет. Кей жағдайда үй иесі құжат көрсетпей, шарт жасаспайтындай жағдайлар болса, басқа пәтер іздеген жөн, – дейді ол.
Қазақстандағы жалдамалы тұрғын үй нарығы әлі толық бір ізге түскен жоқ. Нарықта әлі көлеңкелі келісімдер, бейресми делдалдар бар. Бірақ қауіптен қорғану үшін пәтерді жалға аларда әрбір азамат заң жүзінде өз құқығын білсе екен дейміз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
