Қауіпсіз жол қозғалысы қауымдастығы Көлік министрлігін сотқа бермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, басқарма жол ақысы үшін ақшаны заңсыз жинап, қазан айынан бастап төлемді 20 пайызға көтеріп жатыр. Мамандар азаматтарға тегін балама жоқ екеніне наразы.
«Көлік министрлігі ақылы жолдардағы тарифті 20 пайызға көтеріп, кейін бағаны жыл сайын өсетін Айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстыруды жоспарлап отыр. Бірақ бағасы сапаға сәйкес келе ме? Біз бірауыздан жоқ дейміз. Ақылы жолға айналғаннан бері жолдар жақсара қойған жоқ: жолдарда шұңқыр көп, жол бойындағы қызмет көрсетілмейді, ал қыста жолдар нашар тазаланады», – дейді көлік жүргізушілері.
Сарапшылардың пікірінше, адамдар төлем жасау немесе жасамауды өздері таңдауы керек.
«Балама жол жоқ, ескі жолға тас жол салып, ақша алып жатыр. Бұл жалпы конституцияға қайшы екенін түсіну керек. Мүмкін, сотқа шағым түсірерміз. Ақылы жол болса, сапасы бірдей тегін жол болуы керек», – деді Қауіпсіз жол қозғалысы қауымдастығының президенті Әрсен Шақуов.
Көлік министрлігі де жаңа учаскелерде тек жүк тасымалы үшін ақылы жолдарды енгізу мәселесін қарастыруда. Экономистер бұл тарифтік бағаның жалпы өсуімен бірге тауарлар мен қызметтердің бағасына айтарлықтай әсер ететінін айтады.
«Біздің тауарлардың барлығы ірі қалалар мен елді мекендерге ақылы жолдар арқылы жеткізіледі. Баға осыдан еселеп өсетіні сөзсіз. Баға ет, сүт, ұн, көкөніс, біз арзан сатып алуға үйренген ірі көлемдегі тауарларға әсер етеді», – деді экономист Марат Абдурахманов.
Сондай-ақ, экономистер Еуропа елдері мен АҚШ-та ақылы жолдардың енгізілуімен көлік салығы мен жанар-жағармайға салынатын акциздердің алынып тасталғанын атап өтті. Өйткені, олар азық-түлік құнына да әсер етеді. Біздің елде мұндай өзгерістер жоқ. Бұл ретте Көлік министрлігі Қазақстанның транзиттік хабқа айналуына, автокөлік тасымалы көлемінің артып келе жатқанына байланысты бағаны көтеруді жоспарлап отырғандарын, бұл жолдарға қосымша салмақ түсіретінін айтады. Төлем есебінен олар жол бойындағы қызмет көрсетумен қатар сапасын арттыруды да жоспарлап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдарда жүру бағасының қымбаттауына қатысты мәлімдеме жасаған еді.
«Үш элемент өзгеріп жатыр. Біріншіден, біз бағаны 20 пайызға көтеріп жатырмыз.
Екіншіден, ақылы жолдармен жүру тарифін АЕК-ке байланыстырамыз, жыл сайын АЕК өскен сайын тариф те көтеріліп отырады. Үшіншіден, екі жолақты қозғалысы бар жаңа учаскелерде тек жүк көліктері үшін ақы төлеуді енгізу жұмыстары жүргізілуде», – деді министр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!