Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында халықтың қаржылық сауаттылығына, бюджет пен макроэкономикалық саясатқа ерекше назар аударды. «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы халықтың әлеуетін арттыру мәселесін көтерді. Түптеп келгенде Президенттің бұл бастамасының астарында халықты қарыздан құтқару керек деген ой жатқаны анық.
Президент макроэкономикалық саясатты қайта қарап, жаңартуымыз керектігін қаперге салды. Республика басшысы Жолдау барысында экономика салаларындағы реформалардың негізгі бағыттарын айқындап бергенін және оның бәрін табысты жүзеге асырудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық екенін атап өтті. Сондай-ақ қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру керектігін баса айтты.
– Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады. Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін сынға алды. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырғанын мәлім етті.
Қазақстан халқының банктер алдындағы берешегі жыл санап, тіпті күн санап артып отыр десек те болады. Сіз бен біз секілді бір айлыққа күні қарап отырған жандардың барлық қарызын қосқанда триллиондаған сома шығады. Көпшілік баспана алса да, баласын үйлендірсе де, тіпті үйіне бір мүлік алса да банктің көмегіне жүгінетін болды. Президент осы нәрсені меңзеп отыр.
Шынтуайтында, ел халқы банктерге қанша қарыз? Оның ішінде біз тұратын Қызылорда жұрты ше? Қолда бар деректерге жүгінсек, банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бойынша қарыз 2021 жылдың 1 желтоқсан деңгейіне 17838,2 млрд теңгені құраған. Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 7497,1 млрд теңге болса, жеке тұлғалар 10 341,1 млрд теңге көлемінде несие алған. Тарқатып айтқанда, халықтың несиесі 10 трлн 341 млрд 100 млн теңге болып тұр. Бұл – 2021 жылдың соңындағы көрсеткіш. Арада екі жылғы жуық уақыт өткенін ескерсек, халықтың банктер алдындағы берешегі бұдан да көп.
Біздің қолымызда 2021 жылдың желтоқсанындағы мәлімет бойынша Сыр өңіріндегі халықтың банктер алдындағы берешегі туралы да дерек бар. Қызылорда облысы бойынша 2021 жылдың 1 желтоқсан деңгейіне банктердің экономиканы несиелеу көлемі бойынша қарыз 362,5 млрд теңгені құраған. Оның ішінде жеке тұлғаларға берілген несиелер көлемі 36,%-ға артып, 304,6 млрд теңгені құрап отыр. Ал заңды тұлғалардың несиелері 9,4%-ға азайып, 58,3 млрд теңгеге жеткен. Жеке тұлғаларға берілген несие – сіз бен бізге, яғни жекелеген тұрғындарға берілген несие. Жеке тұлғалар алған несие көлемі 304,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл дегенің 304 млрд 600 млн теңге. 2021 жылдың соңындағы мәлімет осы деректерді алға тартып отыр. Ал енді биылғы дерекке ден қояйық. Бірінші несие бюросының 2023 жылғы қаңтардағы мәліметі бойынша, Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несие портфелі 28,3%-ға артқан. Президенттің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімі мен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттегені белгілі. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен халықтың қаржылық сауатын арттыру да маңызды.
– Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы атап өткен «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша біздің газетке «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева: «Мемлекет басшысы «Аманат» партиясының биыл жүзеге асыра бастаған «Қарызсыз қоғам» жобасына тоқталып, оның тиімділігін ерекше атап өтті. Алдағы кезеңдерде Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды», – деп пікір білдірген еді.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыру. Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды, шығынды оңтайландыруды әрі несиелік қарыздарды азайтудың қандай жолдары барын үйренеді. Шынында, халыққа керек-ақ бастама екен. Қазірдің өзінде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау сынды еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам азамат жоба қатысушысы болып үлгерді.
Президент корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керектігін де қаперге салды. Жолдауда экономикаға ақша керектігін, банктердің өткен жылғы таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтағанын, ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кеткенін атап өтті. Қазақстан Президенті банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелгенін жасырмады.
– Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ. Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр. Соған сәйкес заңдарға түзетулер әзірленіп, Мәжіліске енгізіледі. Депутаттардың оны мұқият қарауын сұраймын. Сонымен бірге банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру керек. Банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек. Мұның оңай еместігін, күрделі мәселе екенін түсінемін. Үкіметке және қаржы саласын реттейтін мекемелерге бір жылдың ішінде осы маңызды мәселеге қатысты өздерінің кесімді байламын айтуды тапсырамын, – деді Республика Президенті.
Жолдауда айтылған деректерге сүйенсек, банктерде «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтері бар екен. Осы деректі негізге алған Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін қаперге салды. Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырды.
Мемлекет басшысы «Ұзақ мерзімге арналған қаражат» нақты секторға барынша қолжетімді болу үшін бірлескен және синдикатталған несие беру тәсілін кеңінен қолдану керектігін де тапсырды. Сондай-ақ өнеркәсіп өкілдері мен кәсіпкерлер несиенің бәрін жұтып қоймауы қажеттігін, олар экономикамызды іс жүзінде әртараптандыруды қамтамасыз ететін сапалы жобалар ұсынуға тиістігін баса айтты.
