1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы мен қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Орынша Міржақыпқызы қарияларға «Қарттарым елдің – данасы» тақырыбында мерекелік шара өткізіп, құрмет көрсетті.
– Жыл сайын біз халықаралық қарттар күнін атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Ел дамуына сүбелі үлес қосып, өскелең ұрпақ тәрбиесін назардан тыс қалдырмай бізге үлгі-өнеге көрсетіп отырған қарттарды кұрметтеу – біздің басты парызымыз. Өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тәрбиесі бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын қарияларымызды сыйлау, ізеттілік таныту ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз. Біз сіздерге әрдайым бас иеміз, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы.
Шарада ардагер ұстаздардың құрметіне мерекелік ән шашу айтылып, мерейлі жас иелеріне арнайы шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Орынша Міржақыпқызы қарттарға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, баянды бақыт тіледі.
Бағдарлама соңы мерекелік концертке ұласып, шәкірттер ән мен күйден шашу шашты. Ән лебімен арайланған төңірек ақ ниетті, ақ пейілді қариялардың мейірбан көңілдерінен шашылған шуақ тәрізді шырайланып тұрды.
Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қазыналы қариялар күш-қуаттарыңыз сарқылмасын, ел дамуы жолындағы берекелі бейнеттің зейнетін көріп, ұзақ жасаңыздар!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!