Сенбі, 21 желтоқсан, 22:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қант қарбаласы

02.07.2022

1024 0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қант қатқа айналған уақыт болды. Дүкендерде азық-түлікті жан басына өлшеп берген кезде кейде қант жетпей қалатын, тіпті табылмайтын кездер де болмай қалмады. Сонда ауылда әрбір үйдің дастарханында қуырылған бидай тұратын. Майға бабымен қуырылған бидайдан тәтті ешнәрсе жоқ. Күтір-күтір етіп жегенді қызық көреміз бе, дастарханнан тұрып бара жатып та, уысымызға бидай толтырып алмай кетпейтін едік. Балалық шағымыздағы осы бір көрініс соңғы күндері қант іздеп сабылып жүрген елді көргенде санамызда қайта жылт ете қалды.

Ол кезде қант неге жетпей қалды, неге тапшы деген сауалға бас қатырмаған едік. Бұл жолғы қант тапшылығы неден туды деген қоғамның сауалына жан-жақты ізденіп, оқырманға нақты ақпарат беру – міндетіміз.

2022 жылдың ақпан айының соңында Ресей мен Украина ара­сындағы соғыс басталғаннан кейін елде қант мәселесі басталды.

Ресейде ақпан айының соңынан наурыз айының аяғына дейін қант­тың бір келісі 58-ден 78 рубльге жетті. Бұл баға қымбаттауын өндіріс шығындарының өсуімен, оның ішін­де логистика саласы да бар, сонымен қатар сұраныстың да өсе түсуімен байланыстырады.

11 наурызда Ресейде кедендік-тарифтік және тарифтік емес рет­теу жөніндегі үкіметтік кіші комиссия дәнді дақылдарды ЕАЭО елдеріне, сондай-ақ қант пен қант өнімдерін одақтан тыс елдерге шығаруға тыйым салды. Бір айдан кейін Беларусь қантты экспортқа шығаруға тыйым салды. Беларусь үкіметі бұл жағдайды ішкі нарықты қорғау мақсатында жасалғанын түсіндірді. Ал 14 сәуірде беларустік қант өндірушілер 2016 жылдан бері өзгермей келе жатқан қант бағасын көтерді. Олар қант бағасының қымбаттауын Ресейдегі қант қым­батшылығымен түсіндіреді. Қантты елден жаппай әкету бол­жа­мын жасаған сарапшылар талдауынан кейін қант бағасын көтерген. Бұл елдердегі «қант қарбаласы» Қазақстанға да әсер етпей қалмады. Елге ең ірі қант жеткізуші Ресейдің сыртқа қант шығаруға тыйым салғаны туралы жаңалықтан соң елде дүрбелең басталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің мәліметінше, 2021 жылы республикада ішкі қант тұ­тыну көлемі 532 мың тоннаны құрады, 2022 жылға болжам-550 мың тонна.

Министрліктің мәліметіне сүйен­сек, елдегі ішкі нарықтың қажет­тілігінің 10 проценті ғана отандық шикізаттан қант өндіру есебінен, қалғаны ЕАЭО елдерінен дайын қант жеткізу және қант шикізатын өңдеу есебінен қамтамасыз етіледі екен. Елдегі «Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі» қауымдастығының түсіндіруінше, жергілікті қант өндірушілер Беларусь, Ресей мем­лекетінің сыртқа қант шығаруға тыйым салу жағдайына алдын ала дайын болмағанын түсіндіреді. Қауымдастықтың айтуынша, бүгінде елдегі қант зауыттары шикізатты өңдеу жұмысымен айналысып, мүмкіндігінше ішкі нарықты қам­тамасыз етуге тырысуда. Елімізде қант қызылшасын өсіретін Алматы және Жамбыл облыстары. Осы өңірлерде қант қызылшасын өң­дейтін өндірістер де бар. 2021 жылы қант қызылшасының егіс алқабы 14,5 мың гектарды құрады, жалпы жиналымы – 332 мың тонна, өнімділігі – гектарына 275,5 центнер. «2021 жылы қант зауыттары 227 мың тонна қант, өзіміздегі қызылша шикізатынан – 35 мың тонна (6,6%), шикізаттан – 191,1 мың тонна қант өндірді, бұл Қазақстанның әлі де қант импортына тәуелділігін байқатады», – деп мәлімдеген қауымдастық өкілі.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі 2026 жылға қарай қант қы­зылшасының егіс алқаптарын тұтыну көлемінің 80% – не дейін арттыруды жоспарлаған. Мамыр айының ба­сында елде қанттың келісі 420-450 теңге болды. Бағаның өсуін электр энергиясы мен тасымалдау құнының қымбаттауымен байланыстырды. «Қант өндірушілер мен өнеркәсіптік өңдеушілер» қоғамдастығы ақ қант пен қант шикізатын бажсыз әкелуге квота алуға өтінім берді. ҚР кондитерлер қауымдастығы кәсіпорындарға 150 мың тонна мөл­шеріндегі квота шеңберінде қант импорттайтынын хабарлады, бұл өтінім берген барлық қатысушылар арасында бөлінген.

Кондитерлік салада қант тап­шылығы қатты сезіле бастады, себебі қант  негізгі шикізат екені белгілі. Тағы бір атап айтарлығы, бағаның өзгеруі  кондитерлік өнімнің өзіндік құнының өсуіне әкеледі.