Қазір елімізде 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Дегенмен мемлекет банктерге қолдау көрсетіп келеді. Осы ретте «қолдау банкке керек пе, әлде халыққа керек пе?» деген сауал туындайды. Нақты қандай банктерге көмек көрсетілгенін осы жылдың 26 сәуіріндегі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова баян еткен болатын.
Агенттік төрағасының айтуынша, банктерді қаржылай қолдау бағдарламасы 2017 жылы бекітілген.
– Қазір қаржылық тұрақтылық бағдарламасына қатысқан алты банк бар. Бұл бағдарламаны 2017 жылы Ұлттық банк бекіткен еді. Ол кезде банктердің шығыны, банктердің балансында стресстік активтердің жоғары деңгейі анықталған-ды. Осы проблемалық займдарға провизия жасау үшін, банктердің капитализациясын толықтыру мақсатында қаржылық тұрақтылық бағдарламасы қабылданды, – деді Әбілқасымова.
«Егемен Қазақстан» газетінің 12 мамыр күнгі санына шыққан Абай Аймағамбеттің «Борышы өтелмеген банктер» атты мақаласына да осы мәселе арқау болыпты. Осы мақалада 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank (көмек АТФ банк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», Halyk Bank және Bank RBK сынды қаржылық ұйымдар қатысып, жалпы сомасы 700,5 млрд теңге алғаны туралы дерек келтірілген.
Қазақстандағы банктер тығырықтан шығу үшін мемлекеттің көмегіне жүгінетін болса, демек салада бәсекелестік аз деген сөз. Сондықтан да Президент осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тарту керектігін жеткізді. Жалпы нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет екенін қадап айтты.
Қазақстан Президенті экономиканы қаржыландыру көздері жайлы сөз болғанда Ұлттық қордың қаражатын пайдалану қажеттігі туралы жиі айтылатынын да жасырмады. Несін жасырамыз, сарапшылар ұлттық қордың жинақтау және дамыту рөлінің арақатынасы жөнінде дауласып жатады. Әрине, қаржыны жинақтап, сақтау негізгі міндет болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражаты күтпеген сын-қатерлерге тап болған жағдайда қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге едәуір кепілдік беретінін де ұмытпауымыз керек. «Дегенмен Қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануға болады. Тіпті қазірден бастап соған жұмсау керек», – деген Президент Ұлттық қор әлден-ақ бірқатар ірі жобаны қаржыландырып жатқанын атап өтті.
Ал бұған республика жұрты не дейді? Қарапайым халық мемлекет Ұлттық қор қаржысымен есептессе де жұрттың несиесін толық жауып берсе деген ойды алға тартады. Несиеге әбден батқан, тығырыққа тірелген кез келген адамнан сұраса да осы ойда болары анық. Мұны жасырып қайтеміз? Бірақ неше жылғы жиғанымыз қарызды төлеуге жете ме? Міне, мәселе қайда жатыр? Халықтың қарызынан бөлек мемлекеттің қарызы аз емес. Бүгінде киетін киімі мен тұтынатын азық-түліктің өзін банк арқылы (каспи ред) алатын тұрғындар қарызға әбден батты десек те болады. Айлығы шайлығына жетпейтін, оның үстіне жұмыссызы да аз емес қарапайым жұрт қаржының тапшылығынан амалсыз банкке жүгінеді. Халықты мұндай күйден кім құтқарары белгісіз. Тек өйту керек, бүйту керек деп, көлгірсіп ақыл айтатындар азаймай тұр. Біз несие жайын сөз етіп, тұрғындарды әңгімеге тартқан едік…
– Қазір қымбатшылық белең алды. Базарға барсаң бір апталық азық-түліктің өзін алу үшін 50-60 мың теңге кетеді. Одан бөлек несиеміз бар. Бір айда аздап, үнемдеп тұтындық дегеннің өзінде азық-түлікке кететін қаржы 300 мыңнан асып тұр. Шынын айтқанда, несиені несие алып жабатын болдық қой, деді – Ләйлә Жұмабекова есімді қала тұрғыны.
Азамат Тұрсынбаев есімді азамат: «Менің өзім айына 200 мың теңге несие төлеймін. Айлығымды аламын да банкке беремін. Отбасымызды асырау үшін таңертең жұмысқа дейін және кешкісін жұмыстан соң таксист боламын. Әйтпесе жетпейді. Үйдегі бала-шағаға тамақ керек, киім керек дегендей. Азық-түліктің бағасын айтпағанның өзінде құрылыс заттары да қымбат. Бұл аздай жанармайдың да бағасы өсіп жатыр. Арты жақсы болса жарар еді, – деп табысы несиеден артылмайтынын айтты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта келе, қай бағытты ұстансақ та халықты қарыздан құтқару керек дегенді жеткізгіміз келеді. Ал оған экономикалық бағдары айқын Қазақстанның әлеуеті әбден жетеді.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!