Бұл туралы Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуынша, халықтың шектен тыс қарызға бату мәселесі қайғылы жағдайға әкеп соғуда.
Әрине, адам несие рәсімдеген кезде оны қайтару мүмкіндігін де ескеру керек. Бірақ қаржылық сауаттылықтың төмендігінен бұған мән бермейміз. Несиеге белшеден кіру мен төлей алу мүмкіндігі болмағандықтан, қарыз алушылардың суицидке, қылмысқа баратын жайттары кездесті. Биыл несиесі бар 12 азамат өз-өзіне қол салып, өмірлерімен қош айтысқан. Олар: Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, БҚО, Қызылорда, Қостанай және Павлодар облыстарының тұрғындары. Қыркүйектің аяғында тағы бір осындай факт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белгілі болды, – деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол несиесін жабу үшін азаматтар қылмыс жасайтынына тоқталды.
Несиесі бар 40 азамат несиесін жабатын ақша «табу» мақсатында түрлі қылмыс: қарақшылық шабуыл, тонау мен ұрлық жасаған. Әрине, оларды ақтамаймыз, заң алдында тиісті жазасын алады. Дегенмен, ойланатын жайт, – деді Игорь Лепеха.
Еске сала кетейік, бұған дейін қостанайлық зейнеткер банк пен микроқаржы ұйымынан жеті несие алып, интернет-алаяққа 21 млн теңге аударғаны туралы жазған болатынбыз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!