Бұл жағдай отандық өндіруші­лердің импорттық кондитерлік өнімдермен бәсекеге қабілеті тө­мендейтінін жеткізді кондитерлер қауымдастығы. Кондитерлердің айтуынша, кәсіпорындарда 1 айға жететін ғана қор қалған. Алай­да олар жеткізудің әртүрлі мүмкін­діктерін, соның ішінде алыс ше­телдерді – Үндістан, Сингапур, Бразилияны қарастыруда. Бірақ жет­кізу 40 күннен асатындықтан қоймалар бос қалып, зауыт жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. «Зауыттардың тоқтап қалу қаупі жоғары. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігі өтініш берушілерге квота бөле отырып, жағдайды бақылайды деп үміттенеміз», – деп атап өтті кон­дитерлер қауымдастығы.

Мамыр айының ортасында Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі қанттың жеткілікті қоры туралы хабарлады: 14 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстандағы қант қоры 33 мың тоннаны құрады, оның ішінде тұрақтандыру қорларында – 5,4 мың, қоймаларда – 4 мың, сауда желілерінде – 18,7 мың. «Сондай-ақ қант зауыттарына ай сайын 15-20 мың тонна көлемінде өңдеу үшін шикізат әкелу үздіксіз жүзеге асуда», – деп хабарлаған министрлік. «Тараз және Көксу қант зауыттарында қант шикізатын үздіксіз жеткізу және өңдеу жүзеге асуда. Сондай-ақ, айдың соңына дейін өнеркәсіптік өңдеу үшін (кондитерлік өнімдер, сусындар және т.б. өндіру) және сауда желілеріне, ішкі тұтыну үшін ӘКК-ге ақ қант жеткізу басталады деп жоспарлануда, – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай.

Маусым айының басында ел­дегі кондитерлік өнімдердің ірі өн­дірушісі – шымкенттік «Рахат» зауытының тоқтап тұрғаны белгілі болды. Зауыт өкілінің айтуынша, қант жетсіпеушілігінен шілде айына дейін жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған. Компания қант өнімдерін, оның ішінде карамельдер мен ирис кәмпиттерін шығаруды тоқтатқан. Жалпы, қант тапшылығы қант өнімдерін шығаратын барлық кәсіп­орындарда байқалады. Алматы­ның тәтті сусындар шығаратын бірнеше кәсіпорнының өкілі қант қоры жеткілікті екенін, өндіріс жоспар бойынша жүріп жатқанын хабарлады. Соңғы бес жылда Қазақстан жылына 400 мың тон­надан астам қантты тұрақты импорттайды.  Соңғы жылдары жағ­дай өзгерді: 2020 жылы 489 мың тонна импорт кезінде әкелінген көлемнің 64% – і РФ-дан қант құрады, ол ҚР-ға бажсыз келеді, ЕАЭО-дан тыс елдерден келетін импортқа 35% тариф салынады. Ресейлік шикізат өндірушілердің проблемаларына байланысты ЕЭК 2021 жылғы желтоқсанда үшінші елдерден қантты бажсыз әкелуге квоталарды 2022 жылғы тамызға дейін, яғни 2022 жылғы егіннің ішкі шикізаты нарыққа түскенге дейін рұқсат етті. Бастапқыда квота 780 мың тонна деңгейінде белгіленді, оның 250 мыңы ҚР-да болды. Ресей Федерациясы қант шығаруды жапқаннан кейін, IEC квотаны 915 мың тоннаға дейін кеңейтті, оның 350 мыңы ҚР-ға тиесілі болды. Мамыр айында кондитерлер қауымдастығы өнеркәсіптік қайта өңдеушілердің қажеттілігін ескере отырып, квота­ларды екі есе ұлғайтуды талап етті. Еуразиялық қант қауымдастығы осы жылдың маусым айының басында алты ай ішінде (өткен жылдың желтоқсанынан бастап) квотаның игерілгені туралы бастапқы кво­таның 36%-і және кеңейтілген кво­таның 31%-і деңгейінде хабарлады.

15 маусымда «Ашық НҚА» пор­талында АШМ басшысының қант импорты туралы қолданыстағы бұйрығына өзгерістер жобасы пайда болды. Құжатқа сәйкес импорт жүзеге асырылуы мүмкін мер­зімдер кеңейтіледі: 31 тамыздан 30 қыркүйекке дейін. Квоталарға өтінімдер 1 шілдеден бастап бө­лінеді. Көп бөлігін қант зауыттары алады – шикі қант пен ақ қантты әкелуге квоталардың 85%-і (бұл ретте бір өтініш берушіге 30 мың тоннадан аспайды), қалған 15%-і ақ қантқа тиесілі және құрамында қант бар өнімдерді өндірушілерге арналған. Ресурстың бір өтініш берушінің қолында шоғырлануын болдырмау үшін АШМ 7 шілдеден бастап бөлінген квотаның нақты игерілуі туралы есептілік енгізеді. Сондай-ақ квота алған өтініш беруші сұратылған көлемнің кемінде 30% – і төленгені туралы және тауарды тиеп жөнелту фактісі туралы есеп беруге тиіс.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: