Қазалы ауданында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» аумақтық коалициясының өкілдері түрлі еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Осындай кездесулердің бірі Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің ұжымында өтті.
Кездесудің мақсаты – ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мазмұны туралы ақпарат беру және алдағы референдумның маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Жиынға аумақтық коалиция жетекшісі Ғазиз Әліш, сондай-ақ коалиция мүшелері Талайлы Бөріқұлақов, Нұрғиса Жалғасбаев, Абдуәли Рахметов, Әділбек Сарабеков, Темірбек Исмайлов, Күншығар Әбілов, Шакизада Асқарова және Ардақ Кәдір қатысты.
Кездесу барысында коалиция мүшелері Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы айтып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Аумақтық коалиция жетекшісі Ғазиз Әліш өз сөзінде Конституцияның мемлекеттің даму бағытын айқындайтын негізгі құжат екенін айтып, ұсынылып отырған реформалардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, кездесуде еңбек ұжымдарының қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі жөнінде пікірлер айтылды. Спикерлер түрлі салаларда еңбек ететін азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында ұжым қызметкерлері көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, алдағы референдум туралы ақпарат алғандарын жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
