Сенбі, 21 желтоқсан, 21:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қазақстан – бөлінбейтін біртұтас мемлекет

29.04.2023

1565 0

Қазақтың жеріне көз алартқандар бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да болары айқын. Бұл сөзімізге дәлелді алыстан іздемей-ақ кәрі тарихқа үңілсек жетіп жатыр.

Алаш баласының атамекеніне орыс пен қытай да, хиуа мен қоқан да, қалмақ пен жоңғар да көз тіккен. Тіпті тәуелсіз елміз деген бүгінгі күннің өзінде ресейлік шовинистер Қазақстанның солтүстігін өздерінің жері екенін айтуда. Соңғы жылдары бұл мәселеге байланысты дау деуге келмейтін сыпсың жиілеп барады. Масқара болғанда Петропавлдағы сепаратистер Қазақстан билігін мойындамайтынын жариялады.

Бұл мәселе қайдан шықты, неден басталды? Кеңестік кезеңде Мәскеу билігі тың игеру деген желеумен еліміздің солтүстік өңірлеріне өзге ұлттарды көптеп қоныстандырды. Олардың басым көпшілігі орыс тілділер еді. Несін жасырамыз, дәл сол тұста «Целина – дальная руская земля» деген ұран болды. Тың игеруге келгендердің санасына осы ұран әбден сіңді. Тіпті кинотуындыларда ән болып шырқалды. Сәл болмағанда солтүстік өңірлерден айырылып қала жаздадық. Қайта Құдай қазақтың бағына Жұмабек Тәшеновтей ерді берген екен. Қазақ жерінің тұтастығын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан Тәшеновтің арқасында солтүстігіміз өзгелерге берілмеді.

Қазақстан өз алдына дербес, тәуелсіз ел болса да көршіміз баяғы әуенінен айнымапты.  Бұрын марқұм Жириновскийді «айтақтататын». Кейін Никонов пен Федеров қосылды. Ол аздай Эдуард Лимонов деген пайда болды. Осы есімі аталғандардың бәрінің бірдей айтқанын мысал етпесек те Никоновтың сөзін назарға алуды жөн санадық.

Ресейлік саясаткер Вячеслав Никонов «Бірінші арнаның» «Большая игра» бағдарламасында: «Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда бұрын мүлде ел қоныстанбаған. Олар болған, бірақ оңтүстікке жақын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы – Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы», – деген еді. Осы бағдарламадан кейін әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары қарсы пікірлерін жаудырып жатты. Сол сәтте Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылып, Вячеслав Никоновтың Қазақстан аумағы туралы мәлімдемесіне байланысты ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталды. Қазақстандық саясаткерлер де қарсылық танытып жатты. Соның бірі – Мұхтар Құл-Мұхаммед. Ол «Бұл не: надандықтың айбаты ма, саяси инфантилизм бе, әлде екі халық пен мемлекет арасына сына қағуды көздейтін қасақана әрекет пе?» деп сауал тастап, Қазақстан аумағын қазіргі қазақтардың ата-бабасы ерте заманнан мекен еткенін еске салған.

Біздің саясаткерлердің бұл әрекетінен ыққан, тайсалған көр­шіні байқамадық. Қайта керісінше жымысқы ойын тереңдете бастаған сияқты. Оқырман назарын halyq-uni.kz сайтына 2022 жылдың 1 маусымында жарияланған Дастан Жұмабекұлының «Елімізде се­паратистер бас көтере бастады» атты мақаласына аударғанды құп көрдік. Мақалада сепаратистердің солтүстік өңірлерді Ресейге қосу­ды мақсат етіп отырғаны туралы мәселе көтерілген.

– Соңғы күндері Telegram және Vkontaktе әлеуметтік желісінде «Целинный край России» де­ген сепаратистік пиғылдағы аккаунттар қайта бас көтере бастады. Олар ел-елге, жер-жерге «Целинный край вернется в свою Отчизну» деген жалаң ұран тастап, әпербақан мәлімдеме жасап, ұлтаралық араздықты қоздырып, елдің ішіне іріткі салып келеді, – деп жазылған материалда.

Дастан Жұмабекұлы келтірген деректерге сүйенсек, сепаратистік қозғалыстың әлеуметтік желідегі парақшалары 2021 жылдан бері арандатушылықпен айналысып келген. Анығын айтқанда, олар Telegram және Vkontaktе желі­лерінде Қазақстанның тәуелсіздігі мен оның аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін, қазақтың тарихы, мәдениеті мен өнерін кекететін, елімізді барлық этнос өкілдері алдында жеккөрінішті етіп көр­сеткісі келетін материалдар жариялаумен және жинаумен айналысқан.

