Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың қаңтары үшін берілетін зейнетақы бір ай ерте түсетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды, – деп хабарлайды kursiv.media
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде 2026 жылдың қаңтарының зейнетақы төлемдері 2025 жылдың 30 желтоқсанына дейін мерзімінен бұрын аударылатыны туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды», – делінген еңбек министрлігі таратқан ақпаратта.
Зейнетақы мен жәрдемақы төлеу бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.
«Индексацияны ескеріп, қаңтардағы зейнетақы төлемдері азаматтарға 2026 жылдың қаңтарында аударылады. Желтоқсанның зейнетақы төлемдері толық көлемде жүргізілді», – деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ министрлік жеке деректерді қорғау үшін хабарлама түрінде жіберілген сілтеме арқылы өтпеуге кеңес берді.
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы, мемлекеттік органдардың ресми парақшалары арқылы таратылады.
Айта кетейік, 2026 жылы ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
