Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Парламентте сөз боп жүр қызылорданың жай-күйі

27.05.2023

944 0

Парламентке Қызылордадан барған депутаттардың белсенді әрі өткір мәселелерді көтеріп жүргені көпке аян.  Біз өз кезегінде халық қалаулыларының Сыр өңіріне қатысты көтерген мәселелерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Жайымбетовті не толғандырып жүр?

Алдымен Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтен бастайық. Мархабат Жайымбетұлы Мәжілістің жалпы отырысында «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы жолды реконструкциялау бойынша мәселе көтерді. Республика Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

– Құрметті Роман Васильевич! Өзіңізге мәлім, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тран­зиттік автожолының 812 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтеді. Оның Түркістан мен Қызылорданы жалғап тұрған бөлігі 4 жолақты, ал Ақтөбе облысына дейінгі 566 шақырымы 2 жолақты болып салынған. Әдепкіде күре жолды жобалағанда Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасындағы көлік қарқыны төмен деген қорытынды шығарылған. Соның нәтижесінде, автожолдың «Қызылорда-Ақтөбе» ба­ғыты II техникалық санатқа жатқызылып, бүгінге дейін аймақтағы халықаралық автомагистральдің жарты бөлігі сол күйде қалып отыр. Алайда қазір экономикалық әлеует өзгерді, көлік тасымалының көлемі біршама артты. Күре жолдың облыс үшін маңызы да, мәселесі де күн тәртібіне көтерілген. Олай дейтініміз, автожолдың 2 жолақты бөлігі көптеген қиындық туындатуда. Оған себеп – жолдың техникалық сипаты мен жол қауіпсіздігінің сын көтермеуі. Осы ретте аймақтағы күре жолды кеңейту кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқым келеді, – деді мәжілісмен.

Жайымбетов өте өзекті мәселе көтеріп отыр. Полиция қызметінің мәліметіне сүйенсек, М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолында 2017-2022 жылдары 402 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Басым бөлігі (243 оқиға) Қызылорда-Ақтөбе бағытында болған. Соның салдарынан осы аралықта 162 адам (Түркістан бағытында 66 адам) қаза тапқан. Яғни қайтыс болғандардың 71%, жарақаттанғандардың 70% (немесе 549 жолаушы) осы жолда тіркелген. Биыл алғашқы 3 айда 5 жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан 12 адам жарақат алса, 7 адам көз жұмды.

Депутат Жайымбетов қарсы бағытқа шығып кетуден болатын жол-көлік апаттары 4 жолақты Түркістан бағытымен салыстырғанда 2 жолақты Ақтөбе бағытында 5 есе көп болатынын алға тартқан. Оның айтуынша, Арал ауданындағы Қамыстыбас, Қазалы ауданындағы Ойынды ауылдарының тұсы және Қармақшы ауданындағы Иіркөл, Кемесалған, Диірментөбе елді мекендері мен Жалағаш ауданындағы Таң ауылының маңы қауіпті аймақ қатарында.

Тағы бір ескеретін жайт, аймақтағы ауылдардың басым бөлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық автожолының бойында орналасқан. Сәй­кесінше, жол жиегінде қоршау болмағандықтан ауыл тұрғындарының төрт түлігі тас жолды кесіп өтіп, көлік апатына себеп болып жатыр.

Деректерді сөйлетсек, осындай күрделі әрі ауыр жағдайлардың болғанын көреміз. Бұл жол 4 жолақты болмаса ажал жолына айналуы да ғажап емес.

Мархабат Жайымбетұлы көтерген мәселенің бірі – Арал проблемасы. Ол Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында Арал теңізінің тартылу жағдайы өңір халқын қатты алаңдатып отырғанын атап өтті.

– Тағдырлы теңіздің аянышты жағдайын тағы айтуға мәжбүрмін. Өкінішке қарай, соңғы 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. Яғни үштен бірінен айырылды. Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұздар бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Нәтижесінде, судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды, – деді Жайымбетов депутаттық сауалында.

Халық қалаулысы  теңіздің тартылуы сал­дары­нан 3000-ға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цехтың уақытша тоқтап қалу қауіпі бар екенін мәлім етті.

Бұл жағдай теңізді жағалай қоныстанған арал­дықтар үшін үлкен үрей болып тұр.  Сырдария өзені бойындағы мемлекеттердің трансшекаралық су қорларының проблемасына селсоқ қарауы мәселені күрделендіруде. Осы орайда халықаралық келісімдер бойынша теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текше метр су түсуі қажет. Алайда теңізге судың түсуі, әсіресе вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша жүзеге асырылып келеді. Аралдың эко­логиялық мәселесі өткен ғасырда-ақ әлем назарын бұрғызып, оны қорғау, қалпына келтіру мәселесі бойынша халықаралық және республикалық дең­гейде сандаған жиындар өтсе де айтылған сөз айтылған жерде қалып, өткізілген конференция, форумдардан оңды нәтиже болмай отыр.

