Психикалық денсаулық орталықтарында 300 мыңнан аса қазақстандық есепте тұр. Алайда оларды емдейтін мамандар жетіспейді. Елде психиатрлар, психологтар және әлеуметтік қызметкерлердің тапшылығы байқалады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айна Мусралимова мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мусралимованың айтуынша, бұл сан халықтың 1,5 пайызына тең.
Біз адам қалай емделетінін және не емдейтінін көруіміз керек. Стационарларда медициналық көмек қалай көрсетіледі? Медициналық-әлеуметтік оңалту бар ма? Бұл бағыт бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде қандай деңгейде?» – деді ол.
Депутат психиатрия саласындағы мамандар тапшылығына да назар аударды. Нормативтерге сәйкес, бір психиатр-наркологқа 20 мың адам, ал бір бала психиатрына, психотерапевтке, психологқа немесе әлеуметтік қызметкерге 60 мың адамнан келеді.
«Қазір республика бойынша 202 штат қана жұмыс істеп тұр, бұл 163 нақты маман деген сөз. Бірақ кадр тапшылығы өте үлкен, 368 маман жетпейді. Оның ішінде 83 психиатр дәрігер, 69 бала психиатры, 81 психотерапевт, 60 психолог және 75 әлеуметтік қызметкер жетіспейді. Бұл сандар төмендетіліп көрсетілген деп ойлаймын!» – деді Мусралимова.
Ол кадр тапшылығы мәселесіне назар аударып, халыққа психиатриялық көмек көрсетудің тәсілдерін қайта қарауға шақырды.
Сондай-ақ, депутат Қазақстанда психологиялық қызмет туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Алайда құжаттың Парламентке қашан түсетіні әзірге белгісіз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!