Бүгін қаламыздағы №211 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте «Тілге бойлау: «Тіл білімі мектебі» жобасы аясында «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тілінің пән ретінде оқытылуы мен ғылым тілі болып қалыптасуы» тақырыбында республикалық конференция өтті.


Конференцияға Алматы мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Сейсенбекұлы Қапалбек, актер, әнші, «Ахмет.Ұлт ұстазы» телехикасында басты рөлді сомдаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Мақұлбекұлы Есенәлиев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Мәделханұлы Абасилов, Қызылорда облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Сырым Құрманғазыұлы Асқаров, Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының» КММ директоры Мартана Қонысбекқызы Дәулетбаева, «Сыр Медиа» ЖШС бас директоры Марат Жайылханұлы Аралбаев және білім саласының өкілдері, мұғалімдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияға келген қонақтарға ең алдымен мектепте ашылған ғылыми зерттеу орталықтарының жұмысымен танысты. Ұлтының тілі мен мәдениетін, әдебиетін сүйіп оқыған балалар «Қобыланды батыр» дастанын жатқа айтып тұр. Кез келген оқушыны орнынан тұрғызып сұрасаң, жырды жалғастырып әкетеді. Сонымен қатар ұлттық дәстүр мен ұлттық ойынды да жетік білетінін байқадық.
Ұлт ұстазы атын иемденген білім ордасындағы бүгінгі конференцияның да маңызы бөлек. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға қадам жасауды мақсат еткен конференцияда А.Байтұрсынұлы медалінің иегері Бижомарт Сейсенбекұлы «Жаңартылған бағдарламадағы қазақ тілі пәнінің мақсаты және білім мазмұны» тақырыбында баяндама жасаса, «А.Байтұрсынұлының сөйлем жүйесіне қатысты ғибратынан» тақырыбында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы, «Ақымет Байтұрсынұлының қоғамдық-шығармашылық және ғылыми қызметінің Қызылорда кезеңі» тақырыбында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Абасилов Аман Мәделханұлы, «А.Байтұрсынұлы «Әліппесіндегі» ұлттық құндылықтар» тақырыбында ақын, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері, түркітанушы (PhD), Алаш мұраларын зерттеуші Әділет Ахметұлы баяндама жасап, қатысушыларға тың мағлұмат берді.
Конференцияны түйіндеген №211 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп директоры Айжан Алимова бүгінгі жиынның «Тіл білімі» тірек мектебіне берері мол екенін атап өтті.

– Конференцияға қатысып, келелі ой-пікір бөлісіп, мазмұнды баяндама жасаған баяндамашыларымызға, тіл жанашырларына және барлық қатысушыларға үлкен алғыс білдіреміз. Шарамызды ұлт маңдайына біткен, туған тіліне деген құрметі жоғары болған Ахмет Байтұрсынұлының «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деген сөзімен аяқтаймыз, – деді ол.


Конференцияның келесі бөлімі «Ғылымдағы Ахмет – өнердегі Ахмет: тіл тағдыры мен тұлға тағдыры» тақырыбында жалғасты. Жиында конференция қонақтары оқушылармен кездесіп, пікір алмасты.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!