Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киік берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киік беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Қытайдың батыс бөлігінде жерсіндірілетін ақбөкендер көрші елдегі осы жануардың популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізбек, − деп жазылған хабарламада.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бұл шешім үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді, себебі Қытай киік популяциясын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі бүгін осындай тапсырма түскенін және мәселені пысықтап жатқанын жеткізді. Айта кетелік киік санын реттеу іс-шаралары күзде басталуы мүмкін екені туралы жазған едік.
Киік санын реттеуге, аулауға қатысты ғалымдардың биологиялық негіздемесі әлі дайын емес. Дәл осы құжатқа, сәйкес, киіктің белгілі бір санын аулау мәселесі көтеріледі.
Сондай-ақ, аңшыларға тек аналық киікті атуға рұқсат бекітілуі мүмкін.
Ал Батыс Қазақстанда суға батқан 560-тан астам киіктің өлексесі жойылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!