Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында, «жар іздеймін», «күйеу іздеймін», «байыпты қарым-қатынас іздеп жүрмін» деген танысуға шақыратын жазбалар жиілеп кетті. Мұндай посттардың артында нақты адамдар да, алаяқтар да болуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Polisia.kz-тің жазуынша алаяқтар көбіне өзін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, белсенді түрде хат алмасады, назар аударып, тез арада сенімге кіреді. Уақыт өте әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы мүмкін.
Алаяқтықтың бұл схемасы кезең-кезеңімен дамиды.
– Олар алдымен белсенді қарым-қатынас орнатып, эмоционалдық жақындық қалыптастырады.
– Қиын өмірлік жағдай, ауру, шұғыл шығындар немесе тиімді инвестициялар туралы әңгімелеседі.
– Шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғалар арқылы ақша аударуды сұрайды.
– Қаражатты алғаннан кейін байланысын үзеді немесе нөмірді бұғаттап тастайды.
Егер әңгімелесуші ақша аударуды сұраса, бейнеқоңыраудан және жеке кездесуден жалтарса, басқа адамдарға тиесілі болуы мүмкін фотосуреттерді қолданса, сақ болған жөн.
Сондықтан интернет арқылы танысқан адамдарға ақша мен жеке деректерді беруге болмайды.
Жеке фотосуреттерді жібермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, әңгімелесушінің профилі мен ақпаратын тексеру және күдік туындаса, қарым-қатынасты тоқтату қажет.
ІІМ-нің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн танысу кезінде мұқият болуға және заңсыз әрекеттер фактілері туралы хабарлауға шақырады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
