Қайта жаңарту жұмыстарына байланысты 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап «Тәжен» өткізу пункті үш айға жабылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
«ЕАЭО-ның сыртқы шекарасында орналасқан кеден бекеттерінде Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарадағы 9 автомобиль өткізу пунктін толыққанды жаңғырту жалғасып жатыр. Өзбек тарапымен келісім бойынша (ноталар алмасу арқылы) жеке тұлғалардың «Тәжен» өткізу пунктін кесіп өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап 3 айға бекетті қайта жаңарту кезеңінде жеке тұлғалардың өтуі, сондай-ақ жеңіл автокөліктің, автобустардың және 3,5 тоннаға дейін жүк көлігінің өтуі «Тәжен» (ҚР) – «Даут Ата» (ӨР) өткізу пункттері арқылы уақытша тоқтатылады», – делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, осыған байланысты жеке тұлғалардың, жеңіл автокөліктердің, автобустар мен 3,5 тоннаға дейінгі жүк көліктерінің ағынын Қазақстан-Өзбекстан шекарасында орналасқан келесі өткізу пункттері арқылы қайта бөлінеді:
- «Б.Қонысбаев» (ҚР) – «Яллама» (ӨР) өткізу пункттері (жеке тұлғалар, жеңіл автокөлік құралдары, автобустар және 3,5 тоннаға дейінгі жүк автокөлік құралдары);
- «Қапланбек» (ҚР) – «Зангиота» (ӨР) өткізу пункттері (жеке тұлғалар, жеңіл автокөлік құралдары, автобустар);
- «Сырдарья» (ҚР) – «Малик» (ӨР), «Целинный» (ҚР) – «Ок Олтин» (ӨР) өткізу пункттері (жеңіл автокөлік құралдары, жеке тұлғалар);
- «Бейнеу» (ҚР) – «Каракалпакия» (ӨР) теміржол өткізу пункттері (теміржол көлігімен жеке тұлғалардың өтуі).
«Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін өткізу пункттерінің инфрақұрылымы жақсарады, жеке тұлғалардың шекарадан ыңғайлы өтуі және тауарлар мен көлік құралдарының шекарасында мемлекеттік бақылау түрлерін сапалы жүргізу үшін барлық жағдай жасалатын болады», – деп қосты комитет өкілдері.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!