Пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбау адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда отшашулар мен түрлі жарылғыш заттар ауыр жарақаттарға, өрттің шығуына және түрлі қайғылы жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына тиісті сала мамандары мереке күндері пиротехниканы пайдалану ережелерін түсіндірді.
– Елімізде 5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру және сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау. Осы мақсатта облыс көлеміндегі базарлар мен ірі сауда орталықтарында облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Іс-шара барысында барлығы 20 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 128 дана пиротехникалық бұйымдар тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда,-деді облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Сәбит Сатқанбай.
– Мереке кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында департамент тарапынан кәсіпкерлік нысандарда қауіпсіздік шаралары насихатталып, әдістемелік көмек көрсетілуде. Осы орайда, облыс тұрғындары мен кәсіпкерлеріне жаңа жыл мерекесін атап өту және пиротехникалық бұйымдарды қолдану барысында келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Атап айтқанда, балаларға пиротехниканы өз бетінше іске қосуға рұқсат етпеңіз және қаптамадағы нұсқамаларды мұқият оқып шығып, пиротехниканы жарылуы кезінде қашықтықты сақтаңыз. Ғимарат ішінде пиротехникалық бұйымдарды ашық және от қаупін тудыратын басқа да бұйымдарды қолданбауы, сондай-ақ, пиротехникалық бұйымдардың саудасын тек қана ішкі істер органдарынан алынған рұқсат негізінде ғана жүзеге асыруды сұраймыз,- деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Арман Дастенов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
