Жұма, 22 қараша, 00:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қала тазалығы кімге керек?

15.05.2021

3897 0

Соңғы он шақты жыл көлемінде қаланы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпта ұстау мәселесіне ерекше ден қойылып, тиісті шаралар қолға алынған еді. Әсіресе, желді аймақтың тазалығын сақтау басты талап болатын. Содан бері осынша уақыт өтсе де бұл мәселе күн тәртібіндегі өзектілігін жойған жоқ. Қазір Қызылорда таза қалаға айналды. Дегенмен түйткілді мәселе әлі де баршылық. 

Осы он жыл шамасында қала тазалығына жауапты «Қызылорда тазалығы» мекемесі тұрақты  жұмыс істеп келеді. Негізі 2013 жылы құрылған мекеменің қысы-жазы атқаратыны облыс орталығын мұз бен қардан, қоқыстан тазарту, одан бөлек көшелерді жуып, шаю, су себу секілді қызметі бар. Мұның бәрін атқарып жүрген техника мен тазалықшыларды қала көшелерінен кездестіру қиын емес. Десе де аталған мәселе әлі де бір жолға қойылмаған.

Иә, қала орталығының мұнтаздай тазалығымен барлық аумаққа баға бере алмаймыз. Себебі, қоқыс алаңына айналған аумақ  шаһарда жетерлік.

Тазалыққа қанша адам жауапты?

«Қызылорда тазалығы» қала бойынша тазалыққа жауапты арнайы техникасы бар мамандандырылған бірден-бір мекеме саналады. Мекеменің бүгінде 651 қызметкері, 137 техникасы және жауапкершілігіне берілген 800-ге тарта көшесі бар.  Аталған жұмысшылар мен техниканың барлығы дерлік қаланың санитарлық тазалығына міндеттелмеген. Алты жүзден астам адамның тек 130-ға жуығы ғана тазалықшы болса, 50 шақты техника қоқыс тиеуге арналған екен. Ал қаладағы 800 көшенің тап-таза тұруы осы жұмыс күшінің мойнында.

Мұндағы тазалықшылардың тірлігі таң атысымен қызады. Әрқайсысының белгіленген аумағы бойынша өз міндеті бар. Таңның атысы, кештің батысы бір тірліктің басында жүрсе де қоқыс көлемі азаяр емес. Неге?

Желідегі жел немесе «тазалықшылар қайда қарап отыр?»

Мәселенің мән-жайын «Қызылорда тазалығы» мекемесі мамандарымен бірге бағамдауды жөн көрген едік. Әрі мекеменің қордаланған мәселесі қандай? Нендей уәжі барын білуге тырыстық. Әдетте тиісті орындардың олқылығына тұрғындар шағымданушы еді. Бұл жолы тазалықшылар да қарапайым халыққа өкпелі сыңайлы. Әсіресе, әлеуметтік желідегі белсенділерге айтары бар көрінеді.

– Мекеме құрылған уақыт ішінде қала тазалығын сақтауда біршама тірліктер атқарылды. Еңбек нәтижесіз деуге келмес. Тазалықты сақтауда тынымсыз тірлік істелгенін айта кеткен жөн. Бірақ, кемшілік қай кезде де болатыны анық. Оны жасырмаймыз. Бірақ кемшілік қоқысты тазалаған сайын қоқысқа толатыны болып отыр. Өкінішке орай бұл мекеменің не тазалықшылардың дұрыс жұмыс істемеуінен дей алмаймын. Шаһардың санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті әрі үздіксіз жүргізіледі. Сонда да тазаланған аумақ әп-сәтте үйілген қоқысқа толады. Оны уақытында жинамаса айналаны бүлдіреді. Сосын тұрғындар шағымданады. Мекемеге ескерту келеді. Қызметкерлерге шағым түседі. Ол үшін қоқыс үйілген маңды суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялау жеткілікті. Қазір мәселеге терең бойламай, бірден тиісті орынды кінәлайтын әлеуметтік желінің белсенділері көбейді. Кейде солар тазалық сақтау – әрбір тұрғынның парызы екенінін неге түсінбейді деп те налимыз. Алайда жауапкершіліктегі жұмыс болғандықтан ешкіммен санаспай атқаруды жөн санаймыз, – дейді мекеменің заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Алтынбек Жақыпов.

Сала мамандарының айтуынша, қазір көпшілікке әлеуметтік желі – тазалық кепілі секілді көрінетін болған. Оған жоғарыда айтылғандай белсенді желі қолданушыларының қоқыс жиналған аумақты желіге жариялап, «тиісті мекеме не қарап отыр?» деген сынды пікір білдіруі себеп екен.

– Мәселен, тазалықшылар белгіленген бір аумақты тазалап өтті дейік. Олар кеткен соң, артынша бір тұрғын тағы да қоқыс тастап үлгереді. Сосын тағы бірі тастайды. Яғни белгілі бір кезде шығармай, кез келген уақытта тастай салады. Солай қоқыс қалдығы жиналып қалады. Ал мекеме қызметкерінің «Кім қашан қоқыс тастар екен?» деп күтіп отырмайтыны белгілі. Келесі аумақты тазалауға көшеді. Сол аралықта бізге қоңырау шалып, осы аумақтың қоқысы тазаланбады деп шағымданады немесе әлеуметтік желіге шығара салады. Соңында «Қызылорда тазалығы» мекемесі міндетін дұрыс атқармағандай болады, – дейді бөлім басшысы.

Қала тазалығы кімге керек?

Халықпен жұмыс істеу оңай емес

Қазір адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшейтіндей деңгейі бар. Сонда тұр­ғындарға «тазалықтың табалдырықтан басталатынын» түсін­діру соншалықты қиын болғаны ма?

– Кезінде тұрғындардың арызы негізінде кей көшелерге бәріне ортақ қоқыс жәшігі орнатылды. Заңдылығында ондай контейнер тек көпқабатты үйлердің алдына қойылуы керек. Ал жеке тұрғын үйдің жеке қоқыс жәшігі болғаны дұрыс. Сол арқылы мекемемен келісім-шартқа отырып, жәшіктегі қоқыс уақытында тазаланып тұрады. Бірақ бұған көбі келісе бермейді. Бірі үйімнен қоқыс шығармаймын, ендігісі басқа мекемемен келісімім бар деген сынды сылтау айтады. Шындығында тұрғын үй қоқысын жинайтын мекеме – тек «Қызылорда тазалығы» ғана. Оны айтсаң түсінбейді, кейде өзімізге жекіп тастайтын сәттер болады. Әрине талапқа сай келісімге келіп, қоқыс жәшігін орнатқан тұрғындар бар. Халықпен жұмыс істеу оңай емес, осындай түсініспеушіліктер кездеседі, – деген уәж айтты бөлім басшысы бізбен әңгімесінде.

Тазалық сақшыларының сөзінше, жұртшылық арасында «мекеме міндетті» деген көзқарас қалыптасқан. Осы таптаурын түсініктің салдары жауапсыздыққа әкелуде. Ендігі бұл түсі­ніктен арылып, қала тазалығын бір жүйеге келтіретін уақыт келген сияқты. «Қызылорда тазалығы» ЖШС заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Алтынбек Жақыпов қазір қаланы 11 аумаққа бөліп, тазалық жұмысын сол бойынша жүргізуді қолға алыпты.

– Пилоттық жобада тазалық сақтауда тұрғындармен тәр­тіп бойынша жұмыс істеу көзделуде. Яғни бағана айтып өт­кендей жалпыға ортақ қоқыс жәшіктерін алып тастаймыз. Тұрғындар үйінен шыққан қоқысты, тұрмыстық қалдықты жинап, ауласында ұстауы тиіс. Сосын белгіленген күні белгілі бір уақыт аралығында есік алдына шығарса, тазалықшылар жинап алады. Мұның  бәрі келісім-шарт негізінде жүзеге асады.  Мұндай қызметтің ақысы да белгіленген. Сондай-ақ бұрын келісім-шарт 1 жыл мерзімге жасалатын. Қазір оның мерзімін шектеусіз қылдық. Тек тариф бағасы өзгерсе ғана ескерту қағазы беріледі, – дейді ол.

