Жұма, 27 желтоқсан, 09:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қалай баспана алуға болады: Қазақстанда іске асып жатқан тұрғын үй бағдарламалары

13.06.2021

1856 0

Қазақстанда қолжетімді ипотеканы қалай алуға болады? Жылына екі процент мөлшерлемені кім ұсынады? Осы туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Әрбір адам өмірінде бір рет болса да «пәтер» мәселесіне тап болатыны анық. Қазақстандықтар үшін бүгінде түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қолжетімді. Мысалы, табысы төмен отбасылар 2% жылдық мөлшерлемемен баспана ала алады. Sputnik Қазақстан қазір жұмыс істеп тұрған тұрғын үй бағдарламаларына шолу ұсынады.

«Нұрлы жер»

«Нұрлы жер» – халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарлама. Ол жаңа пәтер, жеке үй сатып алуға мүмкіндік береді. Баспана дайын күйінде сатылады.

Ипотека бойынша жылдық мөлшерлеме – жылына 5% (қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%), бастапқы жарна – 20%-тен жоғары. Кредит беру мерзімі – 25 жылға дейін.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы жаңа нысандар baspana.kz порталына жарияланып тұрады.

«5-10-20»

Әкімдікте кезекте тұрған қазақстандықтар «Шаңырақ» («5-10-20») бағдарламасы бойынша баспана алуға үміткер бола алады. Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты.

Кредит бойынша мөлшерлеме жылдық 5%-ті құрайды, ең төменгі алғашқы жарна – 10%, қарыз мерзімі – 20 жылға дейін.

Отбасындағы әрбір адамның табысы соңғы алты айда 3,7 күнкөріс минимумынан аспауы керек. 2021 жылы отбасындағы бір адамның табысы 126 917 теңгеден аспауы керек.

Пәтерді әкімдік немесе құрылыс компаниясы салған кез келген жаңа тұрғын үй нысанынан сатып алуға болады. Сондай-ақ тұрғын үйді үлескерлік қатысу шарты бойынша алуға мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін құрылыс компаниясының Тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының кепілдігі болуы керек.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары үшін қарыздың ең үлкен сомасы – 18 миллион теңгеге дейін, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысы үшін – 15 миллион теңгеге дейін, ал басқа аймақтар үшін – 12 миллион теңгеге дейін (28 мың доллар).

Әкімдіктер ұсынатын кредиттік баспана бойынша баға параметрлері:

  • бір шаршы метр үшін 240 мың теңгеге дейін – Алматыда;
  • 220 мың теңгеге дейін – Нұр-Сұлтан және елорда маңында;
  • 200 мың теңгеге дейін – Шымкент және Алматы қаласының маңында;
  • 180 мың теңгеге дейін – Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды және Қарағанды облыстарында;
  • 160 мың теңгеге дейін – басқа аймақтарда.

«Алматы жастары»

«Алматы жастары» – жұмыс істейтін Алматы жастары (35 жасқа дейінгі) үшін баспана сатып алуға арналған жеңілдетілген тұрғын үй қарызын ұсыну жөніндегі бағдарлама.

Өтініштер мен құжаттар www.almaty-zhastary.kz сайтында қабылданады.

Шарттары:

  • қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 миллион теңгеге дейін;
  • пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5%;
  • бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%-і;
  • жаңа немесе ескі үй сатып алу мүмкіндігі.

Талаптары:

  • өтініш берген тұлғаның жасы 35-тен аспауы керек (құжат тапсырған сәтте);
  • өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда баспанасы болмауы керек (өтініш тапсырған сәтте);
  • ерлі-зайыптының тек біреуі ғана бағдарламаға қатыса алады.

Бағдарлама бойынша баспана алуға мына санаттағы қызметкерлер өтініш бере алады:

  • дәрігерлер мен медбикелер;
  • педагогтер мен тәрбиешілер;
  • әртістер, мәдениет саласының қызметкерлері және жазушылар;
  • бапкерлер мен спортшылар;
  • ЖОО және ҒЗИ ұстаздары мен ғылыми қызметкерлері;
  • әлеуметтік сала қызметкерлері;
  • журналистер.

«Орда» ипотекасы

Қазақстан тұрғын үй компаниясы (бұрынғы Қазақстанның ипотека компаниясы) серіктес банктер арқылы «Орда» ипотекалық кредиттеу бағдарламасын іске асырады.

Бағдарлама бойынша жаңа салынған немесе ескі үйлерді сатып алуға болады.

Бағдарлама шарттары:

Қарыз сомасы:

  • ең төменгі сома – 1 000 000 теңге;
  • ең жоғарғы сома – 65 000 000 теңге.

Қарыз беру мерзімі: 240 айға дейін (20 жыл).

Бастапқы жарна:

  • пәтер бағасының 30%-і (табыс көзін толық растаған жағдайда);
  • пәтер бағасының 50%-і (табыс көзін ішінара растаған жағдайда).

Бастапқы жарнаны жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепілмен алмастыруға болады.

Сыйақы мөлшерлемесі:

  • табыс көзін толық растаған жағдайда – жылдық 12%;
  • табыс көзін ішінара растаған жағдайда – жылдық 14%.

