Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өңірлік кәсіпкерлер палатасында маңызды дөңгелек үстел жиыны өтті. Шараға облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі, Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің филиал басшылары қатысты. Кездесуде Қаржылық мониторинг агенттігінің облыс бойынша қолма-қол ақшаға айналдыру жағдайына жүргізген талдауының қорытындысы талқыланды.
Жиынды департамент басшысы Аслан Кеңес ашып, қолма-қол ақшаға айналдыру әрекеттерінің қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ол бұл құбылыстың еліміздің қаржы жүйесінің ашықтығы мен тұрақтылығына тікелей әсер ететінін баса айтты.
– Мемлекет кәсіпкерлікті қолдау, салықтық және қаржылық тәртіпті күшейту бағытында ауқымды шаралар атқарып келеді. Алайда көлеңкелі экономика мен күмәнді қаржылық операциялар, соның ішінде қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру фактілері әлі де алаңдатып отыр, – деді ол.
ҚР Үкіметінің деректеріне сүйенсек, өткен жылдың соңында экономикадағы көлеңкелі айналым көлемі жалпы ішкі өнімнің 17,5%-ын құраған. Оның шамамен жартысы салық және кеден төлемдерінен жалтару, жалған шот-фактура жасау, қаржы пирамидалары, өнім мен қызмет көрсететін кәсіпорындардың қаражатын шетелге заңсыз шығару секілді әрекеттерге тиесілі. Ал өңірде көлеңкелі экономиканың үлесі құрылыс саласы 30%, ауыл шарушылығы 25%, сауда – 20% және басқалары 20%-ды құрап тұр. Бұл туралы жиында облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің талдау-әзірмелері бөлімінің басшысы Қайрат Ахметов мәлім етті.
Оның айтуынша биылғы жылдың алғашқы төрт айында облыс көлемінде заңды тұлғалардың қолма-қол ақшаға айналдыру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 млрд теңгеге азайған. Дегенмен, наурыз айымен салыстырғанда сәуірде бұл көрсеткіш 638 млн теңгеге артқан.
Талдау барысында «Халық банк» АҚ, «ForteBank» АҚ және «Jysan Bank» АҚ филиалдарында заңды тұлғалардың қолма-қол ақша шешуі былтырғыдан айтарлықтай көбейгені анықталған.
– Осы бағытта банктер қолма-қол ақша айналымын азайту үшін аударым арқылы төлемдерді жетілдіру, VIP клиенттермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және балама төлем операцияларын ынталандыру қажет деп санаймыз, – деді Қайрат Ахметов.
Жиында ҚР Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігінің Қызылорда өңірлік өкілдері басқармасының бас маманы Мұрат Сарманов кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, көлеңкелі экономиканың алдын алу және қаржы жүйесінің ашықтығын арттыру жолдарын талқылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!