Ойын осылай өрген Мархабат Жайымбетұлы Арал теңізінің су мөлшерін сақтау және тұрақты қамтамасыз ету үшін бірнеше ұсынысқа назар аударуды сұрады. Олардың қатарында  Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетация­лық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және Фархад су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлау және мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» статусын беру, «Қараөзек» арнасының бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текше метрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспаны қалпына келтіру, «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлі­гін қалпына келтіру» жобасына Дүниежүзілік Банк­тің қайтарымсыз гранты есебінен (1,5 млн АҚШ доллары) Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғай­тудың нұсқалары бойынша тиімді шешімдерді жасап, жобаны жалғастыру сынды бірнеше мәселе бар.

Рүстемов қандай мәселе көтерді?

Сенат депутаты Руслан Рүстемовтің де Парламент мінберінен елдік мәселелерді көтеріп жүргенін білеміз. Қызылорда үшін өте өзекті мәселелерді қозғап жүрген сенатор бұл жолы Сырдария өзенінің ахуалын сөз етті.

– Мемлекет басшысының қолдауымен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабыл­данды. Президентіміз аталған күрделі мәселені саясиландыруға жол бермей, Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті көлемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Ал трансшекаралық өзен­дер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пайдалануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауап­кершілігі. Алайда өткен жылдары республика бойынша суару жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту шараларымен қамтылған 319 мың гектар аумақтың тек 15 мың гектары, нақтырақ айтқанда 5% жетер-жетпес көлемі ғана судың ең көп шығынына батып отырған Қызылорда облысының үлесінде. Бұл бюджет қаржысын жоспарлауда диспропорцияны туындатады. Яғни қаржы жос­парлау тәуекелдері бойынша теңгерімді саясатқа кедергі келтіруі мүмкін, – деді Руслан Рүстемов.

Оның айтуынша, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктері Қызылорда облысының суармалы жерлерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту бағытындағы жобаларын қаржыландыру көлемін арттыруға күш салуға тиіс.

Руслан Рүстемұлы Сенатта Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін тыңдау барысында осы мәселені Премьер-Министрдің орынбасары Е.Жамаубаевтың назарына ұсынғанын атап өткен жөн.

Жақаев институтының ахуалы мәз емес

Мәжіліске Сырдан барған депутаттың бірі – Мұрат Ергешбаев. Рarlam.kz-тегі ақпарат бойынша ол Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ қүріш ғылыми-зерттеу институтын базалық қаржыландыру жайын көтерген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі ғылым саласының маңыздылығын арттыру үшін 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражатты 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржыны 7 есе өсіруге қатысты тапсырма берді. Осы негізде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында білім және ғылым саласын қаржы­ландыру мен сала қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту мәселесіне ерекше мән берілген. Осы тұста ғылыммен айналысатын білім ұйымдарын қаржыландыру базалық емес, мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылуда. Соның салдарынан еліміздегі 20-ға жуық ғылыми-зерттеу институты мемлекеттік тапсырысты ала алмай, жұмыс жүйелі жүргізілмеуде. Оған мысал ретінде Сыр өңіріндегі үлкен ғылыми орда және еліміздегі күріш саласын зерттейтін жалғыз мекеме – Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын айтуға болады, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Депутат айтқан дерекке сүйенсек, институт бүгінде материалдық-техникалық базасын қам­тамасыз етуді қоя тұра, жыл басынан бері 5 ай бойы еңбекақыны уақытылы төлей алмауда. Соған байланысты ғалымдар алдындағы жалақы қарызы 13 млн теңгеден асқан. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутаттары алдыңғы өткен Үкімет сағатында да көтерді. Негізінен, ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жасап жатқан жұмыстары елімізге өте маңызды. Өйткені суды үнемдеу, топырақты қалпына келтіру, жергілікті климат ерекшеліктеріне бейімделген күріш және ауыспалы егіс дақылдарының селекцияларына зерттеулер жүргізудің Сыр өңірі үшін маңыздылығы жоғары. Күріштің танымал «Маржан» сортын осы институттың ғалымдары шығарған. Ал қазіргі таңда білікті мамандар сапалық көрсеткіштері жоғары, импорттық сорттарды алмастыра алатын жаңа «Сыр сұлуы», «Айсара», «АйКерім» сорттарын шығаруда. Оған қоса, институт ғалымдарды мал шаруашылығының маңызын ескеріп, жоңышқаның, түйежоңышқаның, бидайдың, қауынның жаңа сорт­тарын шығару жұмыстарын жүргізуде.

Осындай деректерді алға тартқан М.Ергешбаев Премьер-министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының көтеріп отырған мәселелерін жан-жақты зерттеп, заңнамаға сәйкес өзгерістер жасап, базалық қаржыландыру мәселесін қайта қарауды сұраймын, деген базынасын жеткізді.

Парламент қабырғасында Сырдың жай-күйін сөз етіп,  өңір ахуалын мемлекеттік деңгейде көтеріп, Үкіметке тікелей сауал жолдап отырған Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Руслан Рүстемов сынды депутаттар Қызылорданың мәселесін әлі талай көтеретіні анық.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: