Президенттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қарағанды облысында медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірдің жеті ауданында 51 медициналық нысан, атап айтқанда фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар және медициналық пункттер салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, арнаулы мемлекеттік қордан 5,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті қолжетімді ету және оның сапасын арттыру.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Нысандарды медициналық ұйымдардың балансына өткізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу және сондай-ақ заманауи жабдықтарды жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғындар енді медициналық көмекті анағұрлым жылдам әрі аудан орталығына бармай-ақ алуға мүмкіндік туғанын атап өтуде.
Заманауи медициналық пункттің ашылуы біз үшін үлкен оқиға. Бұрын аудан орталығына баруға тура келетін, ал енді бәрі жанымызда, – деді Нұра ауданы Қарой ауылының тұрғыны Күлкен Мұхамеджанова.
Жаңа медициналық пунктте жас маман Сабина Шульц жұмыс істейді.
Мұнда өте жақсы жағдай жасалған. Кабинеттер жарық, заманауи құрал-жабдықтар бар. Енді біз тұрғындарға жылдам әрі сапалы көмек көрсете аламыз, – деп атап өтті мейірбике.
Нұра ауданында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен барлығы 10 нысан – медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және бір дәрігерлік амбулатория салынды.
Тап осындай өзгерістер Бұқар жырау ауданында да болды. Мұнда қайтарылған активтер есебінен 13 заманауи медициналық нысан салынды.
Сондай-ақ қайтарылған активтер есебінен Ақтоғай ауданында тоғыз, Абай ауданында – сегіз, Осакаров ауданында – бес, Қарқаралы ауданында – төрт және Шет ауданында екі денсаулық сақтау нысаны салынды.
Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым салаларындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!