Қалада бұл жоба бойынша бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тұрғындар да бар екен. Олар осы тәртіпке үйренген. Тазалықшылар оларды көпшілікке үлгі қылып та айтып жүр. Мәселен, қаладағы  Әбенов көшесінің бойы үнемі тап-таза тұрады екен. Көше тұрғындарының барлығы дерлік мекемемен келісім-шарт жасасқан. Нәтижесі де көз қуантарлықтай.

Шет аймақ – лас аумақ

Қала халқының бәрі Әбеновтің тұрғындарындай емес. Шет аймақтағы ахуалды айтуға ауыз бармайды. Әсіресе, Шанхай, КБИ шағын ауданының қоқысын азайту мұңға айналған. Оның қасында әл-Фараби, Гагарин қыстағының тұрғындары ұқыпты екен. Тазалыққа бей-жай қарамайтындарын байқатқан.  Айтпақшы, лас аумақтың қатарында қала ішінде орналасқан «Арай» шағын ауданы да бар. Халқымыз «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп біліп айтқан ғой. Ондағы бірқатар көше қоқыс алаңына айналған. Қазір осы аумақты тазартуда аталған жоба жүзеге асуда.

Қажет. Қажет емес?

Жоғарыда 11 аумақ бойынша пилоттық жоба іске асатынын айтқанбыз. Істің мәнісін түсіну үшін «Арай» шағын ауданына жол тарттық. «Қызылорда тазалығы» мекемесінің бөлім басшысы Алтынбек Жақыпов ондағы нағыз қоқыс полигонына айналған «Гүлдала» көшесімен таныстырды. Байқағанымыздай, көше қиылысы көпшіліктің қоқыс тастайтын орнына айналған.

Тазалықшылардың бұл маңды әлгінде ғана тазартқаны байқалады. Алайда біз барған тұста бір тұрғынның қап-қап қоқыс тастап жатқанына куә болдық. Мамандардың ескертуіне «қоқысты қазір өртеп жіберемін» деп құлақ аспады.

Күнқияш Айқараева осы көшенің тұрғыны. Біраз жыл көпқабатты үйде тұрған тұрғын жер үйге көшкенде таза ауада тыныстап, демаламын ғой деп келіп едім дейді. Алайда ол кісінің мұнысы арман екен.

– Денсаулығым сыр бере бастағасын осы маңға көшіп келдік. Жас келгенде кең үйде, кең аулада таза ауаны тыныстап отырғанға не жетсін. Бірақ бәрі мен ойлағандай болмады. Осы үйде тұрғаныма 9 жыл болды. Қоқыстан көз ашпадық. Жолдың қиылысында орналасқандықтан ары-бері өткендер қоқыстарын осы жерге тастай салады. Бұл біреудің есігінің алды, ұят болар деген ой жоқ. Күн ыстықта шығатын иісі бөлек, ит-құстың бәрі осы маңда жүреді. Қоқыстың небір түрін көріп, тастаған адам емес, мен ұяламын. Оған қоса ит шашып тастағасын көше бойы пакет, қағаз қалдығына толады. Тазалықтан келіп күнде жинастырады ғой. Соның өзінде артынша қоқыс тастап жатады. Кейде қоқыс тастағандарға ренішімді айтам. «Қоқыс тастайтын жер емес пе?» дейді. Өзіме ұрсады. Осыны айтып қала әкімдігіне шағымданған едім. Олар қоқыс жәшігін орнатуға уәде берді. Артынша екі жәшік қойып кетті. Бірақ бұрынғысынан бетер болды. Ақыр соңында тазалық мекемесіне айтып, жәшікті алдыртып тастадық. Оларға да ренжи алмайсың. Күнделікті тазалауының кемістігі жоқ. Нәтижесі болмаған соң не деуге болады. Бәрі адамдардың өзіне байланысты ғой. Ұят дегенді ұмытқан. Өзгенің мүлкін сыйлау жоқ. Біреудің есігінің алдына қоқыс тастау деген нағыз мәдениетсіздік қой, – дейді 80 жастағы кейуана.

