Тұрақтылықты нығайту үшін жұмыстың тұралап қалмағаны игі. Сонда нәтиже нанымды болып, сенім де сетінемейді. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі қауіпсіздікке қырын қарамай, «Допинг» жедел-профилактикалық шарасын өткізді.
Басты мақсат – тыйым салынған заттарға тосқауыл қойып, күдікті деп танылған тауарларды мекемеге кіргізбеу. Іс-шараға полиция қызметкерлері мен арнайы үйретілген қызметтік иттер жұмылдырылды. Сотталғандарға әкелінген сәлемдемелер тексеріліп, қауіпсіз екені анықталды. Қатаң қадағалау барысында қызметкерлер қырағылықпен жұмыс істеді.
– Мекеме аумағында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Сондықтан, тексерістерді тиянақты ұйымдастырып, жүйелі түрде жүргізудің жөні бөлек. Әрбір сәлемдемені тексеру барысында полиция қызметкерлері мен қызметтік иттер заңсыз заттардың мекемеге кіруіне жол бермейді. Алдағы уақытта да аялдап қалмай, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді мекеменің жедел бөлім бастығы әділет майоры Медет Ізбасар.
Көңілде күмән болмаса, іс те ілгері басады. Демек, тыныштық пен қауіпсіздікті күшейту ылғи қаперде деген сөз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!