Ипотека алудың жеті қадамы:

  • Пәтер таңдау (жаңа немесе ескі үйлерден).
  • Ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін серіктес банкке құжаттарды тапсыру.
  • Банк бастапқы сұрыптауды өткізеді.
  • Банк қазақстандық тұрғын үй компаниясына өтінімді жолдайды.
  • Қазақстан тұрғын үй компаниясы өтініш берушінің кредит төлу қабілетіне бағалау жүргізіп, қарыз беру немесе өтінішті қабылдамау туралы шешім шығарады.
  • Банк ҚТК атынан келісімшарт жасайды.
  • ҚТК кепілді тіркегеннен кейін қарыз беріледі.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы

Отбасы банк «Ұмай» әйелдер ипотекасы» бағдарламасын іске қосты. Қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 12%-ті құрайды, қарыз сомасының 50%-і жиналғаннан кейін ол 3,5%-ке дейін төмендейді. Қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін, қарыз сомасы пәтердің бағалау құнының 85%-іне дейін, ал отбасының ең жоғарғы табысы 320 мың теңгеге дейін болуы керек.

Пәтерді жаңа салынған үйлерден немесе ескі үйлерден де сатып алуға болады. Меншігінде басқа жылжымайтын мүліктің бар-жоғы бойынша шектеу жоқ, екі қарыз алушыны қатыстыруға болады.

«Бақытты отбасы»

«Бақытты отбасы» – баспана алу үшін табысы төмен отбасыларға кредит беру бағдарламасы. Бұл бағдарламаға көпбалалы, толық емес, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасы қатыса алады.

Қарыз бойынша мөлшерлеме – 2%. Ең төменгі бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%-і. Қарыз беру уақыты – 20 жылға дейін. Қарыз сомасы – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда 15 миллион теңгеге дейін. Басқа өңірде – 10 миллион теңгеге дейін.

Жаңа салынған нысандардағы пәтерді, пайдаланылған пәтерді немесме жеке тұрғын үй сатып алуға болады. Алайда өтініш берген адам әкімдікте кезекте тұрған өңірден ғана баспана ала алады.

Мынаны білу маңызды: соңғы жарты жылда отбасындағы әрбір адамның табысы 3,1 күнкөріс минимумынан аспауы керек. 2021 жылы күнкөріс минимумы – 34 302 теңгені құрайды, ендеше отбасының әрбір мүшесінің табысы 106 336 теңгеден аспауы керек.

Баспана алу үшін:

  • әкімдікте кезекке тұру керек;
  • «Отбасы банк» бөлімшесінде тұррғын үй жинақтары туралы келісімшарт жасау керек;
  • тиісті құжаттарды ұсынып, төлем қабілеттілігін бағалаудан өту керек.

«Жас отбасы» бағдарламасы

Жақында ғана некеге тұрғандар да жылдық 6% мөлшерлеме көлемінде аралық қарыз ала алады. «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша кредиттеу мерзімі – 6-9 жыл, ал қарыз сомасы – 90 миллион теңгеге дейін. Кепіл зат – сатып алатын жылжымайтын мүлік.

Жаңа салынған пәтер немесе жеке үй немесе ескі үй сатып алуға болады. Сонымен қатар, үлескерлік қатысу шарты бойынша да алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ ақшаны тұрғын үйді жөндеуге, үй құрылысына немесе жер телімін сатып алуға жұмсауға болады.

Қарыз алу үшін ерлі-зайыптының бірі немесе екеуі де «Отбасы банкте» жаңа депозит ашып, кемінде бір жыл қаражат жинауы керек. Бағалау көрсеткіші бес проценттен төмен болмауы қажет. Кредиттік өтінімді ұсынған кезде баспана құнының жартысын жинап үлгеруге тиіс немесе сол сомаға жететіндей етіп қаражат құю керек. Депозит ашқан кезде некеге тұру уақыты үш жылдан аспауы маңызды.

«7-20-25» және «Баспана Хит»

«7-20-25» бағдарламасы бойынша дап-дайын жаңа баспананы сатып алуға болады. Алайда өтініш беруші тұлғаның атында ешқандай баспана болмауы керек. Мөлшерлеме – 7%, ең төменгі жарна – кемінде 20%-і, мерзімі – 25 жылға дейін. Бағдарлама мерзімсіз, 1 триллион теңге көлеміндегі соманы игергеннен кейін бағдарламаны жабу жоспарланып отыр.

«Баспана Хит» – жаңа немесе ескі үйлерді, сондай-ақ үлескерлік механизмі арқылы құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйді сатып алуға арналған ипотекалық бағдарлама.

Салынғанына 50 жылдан аспаған кез келген пәтер немесе жеке үйді немесе құрылысы жүріп жатқан баспананы сатып алуға болады. Тұрғын үй құны – 35 миллион теңгеге дейін. Қарыз беру мерзімі – 180 айға (15 жыл) дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 10,75%. Бастапқы жарна – 20%.

Бағдарлама 2021 жылы жабылуы мүмкін. Себебі 600 миллиард теңге (шамамен 1,4 миллиард доллар) көлеміндегі бекітілген лимит игерілуге жақын.

Әскери қызметкерлерге арналған ипотека

Тұрғын үй төлемін алатын әскери қызметкерлер немесе арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері үшін «Әскери баспана» бағдарламасы бар.

Келесі талаптар бойынша кредит рәсімдеуге болады:

Кредит беру мөлшерлемесі – 8%, кейіннен ол 3,5%-ке дейін төмендейді. Бастапқы жарна – баспана құнының 15%-інен 50%-іне дейін. Мерзімі – 25 жылға дейін.

Спутник Жаңалықтары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: