Сәрсенбі, 27 қараша, 14:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Қарбалас тірлікте нәтиже бар немесе Нәлібаев мақтауға мұқтаж емес

10.06.2023

1363 0

Сәрсенбінің сәтті күнінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада Орталық коммуникациялар қызме­тінде баспасөз мәслихатын өткізді. Соңғы кезде Сыр өңірінде ауқымды жобалар жүзеге асып жатқаны жұртшылыққа белгілі. Ел мақтаған Сыр өңірінде қандай жобалар жүзеге асуда? Аймақ басшысы БАҚ өкілдеріне облыстағы қандай игі істерді баян етті? Бұл көп көкейіндегі сұрақ десек артық айтқандық емес. Аймақ басшысының Астана төрінде нендей жетістіктерді атап айтқанын саралап көрелік…

Ең алдымен Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы арқасында өңірде ел игілігіне қызмет ететін жобалар жүзеге асып жатқанын атап айтқан аймақ басшысы биыл 4 айда облысымызда әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динами­касына қол жеткенін жеткізді. Яғни ауыл шаруа­шылығының өнімі 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4, сауда көлемі 2,5, инвестициялар тарту 42,1, құрылыс көлемі 44 пайызға артқан.

Шикізатқа тәуелділікті қалай азайтамыз?

Шикізатқа тәуелділікті азайту – Сыр өңі­рінің ғана емес, ел экономикасындағы көкейтесті мәселе. Аймақ басшысы баспасөз мәслихатында бұл мәселеден айналып өткен жоқ. Өңір әкімі алға тартқан мәліметке сүйенсек, өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері қордың сарқылуы салдарынан мұнай өндіру 6,5 млн тоннаға азайған. Бүгінде жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, мұнай қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Шикізатқа тәуелділікті азайту мақсатында экономиканы әртараптандыру бағытында ірі жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы «Қармақшы құс» ЖШС, 36 мың тонна бие сүтін өңдейтін «Айғасар» ЖШС, 700 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін «Казах камел» ЖШС зауыты, 172,8 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін «Арал кварц» ЖШС жобалары жүзеге асуда.

Сонымен қатар өткен жылдың қазан айынан бастап шыны зауытының іске қосылуы да өңір экономикасына серпін беруде.

– Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тон­надан астам өніммен қамтамасыз етті. Биылғы 4 айда 3,5 млн текше метр шыны өнімі өндірілді. Зауыт өнімі республика өңірлеріне, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, және Ресейге экспортталуда. Шыны зауытының жанынан 32 млрд 800 млн теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылады. Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ құрылысы биыл басталады деп жоспарланған «Шалқия» кен орнындағы тау-кен байыту комбинаты да өңір эконо­микасы үшін маңызды жобалардың бірі. Ал «Баласауысқандық» кен орнында қара тақ­татасты автоклавты өңдеу бойынша тәжі­рибелік-өндірістік кешен жұмыс жасауда. Өткен жылы кешенде 454 тонна, биылғы 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп, Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталған.

Қызылорда – инвестиция тартудан көш басында

Аймақ басшысы атап айтқандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жалпы­ұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыпта­сып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілген. Өткен жылы құны 5 млрд 100 млн теңге болатын 4 жоба іске қосылса, биыл құны 13 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге аспақ.

– Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік бе­реді. Атап өту қажет, біздің аймақ инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады, – деді аймақ басшысы.

Шағын кәсіп ел экономикасын өрге сүйрейді

Аймақта шағын және орта кәсіпті дамыту жұмыстары да нәтижесін беруде. Аймақ бас­шысы алға тартқан цифрларды сөйлетсек, биылғы 5 айда кәсіпкерлікті қаржылай қол­дауға әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 1700 жобаға қолдау көрсетілген.

– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жыл басынан бері несие портфелі 8 млрд 600 млн теңгені құрайтын 168 жоба субсидияланды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 76 мың бір­лікті құрап, 33 пайызға ұлғайған. Жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 39,2 пайызға ұл­ғайып, 72,1 мың бірлікті құрады, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар Ел Президентінің тапсыр­масына сай өңірде жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайызбен 1 млрд 300 млн теңге жеңілдетілген несие берілген. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 454 жобаға жеңіл­детілген несие берілмек. Қосымша 19,5 млрд теңгеге салалық министрлікке 2756 жоба ұсынылған.

19 мың жаңа жұмыс орны құрылды

Жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы бұл мақсатта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап айтты.

– Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес 2022 жылы өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалды. Нәтижесінде жұмыссыздық дең­гейі 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыс­сыздық 4 пайызға тұрақтады. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендету жоспары бар. Өңірлік картадағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жетті, яғни 19 мың жұмыс орны құрылды. Оның 16 мыңға жуығы жаңа жұмыс орны, тұрақтысы – 6952, уақытшасы – 12055, – деді облыс әкімі өз баяндамасында.

Ата кәсіпке қолдау бар

Баспасөз мәслихатында аймақ басшысы сырбойылықтардың негізгі кәсібі саналатын ауыл шаруашылығын қолдау жайын баяндады.

Мәселен, саланы әртараптандыру мақса­тында мал азықтық дақылдар көлемі 2300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақыл­дары 222 гектарға, негізгі дақыл – күріш көлемі 5400 гектарға ұлғайған.

Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыр диқандарын мемлекеттік қол­дау мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» күріш өнімін форвардтық сатып алу келісілген. Келісімді тиімді іске асыру үшін Үкіметтің қолдауымен 1 млрд 200 млн теңге қаралған.

Аймақ басшысы атап айтқан жаңалық­тың бірі – бүгінде Украина ғалымдарымен бірле­сіп демонстрациялық алаң ашылуда. Негізгі мақсат – су тапшылығына байланысты тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы әртараптандыру бағытындағы дақылдар, кү­ріштің бірнеше сорттарын тәжірибе ретінде енгізу. Сонымен қатар Сыр өңірінде бақша дақылдарын егу үшін тұрғындарға арнайы жер телімдерін дайындап беру жыл сайын жүзеге асуда. Биыл да қала мен аудандарда 5488 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілген.

Сырдария жайы алаңдатады

Дария жағасында тіршілік еткен елдің әрдайым Сырдария жайына алаңдаулы екені рас. Аймақ басшысы баспасөз мәслихатында Сырдария жайын да атап айтты.

– Сыр өңірінің экономикалық және эко­логиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі өзен суымен тікелей байланысты. Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда  Арал теңізінің суы Солтүстік бөлігінің суы 8 млрд 500 млн текше метрге азайып кетті. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуалды біз Парламентте, Үкімет алдында үнемі көтеріп келеміз. Мем­лекетаралық келісімнің нәтижесінде өткен жыл ішінде теңізге 816 млн текше метр су келсе, биылғы жылдың 5 айында 1 млрд 600 млн текше метр су түсті.

Мемлекет басшысының қолауымен өткен жылдан бастап құны 4 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Көкарал» бөгетін сақтап қалу жобасы іске асуда. Оған 2022 жылы 500 млн теңге, 2023 жылы 1,9 млрд теңге бөлінді. Жоба келесі жылы аяқталады. Нәтижесінде «Көкарал» бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңіздегі су айналымы қалыптасады, – деді облыс әкімі.

Ауылдарды көркейтудің үлгісі

Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Сыр өңірінде ауылдарды көркейтудің жаңа үлгісі бар. Аймақ басшысы атап айтқандай, биылдан бастап «Үлгілі елді мекен» конкурсы өтпек. Бұл үшін облыстық бюджеттен 467 млн теңге бөлінген. Конкурс аясында «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» аталымы бойынша жеңімпаздар анықталып, 14 техника табысталмақ. Сонымен қатар жеңімпаз шағын аудандарға жарықтандыру, скверлер салынбақ.

Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан өңірде айырықша атап өтетін жаңалықтың бірі – «Сыр жастары» бағдарламасының қабылдануы. Бұл жас от­басы­ларды баспанамен қамту үшін жасалған мүмкіндік. Бағдарлама аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасына тұрғын үй беріледі. Бұған жергілікті бюджеттен 1 млрд 200 мың теңге, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн теңге, барлығы 1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлінген.

Жол, жылу, көлік жайы

Тұрмыс тіршілігімізде маңызды саналатын инфрақұрылым жайын жақсарту мақсатында ат­қарылып жатқан жұмыстар да баяндалды. Әсіресе аймақ үшін өзекті әрі маңызды жоба «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құры­лыс жұмыстары жүйелі жүріп жатқаны, орта­лықтандырылған жылу мәселесін шешу мақ­сатында жаңа жылу-электр орталығының ір­ге­тасы қаланғанын  БАҚ өкілдеріне мәлім­деді. Сон­дай-ақ облыс орталығында қоғамдық көлік қыз­метін жақсарту мақсатында 150 жаңа автобус әке­ліп, енді тағы 150 автотобус келетіні айтылды.

Жаңа жобалар аз емес

Аймағымызда биыл қолға алынған жаңа жобалар қатары аз емес. Бүгінде құрылыс алаңына айналған облыс орталығында құры­­лыс жұмыстары қыза түсті. Баспасөз мәслиха­тында айтылғандай, ел игілігіне қыз­мет етер жаңа әлеуметтік нысандар қатары аз бол­­майды. Тізбектеп айтсақ, 300 орын­дық көпбейінді аурухана, қан орталығы, перина­талдық орталық, физика-математика бағы­тын­дағы мектеп-интернат, көпсалалы дене­шынық­тыру-сауықтыру кешені, «Қайсар» фут­бол ко­мандасының заманауи стадионы, «Неке сарайы, «Өнер орталығы» және биыл 10 мек­тептің құрылысы басталатынын тілге тиек етті.

Билік пен бизнес бірлескенде…

Облыста кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асқан жобалар қатары аз емес. Бұл туралы баспасөз мәслихатында да айтылды.

– Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 30 млрд 100 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд тең­геге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа тер­миналы салынуда. Терминал 2024 жылы ма­мырда ел игілігіне табысталады. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтің демеушілігімен 1 млрд 500 млн теңгеге «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Жақында тамыз айында пайдануға беріледі. Жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің қолдауымен 1,5 млрд теңгеге орталық алаң жаңғыртылады. Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Демеушілердің қолдауымен Арал ауданы Тоқабай ауылында апатты мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңасы салынуда. Ол алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шекарасында демеушілік есебінен құны 230 млн теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды.

«ҚазГермұнай» ұлт­тық компаниясмен келі­сім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге замануи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құры­лысы осы жылдың шілде айында басталады.

«Балалар жылы» аясында аймағымыздың демеушілері 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салды. Өткен айдан бастап демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығында 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен жаңғыртылуда. 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылуда, яғни замануи спорт алаң­дары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңар­тылуда, – деді облыс әкімі.

Бүгінде Сыр өңірінде ел игілігі үшін ат­қарылып жатқан жұмыстар аз емес. Өңір экономикасына дем берер ауқымды жобалар, ел мұқтаждығын өтейтін әлеуметтік нысандар да көптеп салынуда. Бір сөзбен айтқанда, аймақтағы қызу тірлік, қолға алған жобалар нәтижесін мақтаусыз-ақ ел сезінуде. Елге қызмет етем дегендердің басты мақсаты да осы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: