Қасиетті Сыр өңірінің сан ғасырлық тарихы мен рухани қазынасын жаңаша форматта танытатын Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бүгінде республика көлемінде үлгі боларлық мәдени нысанға айналып отыр. Қаланың сол жағалауында бой көтерген жаңа музей ғимараты Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-ның тұңғыш астанасы болғанына 100 жыл толуына орай ашылып, ел мәдениеті үшін айтулы оқиғаға айналды.
Бұл маңызды жоба облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұзақ жылдар бойы 1953 жылы салынған, бұрынғы қонақ үй ғимаратында орналасып, кеңістік тапшылығын көруі және арнайы қор сақтау қоймаларының болмауы секілді өзекті мәселелерді шешу қажеттілігінен туындады. Осы олқылықтарды жою мақсатында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасы мен тікелей қолдауының нәтижесінде музейге арналған заманауи, типтік жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданып, жоба табысты жүзеге асты. Жобаны әзірлеу және іске асыру жұмыстарын «Ремпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды.

Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында жаңа музейдің экспозициясымен жан-жақты танысып, заманауи технологиялар мен ұлттық мұраны ұштастыра отырып жасақталған бұл мәдени нысанның мазмұны мен сапасына жоғары баға берді. Ал Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы тоқталып:
«Сыр өңірінде ашылған бұл музей – ұлттық тарихымызды сақтаумен қатар, оны заманауи форматта халыққа, әсіресе жас ұрпаққа жеткізудің нақты үлгісі. Мұндай мазмұнды әрі технологиялық жобалар еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуы тиіс», – деп атап өтті.
Бұл Мемлекет басшысының Сыр өңіріндегі мәдени бастамаларға берген зор сенімі мен нақты бағасын айқындайды. Президенттің айтуынша, тарихи сананы қалыптастыруда музейлердің рөлі ерекше, ал Қызылордадағы жаңа музей осы талаптарға толық жауап береді.
Жаңа музей – тек өткенді танытатын орын ғана емес, тарихты тірілтетін, көрерменді ойға жетелейтін интерактивті кеңістік. Сандық және мультимедиялық технологиялармен толық жабдықталған нысан музейдің 85 жылдық тарихында алғаш рет арнайы қор сақтау қоймаларымен қамтылған типтік ғимарат ретінде салынды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 2,6 млрд теңге қаржыға тұрғызылған музейдің жалпы аумағы 3255,2 шаршы метрді құрайды.
Бұған дейін облыстық музей ғимараты 2 мың шаршы жетрге жетпейтін аумақта орналасып, оның қорындағы экспонаттарды сақтау қиындық тудырса, 3 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимаратты салу арқылы әр экспонаттың талапқа сай өз алдына жеке дара сақтауға, оларды заманауи технологиялардың, жасанды интеллектінің көмегімен ерекше таныстыруға мүмкіндік берілді.
Жаңа музейде бұрын болмаған «Палеонтология», «Орта ғасырлар өркениеті», «Ғарышты игеру» залдары жаңадан ашылып, елімізде енді қолға алынатын музей педагогикасын жетілдіру, дамытуда маңызы зор Балалар музейі бөлмесі жасақталды.
Музейдің 12 залдан тұратын жаңа экспозициясы Сыр өңірінің табиғи ерекшеліктерінен бастап, көне дәуірлер мен бүгінгі күнге дейінгі тарихын толық қамтиды. Аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология, этнография, сондай-ақ Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы жүйелі түрде көрсетілген. Залдардың тақырыптық құрылымы мен көркемдік шешімі жасанды интеллект элементтері қолданылған 3D модельдеу арқылы әзірленген.
Интерактивті сенсорлық панельдер келушілерге өзіне қызықты тақырыптарды өз бетінше зерттеуге мүмкіндік береді. Тарихи тұлғалардың өмір жолы, археологиялық олжалар, этнографиялық деректер, тарихи карталар мен диаграммалар заманауи тілде сөйлейді. Динозаврлар дәуіріне жасалатын интерактивті саяхат, жауынгерлердің айғайы мен барабандар үні Бұланты шайқасының атмосферасын сезінуге мүмкіндік беріп, музейге келген әрбір жанның қызығушылығын оятады. Ал тарихи тұлғалардың, қолөнершілердің, көпестер мен дәстүрлі өмір өкілдерінің гиперреалистік балауыз мүсіндері көрерменді белгілі бір дәуірдің ішіне енгізіп жібергендей әсер қалдырады.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі – инновация мен дәстүрді, ғылым мен өнерді үйлестіре білген бірегей мәдени орталық. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда берген бағасында атап өткендей, бұл музей – еліміздің өзге өңірлері үшін үлгі боларлық жоба. Ол ұлттық мұраны сақтаудың ғана емес, оны заманауи тәсілмен ұрпақ санасына сіңірудің жарқын көрінісі ретінде Сыр елінің рухани келбетін айшықтай түсті.
Эльзира Сағитжанова,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бөлім басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
