Сенбі, 23 қараша, 03:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Полиция – халық қорғаны

17.08.2021

2294 0

Өткен аптада Қызылорда қалалық полиция басқармасының ұйымдастыруымен «Полицейдің бір күні. (Погонды журналист)» жобасы өтті. Ондағы мақсат – учаскелік полицейлердің бір күндік жұмыс барысымен танысу. Жұмыс уақыты таңғы сағат 9-дан басталады. Таңғы сағат 9-да кезекші бөлімнен қару алады. Қызметкер жұмыс барысында қойылған талаптарды уақытында орындауға міндетті. Өйткені бұл – адам өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беретін қызмет саласы. Учаскелік полицейлер сапқа тұрып, тапсырма алды. Мұнан соң әркім өзіне жауапты мөлтек аудандарға жөнелді. Ал бізге берілген аймақ – №9 учаскелік полиция пункті.

Бұл пункт «Шұғыла» мөлтек ауданына қарайды. Шағын аудан бес аумаққа бөлінеді. Бес аумаққа бес полиция қызметкері жауапты. Жалпы «Шұғыла» мөлтек ауданында 18800 халық тұрады. Бұл аумаққа жауапты – полиция капитаны Асылхан Ембергенов. Бүгінде тәртіп сақшысының аталған салада жүргеніне алты жылдан асты. Асылхан өз жұмысын бекітілген учаскесін аралаудан бастады.

Полиция - халық қорғаны

ТҰРҒЫНДАРҒА ТЫНЫШТЫҚ КЕРЕК

Полиция қызметкері халықтың қорғаны десек, еш қателеспейтініміз анық. Елдің амандығы, халықтың тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін осы сала қызметкерінің бір күні қалай өтетінін білесіз бе? Қарапайым адамға жеңіл көрінуі мүмкін, алайда бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет болғандықтан, полицейдің бір күндік жұмысы оңай емес. Қалалық полиция басқармасынан тапсырма алған погонды қызметкерлер өз жұмыстарына кірісті.

Бізге алдымен мөлтек ауданда орналасқан №29 көпқабатты үйге кіруімізді өтінді. Өйткені мұнда жалғыз басты қарт ана Күлжамал Жүсіпова тұрады. Ол 78 жаста. Асылхан қарт ананың жағдайын күнде сұрап, соғып тұрады. Оған қажетті дәрі-дәрмек пен азық-түлік әкеліп береді. Оған Күлжамал әже де дән риза. Асылхан таңертең жұмысқа емес, бірінші осы кісіге соғып, бақылап кетуді әдетке айналдырған.

– Бұл салада жүргеніме аз уақыт болған жоқ. Дегенмен өзім бала кезімнен погон тағуды армандадым. Мінеки, бүгінде осы қызметте жүрмін. Күлжамал әже менің отбасымның бір бөлігіне айналды десем де болады. Себебі, таңертең осы кісіге бірінші соғып, сонан соң жұмысқа барамын. Түскі уақытта, кешке де дәл солай. Әже жалғыз тұрады. Сол үшін уайымдайсың. Жұмыстағы басты ұстаным – кішіпейілділік, – дейді Асылхан.

Күлжамал апа бізді қуана қарсы алды. «Қарғыс алма, алғыс ал» деген бар емес пе, қарт әже бұл аудандағы полиция қызметкерлеріне риза екенін жеткізді. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қоғамдық тәртіп күзетінде жүретін мамандар қала тыныштығын бақылап жүр. Тәртіп сақшылары десе көптің көз алдына заң бұзушыларды ұстап, қылмыс бетін ашқан мамандар елестері анық. Олардың ерен ерлігі сөзсіз ескерілу керек.

Полиция - халық қорғаны

Асылхан бірнеше пәтерге кіріп, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады. Әсіресе, арнайы есепте тұрған жанұялардың жағдайымен танысып, тексеріс жүргізеді. Кейін жұмыс кабинетіне оралып, азаматтардан түскен құжаттарды қарап, мәселелерін шешеді. Таңертеңнен бастап кешке дейін учаскелік инспекторлар бекітілген үйлер мен пәтерлерді аралайды. Түрлі жағдайлар да орын алатынын жоққа шығармайды. Әсіресе, әлеуметтік осал топтар санатындағылармен жұмыс істеу оңайға соқпайтынын айтады. Бірақ мұның барлығы жұмыс барысы. «Адамдар полиция жұмысын жиі сынайды, ал қиын жағдайға тап бола қалса, тәртіп сақшыларына көмекке жүгінеді», – дейді Асылхан. Себебі учаскелік инспектор сеніп тапсырылған аумақтың тұрғындарымен, жағдайымен жақсы таныс. Полицейдің басты қаруы мен күші – заң. Дегенмен жүктелген міндеттерді абыроймен орындау үшін жауапкершілік пен адалдық, мол еңбек керек.

– Енді полиция қызметкері болғаннан кейін саланың ыстығы да, суығы да болады. Қиын кезге де тап келдік. Оның бәріне шыдаймыз. Ант бердік емес пе. Мемлекет алдында арнайы ант бердік. Біз антымызда тұрамыз, – дейді ол.

Жалпы полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды.

Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: