Жұма, 22 қараша, 08:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қалай кітап оқимыз?

01.03.2022

1186 0

Адамзат баласы әрқашан ілгерілеуімен, алға қарай жылжуымен ерекше. Әр күннен сабақ алып, жаңа дүниелерді үйрену арқылы адам өзін үздіксіз дамытып отырады. Осы даму жолында ең құнды дүние – кітап оқу. Кітап – адамның ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, өмірге деген көзқарасты, жаңаны танып білуге үйретеді. Десе де ақпарат пен техника қарыштап дамыған заманда адамзат осы бір құнды дүниеден қол үзіп бара жатқаны жасырын емес.

Бүгінгі қоғамда көпшілік кітап, газет-журналдан гөрі сымсыз құралдан ақпаратты лезде оқығанды қош көреді. Алайда мұның біреуі де кітаптың орнын баса алмасы анық. «Кітаптың бір парағындағы пайдалы ақпаратты алу үшін смартфонды бір сағат ақтару керек» деген жалған сөз емес. Іздеген кітабыңызды кітапханадан алуыңызға, арнайы дүкеннен сатып алуға, тіпті сол смартфоныңызға жүктеп алып оқуға болады. Міне, осы мүмкіндікті қалай пайдалану керек? Бүгін осы сұрақтың жауабын іздеп көрейік.

Расымен, кітап оқуға деген құлшынысыңызды ашу оңайға түспейді. Кейде кітаптың мағынасын түсініп отырсаңыз да оқуға деген құштарлық болмауы мүмкін. Кейбірі ғылыми тілде жазылған ақпаратты қабылдай алмайды. Одан бөлек кітап оқыған соң ойда ештеңе қалмауы мүмкін. Ал кітап оқу үшін, оның мағынасын түсіну үшін кітап оқуды жақсы көру керек. Ал кітап оқуға деген құштарлығыңызды ояту үшін арнайы тәсілдерді қолдансаңыз болады.

Ең алдымен кітаптардың тізімін дайындаңыз. Ол үшін желідегі тізімдерді пайдаланып, ішіне өз кітаптарыңызды енгізіңіз. Егер бұған дейін кітапты көп оқымаған болсаңыз алдымен шағын шығармалардан бастаған дұрыс.

Кейін кітап оқудың арнайы уақытын белгілеу керек. Уақытты текке өткізудің қажеті жоқ. Әр бос минутыңызды кітаптың бір бетін болса да оқуға арнаңыз. Одан бөлек әр кітапты оқып бітіруге уақытты белгілесеңіз көбірек оқуға себеп болады. Сол үшін өзіңізге түрлі атаулы күндерді белгілеп алыңыз. Мысалы, 2022 жылда 22 кітап, 50 жаста 50 кітап деген секілді.

Көп адам электронды кітаптан гөрі оның қағаз түрін оқығанды жақсы көреді. Егер оны сатып алу мүмкіндігі болмаса кез келген кітапханаға барыңыз. Ал кітапты оқығанда арнайы күнделік жүргізсеңіз болады. Онда кітапты қай күні бастағаныңызды, ішіндегі мағыналы сөздерді, кейіпкерлердің атын түртіп отырыңыз. Кейін бұл кітапты қайта оқыған кезде кітап туралы ойыңыздың қалай өзгергенін білесіз. Сонымен қатар күнделікте автордың қандай ой айтқысы келгенін, кітаптың мазмұнын қысқаша жазу да тиімді. Бұл алдағы уақытта оқыған кітабыңызды тереңірек түсінуге, сол арқылы есте сақтауға септігін тигізеді.

Өз достарыңызды да кітап оқуға үгіттеңіз. Бұл үшін сіз өз оқыған кітабыңыздың мазмұны мен қызықты тұстарын, түсінгеніңіз бен алған әсеріңізді бөлісіңіз. Осылайша олардың да қызығы артып, алдағы уақытта бірігіп оқыған кітаптарыңызды талқылай аласыздар.

Кітап оқуды әдетке айналдырған соң арнайы бір тақырыптағы, салаға арналған кітаптарды оқып бастаңыз. Осы арқылы сіз белгілі бір қасиетіңізді дамытасыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: