Астанада өткен халықаралық конференцияда Еуропа кеңесінің Адам құқықтары және құқықтың үстемдігі жөніндегі бас директораттың кооперациялық бағдарламалар дивизиясының басшысы Джиованни Баттиста Челиенто сөз алып, адамның қадір-қасиетін қорғау, соның ішінде жабық мекемелерде отырған адамдардың құқықтарын сақтау – демократиялық қоғамдардың басты өлшемдерінің бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адам құқықтары күнінде сөйлеген Челиенто 77 жыл бұрын Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданғанын еске салды. Бұл құжат қазіргі халықаралық құқық қорғау жүйесінің негізін қалаған.
Оның қағидаттары бүгін де өзекті. Бостандықтан айырылған адамдарға мемлекет қалай қарайтыны – оның адам құқықтарына, құқықтың үстемдігіне және демократиялық стандарттарға деген шынайы ұстанымының ең айқын көрсеткіші, – деді ол.
Еуропа кеңесінің өкілі ұйымның 75 жыл бойы осы қағидаттарды сақтап, оларды мүше елдерде және одан тыс жерде ілгерілетіп келе жатқанын атап өтті. Қазақстанмен ынтымақтастықтың негізінде ортақ түсінік бар: тиімді институттар, қадағалау тетіктерінің жұмыс істеуі және халықаралық стандарттарды сақтау – адам құқықтарына бағдарланған орнықты жүйе құрудың негізгі алғышарты.
Челиенто бүгінгі конференцияны ұйымдастырудағы Еуропа кеңесінің рөлін ерекше атап өтті. Бұл жұмыс Қазақстан омбудсменінің институционалдық әлеуетін күшейтуге бағытталған арнайы жоба арқылы іске асырылып жатыр. Оның айтуынша, тәуелсіз әрі тиімді омбудсмен институтын қолдау Венециялық принциптер мен халықаралық тәжірибеге толық сәйкес жүргізілуде.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Ұлттық превентивтік механизм қамаудағы орындарды мониторингтеу, жүйелі проблемаларды анықтау және қажетті реформаларды алға жылжытуда маңызды рөл атқарады. Олардың қызметі мемлекеттік институттардың ашықтығын, есептілігін және қоғамның сенімін арттырады, – деді Челиенто.
Пенитенциарлық жүйені реформалау жөнінде сөз қозғаған ол ұстау жағдайларын халықаралық стандарттарға сай қамтамасыз ету – техникалық емес, ең алдымен моральдық және құқықтық міндет екенін атап өтті. Бұл – азаптауға және адамды қорлайтын қарым-қатынасқа абсолютті тыйым салу қағидатынан туындайтын талап.
Оның айтуынша, Еуропа кеңесінің тәжірибесі, атап айтқанда, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың прецеденттері мен Азаптаудың алдын алу жөніндегі Еуропалық комитеттің ұсынымдары – Қазақстан үшін нақты практикалық бағдар бола алады.
Халықаралық стандарттардың негізінде жатқан қағидаттар әмбебап: адамның қадір-қасиеті, сәйкестік, заңдылық және есептілік, – деді ұйым өкілі.
Сөзінің соңында Челиенто Адам құқықтары күні – тек ойлануға ғана емес, нақты әрекетке шақыратын күн екенін атап өтті.
Шынайы прогресс принциптер іс жүзінде жүзеге асқанда ғана болады. Әр адам, оның мәртебесіне қарамастан, құрметке лайық және лайықты қарым-қатынас көруі тиіс, – деді ол.
Еуропа кеңесі Қазақстанмен адам құқықтарын қорғау ұлттық жүйесін нығайту бағытындағы серіктестікті жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Барлық қатысушыларға жемісті жұмыс және Қазақстанда адам құқықтарын ілгерілетуге нақты үлес қосатын нәтижелер тілеймін, – деп аяқтады ол сөзін.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
