Бүгін өңірлік және қалалық жалпыұлттық коалиция өкілдері Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының маңыздылығын түсіндірді. Басқосуға коалиция мүшелері Гүлшат Мұсаева, Қуат Шарабидинов, Асхат Шаукенбаев, Дәурен Сейтжанов, Асылжан Жаманқұл және Мұрат Жұмаділдаев қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа Ата заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, оның елдің саяси-құқықтық жүйесін жетілдірудегі рөлі туралы кеңінен пікір алмасты.
Жиында сөз алған Гүлшат Исақызы жаңа Конституция жобасында сот жүйесінің тәуелсіздігіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
– Әділ сот – құқықтық мемлекеттің басты тіректерінің бірі. Соттардың тәуелсіз жұмыс істеуі азаматтардың құқықтарын қорғауға және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қоғамдағы әділеттілік пен сенімді нығайтады. Сот жүйесінің тиімділігі – мемлекет дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Жаңа заң жобасы қолдау тапқан жағдайда «Миранда» ережесін енгізу де қарастырылып отыр. Яғни, бұдан былай азаматтар күдікті ретінде ұсталған жағдайда олардың құқықтары сол жерде толық түсіндірілетін болады. Сонымен қатар адвокаттар мен соттардың мүмкіндіктері теңестіріліп, азаматтардың бостандығын қорғау тетіктері жаңа деңгейге көтеріледі, – деді ол.
Ал Қуат Шарабидинов өз сөзінде еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басқалы тұрғанын атап өтті.
– Қоғамдық даму үдерістеріне жауап беретін, заман талабына сай келетін жаңа Конституция жобасы ұсынылып отыр. Бұл құжат тек заңдық акт қана емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат болып саналады.
Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің басты құндылығы – адам екенін айқындай отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты орынға қояды. Сонымен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріледі. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігі кеңейіп, қоғамдық бақылау күшейтіледі. Бұл демократиялық институттардың нығаюына және халықтың мемлекеттік шешімдерге деген сенімінің артуына ықпал етеді.
Сондай-ақ жаңа Конституцияда әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына ерекше назар аударылған. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларында мемлекеттің жауапкершілігі айқын көрсетілген. Бұл қадам еліміздің тұрақты дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді ол.
Басқосуда сөз сөйлеген Дәурен Сейтжанов жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктерінің бірі – азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту екенін айтты.
– Қазіргі қоғамда халықтың пікірі мен ұсыныстары мемлекеттік саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан жаңа Ата заңда өкілді демократия мен қоғамдық диалогты дамытуға ерекше мән берілген.
Бұл құжат билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі арасындағы өзара бақылау жүйесі жетілдіріліп, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артады. Сонымен қатар Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғаудың жаңа тетіктері қарастырылған. Бұл қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады, – деді ол.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өз ойларын ортаға салып, жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдірді. Жиын соңында ұйымдастырушылар тұрғындарды алдағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырып, әрбір азаматтың дауысы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
