Фото:psiholog194.blogspot.com
Өз туған қызын өлтіріп, қоқысқа көміп тастаған ана туралы жаңалық қоғамды дүр сілкіндірді. «Мына әңгіме рас болса, сұмдық екен…», «Ондайға тек жүрегі жоқтар ғана баратын шығар?» дегенді де естіп қалдық.
… Қоғам болған соң түрлі жағдай кездеседі. Бес саусақ бірдей болмайтыны секілді, адамдар да әртүрлі болады. Өйткені адамның бәрі бірдей мейірбан емес. Оның үстіне әрбір атқан таң жақсы хабар әкеле бермейді. Біреу әкесінен айырылып қайғырып жоқтаса, екінші біреу ұлын үйлендіріп, шаттыққа кенеліп жатады. Бұл – өмір! Өмір тек бақыттан, сәттіліктен, жақсы күннен тұрмайды. Оның да ақ пен қара, күн мен түн секілді күнгей мен көлеңкелі, ащы да тұщы сәттері бар…
Бұл Сырдың бас ақыны атанған, кезінде жырымен дүйім жұртты тамсандырған Махамбетқали Тұрсановтың ой толғамы еді. Марқұмның көзі тірісінде бірнеше рет сұхбаттасқаным бар. Сол сұхбаттың бірінде жалған өмірдің ақ пен қарасын, ащы мен тұщысын саралады.
– Көлікпен біреуді қағып, қашып кететін де адам, бір-біріне қол көтеріп, майып ететін де адам, басым болғысы келіп, өзгені менсінбейтін де адам, кісіні өлтіретін де адам, зорлық-зомбылыққа баратын да адам, ұрлық жасайтын да адам. Адам, адам, адам… Кейде адамдарды хайуаннан бетер қатігез бе деп қаламын. Ой, дүние-ай, десеңші, – деп біраз отырды да сөзін қайта жалғады.
– Бірақ адамның бәрі бірдей жаман болмайды. Жүрегі мейірімге толы, пейілі кең, айналасына жақсылық жасауға құштар, қолы ашық, жүрегі жомарт, Отанын шын сүйетін, саналы ғұмырын туған еліне арнайтын адамдар аз емес. Адамның бұлай бөлінуі әуел баста Адам атаның қос ұлы Қабыл мен Әбілден басталған жоқ па, – деген Махамбетқали Тұрсанов ескі әпсананы айта жөнелді.
Махаң есті әңгімелерді көп білетін, қисса-дастандарды тарқатып айта алатын жан еді. Адам атаның Қабыл мен Әбіл атты ұлы болғанын, екі бауырдың бір-бірімен араздасып қалып, ағасы інісін жазым еткенін айтты. Жай айтқан жоқ, тебіреніп, бүгінгі қоғаммен салыстырып әңгімеледі. Мұнан соң қазақтың шежіресі мен Сырдың бойындағы ақындар хақында әңгіме өрбітті. Ол – өз алдына басқа тақырып.
Бізді безбүйрек ананың жайы, қоғамдағы келеңсіз оқиға толғап еді, данышпан қарттың айтқаны да бірге еске түсті. Шынында, адамнан асқан қатігез де, адамнан асқан мейірбан да жоқ секілді. Бір қолымен дүниені құрып жатса, екінші қолымен құртып жатыр. Бүгінде адам жасаған игіліктен бөлек, қатігездік пен жамандық көбейіп бара жатқан сияқты. Айналаға ойлы көзбен қараған әрбір жан мұны түсінері анық. Өйткені алдап-арбау, бейкүнә сәбиді зорлау, өмірге енді ғана келген шақалағын көліктен лақтырып жіберу, туған баласын қоқысқа, әжетханаға тастап кету, жетімханаға өткізу, өмір бойы баққан, әлпештеп өсірген ата-анасын қартайған шағында қарттар үйіне тапсыру сынды жүректі ауыртар келеңсіз жағдай көп. Қайтейік… Жүрегіміз қан жылайды… «Адамның бәрі бірдей жақсы болса, жердің беті әлдеқашан жұмаққа айналар еді ғой» дегенді де естідік. Ой, дүние-ай, десеңші…
… Қатыгез болмаңдаршы, адамдар!
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!