Есірткімен күрес – заманауи қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта облыста 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Операцияның мақсаты – есірткі құрамындағы өсімдіктерді өсіру фактілерін анықтау, жасырын егістіктер мен плантацияларды жою. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев хабарлады.
Есірткі өсірумен айналысқан 47 адам құрықталып, оның 24-і қамаққа алынды. Әскери тік ұшақ техникасымен 26 мәрте әуеден шолу жүргізіліп есірткі өсірудің 20 дерегі анықталды. Мобильді бекеттерде қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен есірткіге қатысты теріс қылықтардың 31 дерегі анықталды. Жалпы 10 345 түп сора өсімдігі анықталып, қыркүйек, қазан айларына дейін пісіп-жетілгенінде әр түптен шамамен 500грамнан есептегенде 5 тоннаға жуық марихуананың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Осылайша мыңдаған азаматтардың денсаулығы мен отбасылардың тағдыры қорғалды. Іс-шара аяқталғанымен бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады,- деді Серік Әбдімәуленұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
 
				 
					