Дәл мұндай алаңға айналған бірнеше көше бар «Арайда». Соның бірі –Кетебай Жүсіп көшесі. Бұл маңдағы бұрылыста да біршама қоқыс жиналып қапты. Тазалықшылар жинап әкетті. Осы сәтте көше тұрғыны бұрышқа жәшік орнатылса деген өтінішін жеткізді. Қоқысты қаңғыбас иттердің шашқанынан, жәшікте жиналып тұрғанын тәуір санайды. Алайда алдыңғы тұрғынның сөзіне сенсек, қоқыс жәшігі тазалыққа кепіл болмайтын секілді. Мұны тазалық сақшылары да растап отыр.

– Заңдылығында бұрыш-бұрышқа қоқыс жәшігін орнатуға болмайды. Бірақ тұрғындардың өтінішімен орнатылсын деген тапсырма келгесін орнатуға тура келді. Оның нәтижесіз екенін білсек те қарсы келе алмадық. Енді ақырындап орнатылған жәшіктерді алып тастаймыз. Оның тиімсіз екенін тұрғындарға да түсіндіру керек. Бағана айтылған пилоттық жобада осы мәселе ескерілген. Екі жаққа да тиімдісі – келісім-шартқа отырып, қоқысты белгілі уақытта ғана сыртқа шығару. Осыны жүйеге келтіру керек. Тараз, Шымкент қаласында да осы әдіспен жұмыс істейді. Тиімділігін дәлелдеген. Қаланың тазалығы – ортақ іс болғандықтан, осыған жұмыла кіріскен жөн сияқты, – дейді Алтынбек Жақыпов.

Шығыны шаш етектен

Мамандар осындай олқылықтың салдарынан мекеменің шығынға ұшырайтынын жасырмады. 600-ден астам қыз­меткерге берілетін жалақы, техникалық базаны жаңартуды айтпағанда, бұзылған көлікті жөндеу, одан басқа да қажет­тіліктер көп қаражатты талап етеді. Бір жинаған жерге бір­неше рет бару да шығынға әкеледі-мыс. Әу баста, мекемеге бөлінуі тиіс қаржы 500 млн теңге көлемінде белгіленіпті. Бұл көрсеткіш әлі күнге дейін өзгермеген. Сонымен бірге Қор­шаған ортаны қорғау министрінің 2008 жылғы 18 сәуірдегі №113 бұйрығына сәйкес әр адамның шығаратын қоқыс көлемі 1,1 коэффицент, ал қоқыс тығыздығы 0,19 деп көрсетілген. Сол тұстағы халық саны бойынша (2011 жылы қала халқы саны – 287 мың шамасында) жылына 60 мың тонна қоқыс шығару жоспарланған. Ал статистикалық мәлімет бойынша 2021 жыл­дың 1 сәуіріндегі көрсеткішімен қала халқының саны 323 мың­нан асады. Оған осынша жыл ішінде мөлтек аудандардың көбей­генін қосыңыз. Осының бәрін есептер болса, бюджеттен бөлінетін 500 млн теңге жұғым болмайтын көрінеді. Мекеме қызметкерлер жалақысын тұрақты бергенімен, салықтық түсімдердерді уақытылы орындай алмайды екен. Бұл да жы­ғылғанға жұдырық болғандай. Салықтық көрсеткіші төмен мекеме биыл тендерге қатыса алмапты. Сондықтан қазір қо­салқы мердігер есебінде. Оған қоса бюджеттік кіріс 50 про­центке азайыпты.

Бұл аз десеңіз, жуырда мекеме жекешелендіруден өтеді. Алда не болары белгісіз. Сол себепті өз күнін өздері көруі, бәсекелестік ортада қабілеттілігін танытуы қажет. Ол үшін жоғарыда айтқандай тұрғындармен келісімге келу шарт.

P.S. «Жайымды айтсам жасырмай, жағдайым менің осындай» дейді тазалық сақшылары. Шындығында тазалық – ортақ іс. Айналаңның таза болғаны саған да, тазалаушыға да жақсы емес пе? Ендеше тазалықты неге сақтамасқа? Әңгіме барысында мамандар халықтың су, жылу, жарық сияқты тазалықты да қажеттілік деп таныса екен деді. «Ақысы төленбесе жарықты қиып, су мен жылуды ажыратады» деп уайымдаған секілді, «айналам қоқысқа толады» деп те ойласа екен деген тілегі бар. Ал сіз қалай ойлайсыз?

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: