Дін мен дәстүр – қашанда бір бірімен сабақтас ұғым. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып табылады.
Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар.
Қазақ халқының салт-дәстүрі мен ислам дінінің сабақтастығы – бұл екі жүйенің өзара үйлесімділігі мен бір-бірін толықтыруы. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көп жағдайда ислам дінімен үндесіп келеді, себебі ислам діні біздің ата-бабаларымыздың өмірінде ұзақ уақыт бойы маңызды орын алған. Қазақ халқының көп ғасырлық тарихында ислам діні мен жергілікті салт-дәстүрлердің өзара ықпалы байқалады. Ислам діні қазақ қоғамының моральдық-этикалық негіздерін қалыптастырып, дестүрлі әдет-ғұрыптардың ислам талаптарына сай ретелуіне ықпал етті. Дегенмен, қазақтардың ұлттық дәстүрлері мен мәдениетінде исламды толық қабылдауға дейінгі кезеңде қалыптасқан наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптар сақталды.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ислам дінінің арасында көптеген ұқсастықтар жоқ емес. Яғни мәдениеті мен дәстүрлері ұзақ уақыт бойы ислам дінінің ықпалымен дамыды, сондықтан кейбір әдет-ғұрыптар исламның моральдық және этикалық қағидаттарымен үйлеседі. Мысалы:
1. Құдайға деген сенім. Қазақ халқы ежелден бір Құдайға сенген. Ислам дінін қабылдағаннан кейін бұл сенім тереңдеп, исламның монотеизм идеясына жақындады. Қазақтың дәстүрлі наным-сенімдерінде де Ұлы Жаратушыға деген құрмет ерекше орын алған.
2.Қонақжайлық: Қазақтар үшін қонақ күтудің үлкен маңызы бар. Исламда да қонаққа құрмет көрсету, оларды жақсы күту маңызды. Қонаққа дәмді ас ұсыну, сыйлы болу – бұл екі мәдениетте де жоғары бағаланады.
3.Тазалық: Исламда тазалық сенімнің жартысы деп саналады. Қазақ халқы да тазалыққа көп мән берген. Мысалы, үйді таза ұстау, киімді тазалап кию, денсаулықты сақтау сияқты дәстүрлер де исламмен үндеседі.
4.Үлкенді сыйлау: Қазақ халқы үлкенді құрметтеп, оларға үлкен мән берген. Ислам дінінде де үлкендерге құрмет көрсету, олардың ақыл-кеңесіне құлақ асу маңызды саналады. Бұл дәстүрлердің екі мәдениетте де бірдей рөлі бар.
5.Некелік дәстүрлер: Қазақтардың дәстүрлі неке рәсімдері исламдағы үйлену ғұрыптарымен ұқсас келеді. Мысалы, некенің заңдылығын бекіту үшін екі жақтың келісімі мен куәгерлердің қатысуы маңызды.
6.Жақсылық жасау мен қайырымдылық: Қазақ халқының дәстүрінде адамдарға көмектесу, мейірімді болу маңызды болып саналады. Исламда да қайырымдылық жасау – мұсылмандардың парызы.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ислам діні арасында осы және басқа да ұқсастықтар қазақ мәдениетінің исламмен тығыз байланысын көрсетеді.
Қазақ халқының дәстүрлеріне исламның әсері көп болған. Мысалы, бұрынғы қазақ қоғамында бата беру, әруақтарға құрмет көрсету сияқты дәстүрлер ислам дінінің талаптарына сәйкес өзгертіліп отырды. «Құранды оқу» Қазақ халқының діни салттарының ішіндегі маңыздысы — Құранды оқу және оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Қазақтарда Құран оқылып, оны арнайы тағылымдарда, ас пен тойларда көпшілікке ұсыну — діни ғұрыпқа айналған. Дәстүрлі мерекелер мен исламдық мейрамдар. Қазақ халқының мейрамдары (Наурыз, Құрбан айт, Ораза айт) исламның маңызды мерекелеріменүйлесім табады, оларда дәстүрлер мен діни міндеттер қатар жүреді.Қазақтардағы жерлеу дәстүріде ислам ғұрыпына сай.
Қорытындылай келе, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ислам діні арасындағы сабақтастық өзара сыйластық пен үйлесімділікке негізделген. Бұл екі жүйе бір-бірін толықтырып, қазақ қоғамының рухани және мәдени дамуына ықпал еткені мәлім.
Жұлдыз Сатыбалдиева,
Қызылорда облысы дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!