Қазалы ауданында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күні аясында Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі Отбасылық демалыс саябағы ашылды. Жалпы аумағы 20 гектарды құрайтын абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізілген бұл кешенге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінумен қатар, аудан кәсіпкерлері тарапынан демеушілік жасалды.
Отбасылық демалыс саябағының ашылу рәсіміне аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет пен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ел ағалары және аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты. Шараға қатысушы қонақтар алдымен салтанатты түрде саябақтың лентасын қию рәсіміне қатысып, мәдени-демалыс кешенді аралады.
Мәдени-демалыс кешен «Жеңіс» саябағы және Отбасылық демалыс саябағы сынды екі бөліктен тұрады. Онда «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Ғашықтар» аллеялары және тамақтану орындары, спорт және балалар ойын алаңдары, аттракциондар, аквапарк, жасанды көлшік сынды нысандар жұмыс жасауда. Кешендегі «Тағзым» аллеясында қазақ халқының тарихын, батыр бабаларымыздың жүріп өткен ерлік жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету, дәріптеу мақсатында тарихи-мемориялдық ескерткіштер орналастырылған.
Сонымен қатар кешенге көгалдандыру және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында түрлі жеміс ағашатарымен қатар қарағай, аққайың, туя, үйеңкі, катальпа, сыр талы сынды 20 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.
Саябақты аралаудан кейін аудан басшысы мерекелік шарада жиналған қауымды абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріліп жатқан саябақтың ашылуымен құттықтады.
-Бүгінде Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында жасыл желектерді көбейту, аудан орталығының озық сәулеттік үлгісін қалыптастыру, заманауи келбетін айшықтау мақсатында көшелердің бойын, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, қас беттерін және саябақтар мен мәдени демалыс орындарын абаттандырудамыз. Ауданымыздың сәулеттік келбеті күн сайын жаңарып келеді. Баршаңызды бүгінгі аудан орталығындағы 40 жылдық тарихы бар саябақтың қайта жаңғырып, керемет мәдени-кешен, отбасылық демалыс саябағының ашылуымен құттықтаймын! Заманауи талаптарға сай жабдықталған саябақ ендігі аудан тұрғындарымен қонақтарының салауатты өмір салтын ұстануына, отбасы мүшелерімен бірге тиімді уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Жаңа әсем, заманауи кешеннің құрылысын сапалы жүргізіп, мерзімінде ел игілігіне пайдалануға берген – «Каз Элит Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі ұжымына және саябақтың абаттандыру және құрылыс жұмыстарына атсалысқан барша азаматтарға аудан жұртшылығының, Өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін, -деді аудан әкімі.
Мұнан соң саябақтың абаттандыру және құрылыс жұмыстарына атсалысқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Мерекелік шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов пен Қазалы ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Әлімбай сөз сөйлеп, аудан орталығында осындай керемет демалыс орнының ашылуына үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғыстарын жеткізді.
Мерекелік құттықтаулардан кейін, саябақтың жаңаша келбетін кіргізіп тұрған ең үлкен аттракцион іске қосылды. Сондай-ақ саябақтың ашылуына жиналған жұртшылық аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!