«AMANAT» партиясы азаматтардың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған сервистік қолдау жүйесін іске қосты. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы, партия төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Онда «Қарызсыз қоғам», «Әкімдер мектебі» және «Ауыл аманаты» жобаларының нәтижелері мен жаңа мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ерлан Қошановтың айтуынша, партияның басты мақсаты – азаматтардың тек ағымдағы мәселесін шешу емес, олардың тұрақты табыс табуына және өз ісін бастауына жағдай жасау.
«AMANAT» партиясының сервистік моделі өз тиімділігін дәлелдеп, Президенттің Әділетті Қазақстан құру бағытын жүзеге асыруда нақты құралға айналды», – деді партия Төрағасы.
Партиялық жобалар нәтижесі:
«Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы биылдың өзінде 770 мыңнан астам адамның қарызын реттеуге көмек көрсетілді. Азаматтарға берешегін қайта құрылымдау, шектеулерді алып тастау және банкроттық рәсімдері бойынша тегін заңгерлік көмек беріледі. Сондай-ақ адамдар қаржылық сауаттылық курстарынан өте алады.
«Әкімдер мектебі» жобасы аясында 1800 ауыл әкімі оқудан өтті, жыл соңына дейін тағы 500 әкім оқуын аяқтайды. Бағдарлама ауыл экономикасын дамытуға, инвестиция тартуға және кооперативтер құруға бағытталған.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы құны 600 млрд теңгені құрайтын 12,7 мың инвестициялық жоба іріктелді. Бұл бастама 490 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтып, 111 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Партияның «Қарызсыз қоғам» call-орталығы күніне шамамен 4 мың азаматтан қоңырау қабылдайды. Мұнда заңгерлер, медиаторлар мен қаржы кеңесшілері халыққа қарыз мәселесін шешуге көмектеседі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
