Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 10:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Президент: «Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес»

27.06.2024

465 0

KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлері тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қосып жүргенін атап өтті.

«Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», – деді Президент. 

Президент: "Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес"

Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлері тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қосып жүргенін атап өтті.

«Шын мәнінде, барлық реформаны өздеріңізбен бірге атқардық деуге болады. Бірақ өзгерістерді жүзеге асыру бір басқа, ал оны орнықтыру бір бөлек. Ол үшін қоғамдық сана түбегейлі жаңғыруға тиіс. Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жалпыға ортақ құндылықтар туралы айтқанымды білесіздер. Мұның бәрі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін айрықша маңызды. Ашығын айтсақ, осы құндылықтарды қоғам санасына орнықтыру журналистерге тікелей байланысты. Ақпарат өкілдері болмаса, оны жұртқа жария ету мүмкін емес. Сондықтан журналистер қауымы осы маңызды жұмысқа зор жауапкершілікпен қарайды деп сенемін. Біз әрбір сөзімізді қоғамды түзеуге жұмсасақ, болашағымыз да баянды болары хақ. Мен Құрылтай отырысында елімізге қатер төндіретін бес кеселге тоқталдым. Тағы да қайталап айтқым келеді. Жұртты нашақорлық пен құмарпаздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализм мен ысырапшылдықтан қорғау – ортақ міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр», – деп тоқталды Президент. 

Президенттің айтуынша жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр. Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеп жүр. 

«Журналистер қауымы ұлттық парламентаризмді дамытуға қашанда зор үлес қосып келеді. Қазіргі депутаттар құрамында ақпарат саласының өкілдері жеткілікті. Атап айтқанда, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді әріптестеріңіз көпшілікке белгілі. Ұлт мүддесін қорғап жүрген журналистердің Парламент төрінде отыруы – заңдылық. Айтпақшы, Президент Әкімшілігінде де әріптестеріңіз аз емес. Олар өз кәсіби ортасына қолдау білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасында алтын көпір қызметін атқарады. Жаңа ақпараттық дәуірге қадам бастық. Осы орайда мемлекеттік басқару жүйесі сөз білетін, тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынас орната алатын адамдарға зәру. Сондықтан өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған немесе байланыстыруды жоспарлап жүрген әріптестеріңіз осы салада да өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады», – деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент: "Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес"

Президенттің айтуынша елімізде жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі едәуір өскен, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болған.  Бұл – өте маңызды. Қоғамдық пікір саяси өмірдің маңызды факторына айналды. Ал сөз бостандығы қоғамның мызғымас құндылығы саналады.

«Бүгінде Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады. Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз. Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін», – деп толықтырды Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысының сөзінше, журналистика – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауыңыз. Нағыз журналистер әсіре әуестіктен, бос сөзден және әлеуметтік желіде өзіне-өзі масаттанудан ада болады. Олар әрдайым оқиғаның ортасында жүреді. Халықты алаңдататын өзекті мәселелерді көтеріп, мазмұнды материалдар әзірлейді. Дәл осындай белсенді әрі пайдалы іс атқаратын тілшілер қауымы отандық журналистиканың бет-бейнесі саналады. Олар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді

«Қазір жаңа медиа дәуірі басталды. Бұқаралық ақпарат құралдары жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдаланып жатыр. Мұны шын мәнінде жаңашылдық пен жасампаздықтың көрінісі деуге болады. Әр адам өз ісінің шебері болуға тиіс. Сонда елімізде нағыз кәсіби біліктілік культі қалыптасады. Мен мұның маңызы туралы үнемі айтып келемін. Біз ұстаз, дәрігер, ғалым және басқа да әлеуметтік сала мамандарының абыройын арттыру үшін нақты шаралар қабылдадық. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың мәртебесін көтердік. Осындай жан-жақты жұмыстар жалғаса береді. Себебі еңбек адамы – ел байлығы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды. Сондай-ақ, ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтатынын айтты.

«Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысты. Олар бұл салаға ағартушылық сипат берді. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет. Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі. Сондықтан журналистердің кәсіби тұрғыдан мықты болуы өте маңызды, бұл, тіпті, шешуші дүние. Журналистеріміздің көбі – жоғары деңгейдегі мамандар, олар елге адал, отаншыл азаматтар. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы миссияны сіздер абыроймен атқарып келесіздер. Кез келген еңбек бағалануға тиіс. Өркениетті қоғам масс-медиа майталмандарын ерекше қадірлейді. Жыл сайын елімізде үздік журналистерге сыйлықтар табысталады. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Бүгін ортамызда осы салада жарты ғасырға жуық қызмет атқарған азаматтар бар. Аймақтағы журналистиканың көшін бастаған тұлғалар да аз емес. Осы жиынға әр облыстың бұқаралық ақпарат өкілдерін арнайы шақырдық. Бір сөзбен, бұл жерде нағыз майталман мамандар отыр. Сондықтан мен ақпарат саласына ерекше еңбек сіңірген бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұдан бөлек, былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырдық. Бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Мемлекет басшысы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: