2026 жылы «Қазақстан темір жолы» пойыздары мен «Air Astana» әуе кемелерінде жолаушылар үшін спутниктік интернет іске қосылады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елімізде үш спутниктік интернет операторы жұмыс істеп тұр. Жақын арада нарыққа тағы екі шетелдік компания келеді деп күтіледі.
Технологияларды пилоттық сынақтан өткізу 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер бюджет есебінен туристік аймақтар мен жетуі қиын елді мекендерді спутниктік байланыспен қамтуы тиіс.
Инфрақұрылымды дамыту аясында келесі маңызды шаралар жүзеге асырылмақ:
- Алдағы екі жылда 40 мың шақырым республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мобильді байланыспен қамтылады.
- 5G желісі:
- Қазіргі уақытта 20 қалада қолжетімді 5G желісінің қамту аумағын 75%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.
- 2026 жылдың соңына қарай 3 мыңнан астам ауылға оптикалық талшықты байланыс желісі тартылады. Нәтижесінде халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.
Сонымен қатар ол талшықты-оптикалық желілерді тікелей үйлерге жеткізуді көздейтін «Соңғы миль» жобасын іске асыру жалғасып жатқанын айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
