Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 00:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қалам шыңдаған талант

01.12.2020

1602 0

Иә, азаматтың арманы асқақ. Арман адамды адастырмайды, алдамайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұрсұлтан Мықтыбаевтың бала күнгі арманы мықты журналист болу еді. Жас өскін есейіп, ержетті. Ертуғанұлы елдің мұңы мен сырын бүкпесіз жазатын кәнігі журналист болып қалыптасты. Сол саласы бойынша сенім үдесінен шығып, соны серпін алды. Ал ендігі арманы қандай?

Жә, сонымен тұңғыш астана атанған аймаққа тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығын алып келген Нұрсұлтан Ертуғанұлы Мықтыбаев жайлы аз-кем сөз қозғайық.

Баспасөздегі бірінші қадам

Оның қалам ұстауы кездейсоқтық емес. Өйт­кені өзінің өсіп-өнген ортасы сөз ұстанған қасиет­ті Қармақшы ауда­ны болатын. Сондықтан да болар сымдай тартылған сырбаз жігіт жастайынан сөз қууға емес, сөз жазуға талпынды.

Алғаш аудандық «Қармақшы таңы» газетіне шағын мақалалар мен өлеңдері, эсселер беріп тұрды. Сонда аудандық газеттің сол кездегі жауап­ты хатшысы Бақыт Қаналиева бала бойындағы ұш­қынды байқап, содан жалын шығаруға бел буды. Нұрсұлтанға көңіл аударып, «Абайша айтсақ» тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін тақырыптар тапсырып тұрды. Ол да өз кезегінде уақытылы орындап отырды. Кейіннен редакцияның қызу тірлігіне кірісіп кетіп, мақала қатесін салыстыру, газет бет­теу секілді жұмыстарды қарап жүріп меңгерді, үйренді, ойына тоқыды. Әрине, мұның барлығы сабақтан тыс уақытта болатын. Мұнан бөлек республикалық «Ұлан» газетіне шығармалары шықты. Мектеп қабырғасында жүрген жасөспірімге бұл да үлкен шабыт сыйлады. Кейіннен облыстық «Сыр мектебі» газетінде жұмыс істеп ширыға түсті. Шапқан сайын тынысы ашыла түскен тұлпардай, жазған сайын жаттығып, жетіліп отырды. Сол табандылығының арқасында сүйекті мақалалар әзірлеп, оқырманның сүйіспеншілігіне бөленді.

Астанаға аттанды

Нұрсұлтан елмен бірге елордаға баруға бекінді. Ондағы ойы руханият ордасы саналған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық уни­верситетіне түсу болатын. «Талапты ерге нұр жауар» деген. Ол білім ордасының үздік студенті атанды. Жұмыс жасай жүріп, «БИКА» баспаханасында директордың орынбасары бол­ды. Содан соң «Атырау ақпарат» ЖШС-да интернет сайт редакторы, «Жайық пресс» медиа компаниясында бас директор кеңесшісі болып қызмет атқарды.

Ертуғанұлы елмен етене

Бүгінгідей технология дамыған дәуірде ақ­параттар ағыны толастар емес. Оның шынайы әрі дер кезінде елге жеткізілуі журналистке жауапкершілік жүктейді. Ал айтылған ақпараттың ақиқатын анықтап, жұртшылыққа жеткізуде жерлесіміз Нұрсұлтан нағыз еңбек пен ерліктің үлгісін паш етті.

Кешегі коронавирус індеті өршіп тұрған тұста әріптесіміз алғырлығымен алдыңғы топтан табылды. Күн-түн демей уақытпен санаспай үздіксіз жұмыс жасады. Ондағы мақсат елге дұрыс ақпаратты дер кезінде жеткізу еді. Шаршамады, шаршаса да ширақ қимылдап, шыдамдылық танытты.

Блок бекеттегі дәрігерлермен және құқық қорғау қызметкерлерімен қатар жүрді. Халықтың қи­налғанын көзбен көрді. Солармен бірге жаны ауырды, жүрегі сыздады. Дертке шалдыққандардың жанынан табылып, жан тебіреністерін жазуға талпынды. Оларға сөзбен дем беруді ойлады. Ауру­ханаларды қажетті құралдармен қамтамасыз еткен кәсіпкерлер еңбегін көрсетті. Ел амандығы үшін атсалысқан еріктілер еңбегін танытты. Онлайн жүйеде жұмыс істеген мұғалімдер мен мектептің жағдайын боямасыз жеткізді.

Қалам шыңдаған талант

Алғыс арқалаған азамат

Індет іркілген тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Бұл ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің өтеуіндей еді. Елі екшеп құрметтеген қаламгердің бұл таза еңбегінің жемісі мен жеңісі болатын. Мықтыбаев медаль алдым деп мастанбады. Мұны үлкен жауапкершілік деп түсінді.

Нұрсұлтанның марапаты мұнымен шектелген жоқ. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Үркер-2020» ұлттық байқауында бағы жанды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырған ұлттық бәйгеде «Жылдың үздік репортажы» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, «Үркер» естелік мүсіншесі және бір миллион теңгенің сертификатымен марапатталды.

Қалам шыңдаған талант

Келелі кездесу

Осы орайда облыстық жастар ресурстық орталығында «Тұлғаman» жобасы аясында кездесу өтті. Кездесуде журналист мамандығында білім алып жатқан студенттер мен  осы орталықтың «Тіл маманы» журналистер клубы мүшелері шара барысында көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, Нұрсұлтанның жаңа қырын ашқандай әсер қалдырды.

– Маған осындай құрмет көрсетіп жатқан жастар орталығына шын ризашылығымды жет­кіземін. «Үркер» ұлттық байқауына барлығы 159 өтініш қабылданып, оның 4-і ақтық сынға түсті. Соңғы кезеңде қазылар алқасы жасырын түрде дауыс берді. Нәтижесін байқадыңыздар. Бұл жетістік менің ғана емес, Сыр журналистикасының жеңісі деп білемін, – деді Н.Мықтыбаев.

Кездесуде Нұрсұлтан Ертуғанұлы жетістікке жетудің жеті құпиясы ол тек кітап оқу, іздену, еңбек­тену екенін ерекше атап өтті. Иә, сөз басында жаз­ғанымыздай Нұрсұлтанның ендігі арманы – отбасын құрып, ата-анасына қызметін көрсету. Журналистика саласының кемшін тұстарын жетілдіру.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: