Танымал продюсер Баян Алагөзова шу болған «Қазақ аруы-2024» байқауына қатысты хабарлама жариялады. Бұл туралы ол өзінің Instagram-парақшасындағы сторисінде айтты.
Продюсер желіде жариялаған бейнеде байқаудағы дауыс беру жүйесі істен шыққанын мойындады. Ол провайдерлердің жарты миллионға жуық дауыс берушілерді көтере алмай, Telegram ботының дауысты қабылдамай қалғанын айтты. Сол себепті де «Қазақ аруы-2024» байқауының жеңімпазы қайта анықталатынын мәлімдеді.
«Қазақ аруы байқауына қатысты үлкен хабарлама жасағым келіп тұр. Біздің провайдерлер артылған жүкті көтере алмады. Бұл біздің кінәміз емес. Телеграм арна барлық дауыс берушілерді көтере алмады. Жарты миллионға жуық адам дауыс бергісі келген екен. Бұл байқаудың үлкен танымалдылыққа ие екенін білдіреді. Ұйымдастырушы ретінде провайдерлердің кінәсін мойнымызға алып, ертеңгі телеарнаға шығатын эфирде дауыс беруді қайта жасағымыз келіп отыр», – деді ол.
Продюсердің сөзінше, эфир қалай жазылды сол күйінде беріледі. Тек дауыс беру үшін 2,5 сағат беріліп, сілтеме жаңартылады. Телекөрермендер тікелей эфир барысында қайтадан дауыс бере алады.
«Тарихта бірінші рет қайтадан дауыс беру болайын деп тұр. Біз қашан да әділдік үшін шырылдаймыз. Бұл атаққа қайтадан Ақкербез лайықты болуы мүмкін немесе Ақкербез болмауы да мүмкін. Бәрі халықтың еншісінде», – деп қосты жоба продюсері.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!