Еліміздің соттары, ең алдымен, халықтың сенімінен шығып, сапалы қызмет көрсететін ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ететін тетіктерді іске қосты. Одан кейін ашу үстінде сотқа келгендерді біріне бірін жығып бермей, оларды сот залынан қол алыстырып шығаратын мүмкіндік пайда болды.
Оның артынан ағаттық жасағандарға қатаң жаза тағайындамай, қайта тәрбиелеуге, сот гуманизациясына, түрме халқының санын азайтуға жол ашылды. Мұнан өзге соттардың атқарып отырған ел игілігі жолындағы бастамалары өте көп. Тәжірибе олардың қажеттісін қалдырып, кемшін тұсын толықтырып, ал саяқ шыққанын күн тәртібінен алып тастап отыр.
Озық шыққан жобалардың бірі – тараптарды сотта татуластыру. Иә, медиация, бітімгершілік, партисипативтік рәсім – мұның бәрі қылмыстық істерде де қолданыс табуда. Себебі бүгінгідей заман жылдам алға жылжып, әлем қауырт дамып жатқан кезде, азаматтардың жанжалдасып, түрмеге қамалғанынан гөрі, келтірілген шығынның орнын толтырып, тараптардың кешірімге келуі маңызды.
Соттар бітімгерлік, медиация рәсімдерін қолдануды арттыру мақсатында тұрақты түрде кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Арнайы «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» деп аталатын ұзақ мерзімді бағдарлама жасады. Республика соттарының бастамасымен, жергілікті билік өкілдерімен бірге отырып, барлық дерлік өңірде билер кеңесін құрып, біраз дауларды солардың қарауына берді. Бітімгерлік жұмысын кәсіби медиаторлар мен судья-медиаторлар ғана емес, енді оны жүргізетіндер қатары көбейді. Дамыған елдерде даулардың 80-90 проценті бітімгершілікпен аяқталады. Біздің мемлекетімізде құрылып жатқан татуласу орталықтарының дауларды шешудің қолайлы алаңы екеніне нақты мысалдар келтіруге болады. Медиация институтын кеңінен насихаттауға шақырады.
Қанатбек Абдуллаев Амангелдіұлы,
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!