– Қозғалыстың парақшаларын­да Қазақстанның ежелден бері келе жатқан тарихи жерлері де бұрмаланып жазылып жатыр. Мысалы, солтүстіктегі бес облы­сымызды жалпылай Тың өлкесі (Целинный край) деп атаса, Павлодар облысын – «Павлодарская Республика», Ақмола облысын – «Акмолинская Республика», Шығыс Қазақстан облысын – «Алтайская Респуб­лика» деп оларға өмірде жоқ құ­ры­лымдардың аттарын қойған, – дейді Д.Жұмабекұлы.

halyq-uni.kz сайтындағы мате­риалды мысалға алғанымыздың өзіндік себебі бар. Петропавлдағы «Халықтық кеңес» ұйымын құрып, ашықтан-ашық Қазақстан тәуелсіздігін мойындамаймыз де­гендерді көпшілік ұмыта қойған жоқ. Дәл осылардың әрекеті «Целинный край России» сынды сепаратистік пиғылдағы аккаунттар жүргізген жұмыстың жемісі секілді көрінеді бізге. Бұлардан бөлек талай жанның санасы уланып жатқан шығар?.. Ол жағы Құдайға ғана аян.

Дәл қазір «Целинный край России» сынды аккаунттар арқылы әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізгендердің ақпараты Қазақстанда таратылмайды. Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің талабы бойынша біздің елде олардың барлық материалы бұғатталған. Дегенмен ғаламторда солтүстік өңірлерді жеке-жеке республика деп бедер­лейтін туларының суреті жүр. Бұлардың жазбаларын ғана емес, суреттерін де Қазақстан аумағында көрсетпеуге күш салу керек секілді. Сурет те ақпарат бере алатынын ұмытпау қажет.Әйтпесе «Қазақстан тәуелсіздігін мойындамаймыз» дейтіндер тағы шығуы мүмкін…

Петропавлдағы «Халықтық кеңес» ұйымына қатысты мәселе Парламентте де көтерілді. Осы жылдың 6 сәуірінде Еgemen.kz-те жарияланған материалда біз көтерген мәселеге қатысты алғашқы сауалды депутат Ерлан Саиров жолдағаны жазылған. Мәжілісменнің айтуынша, бұл оқиға еліміздегі құқықтық сана мен қоғамдық үдерістер саласында фундаменталды проблемалардың бар екенін көрсетеді. Бас про­курор Берік Асыловқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетітінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа, Премьер-министр орынбасары Алтай Көлгіновке қатар жолдаған депутат сауалында шұғыл шешім қабылдауға шақырды.

ВAQ.KZ-тегі 5 сәуір күнгі ақпаратта «Ақ жол» фрак­циясының мүшесі Қазыбек Иса Премьер-министр Әлихан Смайылов­қа өзекті мәселені көтеріп, сауал жолдағаны туралы дерек келтірілген. Депутат сауалы Петропавлда «Халықтық кеңес» ұйымын құрған сепаратистерге қатысты болды.

«Биыл 19 наурызда Петро­павлда 19 сепаратист «Халықтық кеңес» ұйымын құрып, Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары «қылмыстық іс қозғалды» деген болар-болмас хабар таратты. Оған дейін жарты ай өткенше олар қайда қарап келген?», – деді халық қалаулысы.

Іnbusiness.kz 18 сәуірде «Петро­павлда сепаратизмді наси­хаттады деп күдікке ілінген «Халық кеңесі» тобының ұйы­мына қатысты сараптама нәтижесі шықты. Топтың үш белсендісі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу әлі аяқталған жоқ», – деп хабарлады СҚО прокуратурасына сілтеме жасап. «Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда және жи­налысқа қатысқан басқа тұл­ғаларға қатысты объективті және жан-жақты құқықтық баға берілетін болады», – делінген Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы таратқан хабар­ламада. Бұдан бөлек қамауға алынғандардың Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық-процестік Кодексінің 128-бабы тәртібінде  ұсталғаны және уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы мәлімет келтірілген. Бұл баптың санкциясымен он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыру түрінде баламасыз жазалау қарастырылған.

Бұл оқиғаның немен бітерін, тергеу нәтижесі қалай боларын уақыт көрсете жатар. Бірақ біз Қазақстанның бөлінбейтін әрі біртұтас мемлекет екенін көптің көкейіне қайта салғымыз келеді. Біздің бұл ойымызды қолдайтын басқа этнос өкілдері жетіп ар­тылады. Себебі олар өздері тұра­тын елдің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтейді. 

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: