«Ақмешіт апталығы» – нарық заманымен бірге жасасып, алғашқы тәуелсіз газет ретінде өзіндік тарихи жолы бар, ескінің көзі, естінің сөзі сақталған үлгісіне сәйкес, шығармашылық шеберханасы саналды. Сондықтан маған дейінгі бас редакторлар өз деңгейінде қызмет атқарды.
Мен газетке 2020 жылы бас редакторлық еттім. Ең алдымен безендіруге байланысты барынша күш салдық. Сондай-ақ рубрикаларға назар аудардық. «Қияндағы танымал қандастар», «Бет қатталып жатқанда…» тағы басқа да өзгеріс енді.
Журналистік жедел топ құрылып, жаттанды әдеттен аттап, ауыл әкімдеріне ешбір ескертусіз ауыл өмірі туралы жан-жақты мақалалар топтамасы беріліп отырды. Бұл қызық, әрі кездейсоқ оқиға болатын. Кейбір ауыл әкімдері реніш білдіріп те жатты. Есесіне, жасандылықтан гөрі таза іс көрсеттік. Бұл басылымның таралымын едәуір еселеді.
Бір күні әлеуметтік дүкен туралы жазуға бет алдық. Әуелі «Құлагер» шағын ауданынан бастадық. Дүкен алдында кезек күткен тұтынушы баршылық екен. Біз тексеруші орган секілді дүкенге кіріп бардық. Сатушы сасқалақтап қалды да тауарлар түрін түсіндіріп бақты. Дәл осы мезет қыз жетектеген бір әйел: «Сіздер нағыз журналист болсаңыздар, менің сұрағым бар. Меніңше барлық тақырып газетте көтерілуі тиіс ғой, мына қасымдағы қызым балабақшаға барады. Кішкентай болса да сурет салғанды ұнатады», – деп ұялы телефондағы бірнеше фотоны көрсетті. Мен дереу оны жазып алдым да келесі нөмірге жариялап жібердім. Осыдан кейін не болды дейсіз ғой, әлгі әйел газетпен байланысты күшейтті. Тіпті өзі қызмет істейтін балабақша қызметкерлері түгелдей «Ақмешіт апталығына» жазылды. Бір мақаланың әсері осындай нәтиже берген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!