Бүгіннен бастап Қазақстанның шетелдегі мекемелері шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруді тоқтатты. ЖСН беру бойынша пилоттық жобаның мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еліміздің Ресейдегі Елшілігінің хабарлауынша, шетел азаматтарына Қазақстанға келмей-ақ мемлекеттік қызметтер мен сервистерді онлайн түрде алуға мүмкіндік беретін eResidency бағдарламасы енгізілген. Бұл бағдарлама арқылы ЖСН бар цифрлық жеке куәлік алуға болады.
eResidency бағдарламасы шетелдіктерге Қазақстанның бизнес-мүмкіндіктері мен онлайн-сервистеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді:
– Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бар цифрлық ID-карта алу;
– Қор нарығына, криптобиржаларға, қазақстандық нөмірі бар eSIM-ге қол жеткізу;
– Электрондық цифрлық қолтаңба мен сақтандыру қызметтерін рәсімдеу;
– Қазақстандық карталарды пайдалана отырып, онлайн банк шоттарын ашу;
– Салық резиденті мәртебесін және төлем жүйелері арқылы эквайринг алу мүмкіндігі.
ЖСН алу мәселелері бойынша шетел азаматтарына ресми сайтқа жүгіну ұсынылады, онда толық ақпарат қолжетімді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
