Перизат Қайрат мүгедек-балаларға арналған оңалту орталығын салуға алаяқтық жолмен ақша жинады деген күдікке ілікті. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Ол 2021 жылдың қарашасында Ақмола облысындағы «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.
Шараға мұқтаж мүгедек-балалар мен олардың ата-аналары да тартылған.
«П.Қайрат 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылғаны туралы хабарлаған. Алайда, аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен. Ал ақшаны жеке қажетіне жаратқан. Сонымен қатар, ол «Батыр» қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 млн теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген. Тергеу барысында бұл участокты 2019 жылы бірлестік өзі сатып алғаны белгілі болды», делінген агенттік хабарламасында.
Ал оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған, орталыққа берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шыққан.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Агенттік өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейтінін ескертті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!